Салт аттылар тағы да сапарға шықпақ

Салт аттылар тағы да сапарға шықпақ

Салт аттылар тағы да сапарға шықпақ
ашық дереккөзі
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризм федерациясының ұйымдастыруымен салт аттылардың көпкүндік экспедициясы өтеді, деп хабарлайды Argymaq.kz Бұл жақында ғана ашылған Ұлттық Ат туризм федерациясының тұсаукесер сапары болмақ. Экспедицияға Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық музейі, Ботай қорық-музейі қолдау көрсетіп отыр. Сапардың басталу салатанатына министрлік өкілдері, зиялы қауым, тарихшылар, жылқытанушылар мен БАҚ өкілдері қатысады. Маусым айының 10 мен 30-сы аралығына жоспарланған бұл сапар ең алыс қашықтыққа еліміз тарихында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Нұр-Сұлтан – Жидебай бағытында 1000 шақырымды бағындыруға әуесқой салт аттылар өздері біріккен. "Экспедицияның негізгі мақсаты – еліміздегі тарихи нысандарды атпен аралау, Елбасымыздың «Атқа міну мәдениетін» насихаттау, Қазақстанда жылқы туризмін дәріптеу және еліміз жастарының тарихымызға, киелі жерлеріміз бен атқа мінуге деген қызығушылығын ояту. Сонымен қатар бұл сапар өткен жылы, яғни Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында өтуді жоспарлаған болатын. Алайда, әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты бір жылға шегерілді", – дейді ұйымдастырушылар. Олардың айтуынша, сапар 10 маусым күні Үркер шағын ауданындағы Бозоқ қалашығының орнынан таңертең сағат 10-да басталады. Осы жерде Ұлттық Ат туризм федерациясының ресми ашылу салатанаты өтеді деп жоспаланып отыр. "Көпкүндік сапар Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы ежелгі Бозоқ қалашығынан бастау алып, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы жерлеріндегі Олжабай батыр, Едіге би, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Бұқар жырау, Абай-Шәкерім кесенелері, Қоянды жәрмеңкесінің орны, Торайғыров музейі т.б. қатарлы киелі, тарихи орындарды аралайды. Экспедиция мерзімі маусым айының 10-30 аралығына (20 күнге) жоспарланған. Сапар барысында экспедиция мүшелері (15 адам) еліміздің 4 облысының 20-дан астам ауылына ат басын тірейді. Одан бөлек 15-тен астам тарихи нысанды басып өтеді. Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет 1000 шақырымға созылатын тарихи сапар. Экспедиция құрамында еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, ШҚО, Нұр-Сұлтан қаласының өкілдері – тарихшылар, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, ақындар болады. Сонымен қатар экспедиция қонағы ретінде Мәскеуден келген ғалымдар қатысады", – дейді ақпарат көзі.