Жаңалықтар

ОҚО әкімі Шымкент активімен танысты

ашық дереккөзі

ОҚО әкімі Шымкент активімен танысты

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласының активімен кездесіп, қала əкімі жəне оның орынбасарларының бүгінге дейін атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады. Алқалы кездесуде қала әкімі өңір басшысына қалаға қарасты мемлекеттік құрылымдардың басшыларын таныстырып, Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі бес жылдық даму тұжырымдамасы жобасындағы бірқатар мәселелер мен жаңа бастамалар туралы баяндады.

Өз кезегінде, аймақ басшысы облыстың өсіп, өркендеуі әрқашан қаламен тығыз байланыста екенін айтып, Шымкенттің əлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, облыс əкімі Шымкент шаһары туристік аймақ болып табылатындықтан, қаланың сырт келбетіне айрықша көңіл бөлу қажеттігіне тоқталып, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті мен бей-берекет орналасқан жарнамалық бидбордтарды ретке келтіруді жүктеді.

Жиынды қорытындылаған облыс əкімі қалада білім, ғылым, мәдениет салалары бойынша көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Шымкентті болашақ үшінші мегаполиске айналдыру бойынша жүктеген міндеттерін əрмен қарай бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі