Жаңалықтар

Қандастарға арналған қалашықтың құрылысы басталды

ашық дереккөзі

Қандастарға арналған қалашықтың құрылысы басталды

Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады. Олардың айтуынша, Өткенде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласымен шектесетін Ақмола облысы, Аршалы ауданының аумағында қандастарға арналған агроқалашықтың құрылысы басталғанын хабарлаған едік. Содан бері айға жуық уақыт өтті. «Асар» әдісімен қолға алынған құрылыс жер телімдерінде болашақ тұрғындардың өз күшімен салынуда. Бүгінде ол жерде үш-төрт коттедждің іргетасы қаланып, өзге де үйлердің құрылыс жұмыстары бастады. Жалпы, барлық құрылыс талаптарына сай деңгейде жұмыс жүргізілуде. Тұрғындардың арасында кәнігі құрылысшылар мен арнайы мамандардың болуы, жұмысты біршама жеңілдетіп отыр. "Бұл – Елбасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Н.Назарбаевтың шетелдегі қандастарды тарихи отанына әкелу, қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарының тұрғын үй мәселелерін шешу және жаңа жұмыс орындарын құру туралы тапсырмасы аясында қолға алынған ауқымды іс. Бұған дейін құрылыс салынатын жерді рәсімдеу мен тиісті құжаттарды реттеу шаралары жүрді. Жер телімдері иелері есебінен 35 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар жасалды. Әрине, бұл шараларды реттеуге екі-үш жыл уақыт кетіп қалды. Оның үстіне былтырғы індетке байланысты карантин бір жыл уақытты «жеп» қойды. Осындай кедергілерден өтіп, енді ғана шеттен келген және оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған қандастарымызға баспана салуға мүмкіндік туып отыр. Аталған қалашықта болашақта барлығы 1 282 отбасыға арналған коттеджд салынуға тиіс. Қалашықтың ішіне көше-жол, кәріз және су құбыры желілері сияқты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілу үшін республикалық бюджетте қаражат қарастырылды. Шағын ауданның су мен кәріз желілерін сыртқы желіге қосуды жобалау, сондай-ақ, электроэнергия және газ желілерін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу мәселелері қазіргі уақытта шешілмей тұр. Бұл жұмысқа Аршалы ауданының әкімшілігі байқау жариялап, тез арада жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға кірісуі тиіс. Осы мәселелердің тезірек шешімін табуға ықпал етуін өтініп, Ақмола облысы әкімі Е.Маржықпаевқа хат жолданды. Дәл осындай жоба Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударатын қандастарымыз үшін Түркістан облысының Келес аймағында қолға алынған. Онда әзірше жер телімдерін рәсімдеу шаралары жүргізілуде. Келесте шағын аудан салу үшін 300 гектар жер және ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 180 гектар суармалы жер бөлу туралы мәселе шешілді. Мұнда да қандастарды тұрғынүймен және ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бағытындағы жұмыстармен қамту қарастырылған. Қазір әлемді жайлаған індет жағдайында қойылған шектеулерге байланысты ол жақтағы тарихи отанына оралуға ынта білдірген қандастарды елге әкелу біршама қиындықтар туғызып отыр. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы РҚБ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков осы шаруаны тиянақтау үшін үнемі екі аймақта іссапарда жүреді. Кеше Нұр-Сұлтан қаласына оралысымен бірден Қауымдастық қолға алып отырған «Тұрғын үй және жұмыс» қағидаты бойынша салынып жатқан агроқалашықтың құрылыс басына келді. Ондағы құрылыс барысын өзі қадағалап, басы-қасында жүр. Үлкен қолбайлау болып тұрған нәрсе – елдегі қымбатшылық. Аз ғана уақытта құрылыс материалдарының бәрі 50 пайызға бағаларын көтеріп жіберді. Кірпіш тапшы. Осындай кедергілерге қарамастан биыл қыркүйек айының соңына дейін 30 коттеджді толық салып бітіру жоспарланған. Осы үдеден шығу үшін жұмылған жұрт тынымсыз еңбек үстінде. Сөйтіп, қандастарға арналған қалашықтағы алғашқы оншақты үйдің іргетасы қаланып, жұмыс қыза түсті" - дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі.