Байтақ жұрттың байрағын биіктеткен

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар, Қазақстан Парламентіне 25 жыл толып отыр. Осыдан тура ширек ғасыр бұрын қос палаталы Қазақстан Парламентінің алғашқы сессиясы ашылған болатын. Содан бері заң шығару органы өз жұмысын тұрақты атқарып келеді. Осынау ширек ғасырда Сенаттың Президент тапсырмаларын тыңғылықты жүзеге асырудағы рөлі, Сенат депутаттары қабылдаған заңдардың өзектілігі мен маңызы және депутаттық сауалдар арқылы өңірдің проблемаларын шешуге қатысуымен қатар, Сенаттың тұрақты комитеттерінің жұмысын айрықша айтуға болады.

Осы ретте 2019 жылы Парламент Сенатының пленарлық отырысында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Сенат жұмысына оң бағасын беріп: «Көпшілігіңізбен соңғы 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Біз көптеген қиындықты бірге өткердік. Маған «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім қабылдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін» дей келе, қолға алған реформаларды тиімді жүзеге асыру ісінде Парламенттің сапалы заң шығару қызметінің маңызды екенін ерекше атап өткен болатын.

– Еліміз бүкіл әлемге танылды. Экономикамыз дамып, азаматтарымыздың тұрмыс деңгейі артты. Біз мемлекетті жаңғыртуға бағытталған бірнеше бағдарлама қабылдадық. Сіздер сол құжаттарды жүзеге асыруға белсене атсалысып келесіздер, – деген еді Елбасы.

Сонымен қатар 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде Жоғарғы палата қоғамдағы өзекті әрі елді алаңдатқан мәселелерді көтеретінін айтқан еді.

– Бүкіл еліміздің алдында тұрған міндеттерді орындау үшін ең алдымен билік тармақтары арасындағы үйлесім қажет. Маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше. Сенаттың ең басты міндеті – сапалы заңдарды қабылдау. Мұндай заңдар реформаларға жол ашады, тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етеді. Сенат депутаттары заң жобаларын талқылау кезінде немесе басқа форматтағы басқосулар барысында қоғамымыздағы ең өзекті, елді алаңдататын мәселелер жөнінде өткір ойлар, сыни пікірлер айтуға құқылы. Бұл мәселе бойынша дау жоқ. Бұл ретте сіздердің жұмыстарыңыз өте жауапты екенін жақсы білемін, – деген еді Мемлекет басшысы.

Ықпалды лауазым

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және ішкі-сыртқы саясатта бүгінгідей табыстарға жетуіне, сонымен бірге демократиялық, құқықтық мемлекет болып қалыптасу жолында қос палаталы Парламенттің ықпалы зор екені сөзсіз. Алайда Парламент жайлы сөз қозғамас бұрын, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі және оның еліміздегі парламентаризмін қалыптастыруда үлкен рөл атқарғанын айту парыз. Осылайша, 1994 жылғы сәуір – 1995 жылғы наурыз аралығында жұмыс істеген (он үшінші сайланған) Жоғарғы Кеңес депутаттары  Қазақстанның тұңғыш кәсіби парламентінің негізін салды деуге болады. Сол тұстағы Жоғарғы Кеңестің төрағасы, классик жазушы Әбіш Кекілбаев: «Кәсіби Парламенттің құрылуын, абзалы, ешбір қиналыссыз қоғамдық-саяси өміріндегі ең бір ірі оқиға деп бағалауға болатын шығар. Оның басталуы жаңа мемлекеттілік пен демократияның қаз тұруындағы елеулі кезеңдердің бірі ретінде Қазақстанның тарихи күнтізбесіне кіретіні шүбәсіз», – деген болатын.

Қазақстан Парламенті – елдің заң шығару қызметiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлетті орган: Жоғарғы палата – Сенат және төменгі палата – Мәжiлiс. Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланады. Оның 15 депутатын Президент тағайындайды. Депутаттардың өкiлеттiк мерзiмi – 6 жыл. Қазақстан Парламенті Сенатының құрамында жасы 30-дан асқан, қоғамның көптеген сатысынан өткен, елге беделді тұлғалар сайланады. Әлем елдеріндегідей Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары да елдің саяси элитасының негізі ретінде биліктегі кадрлар құрамын жасақтайды. Тәуелсіздік алғаннан бері егемен елдің негізін қалауда, оны нығайтуда, кәсіби парламентаризмнің қалыптасуына еңбегі сіңген, ел мүддесін қорғаған ықпалды қайраткерлер, беделді саясаткерлер, халық сыйлайтын тұлғалар аз емес.

Сенат төменгі палатамен бірге заң қабылдаумен қатар, министрлерді, Жоғарғы Соттың судьяларын, федералдық судьяларды тағайындауға қатысады және импичмент мәселесінде қорытынды шешім қабылдайды. Лауазымы бойынша елдегі екінші адам – Сенат Төрағасы. Осы ретте, тәуелсіздік жылдарындағы Сенат Төрағаларын да айта кеткен жөн.

Сенат
Қазақстан Парламенті Сенатын басқарған саясаткерлер

Парламент Сенатының Төрағасы болып тұңғыш рет Өмірбек Байгелдi (1995-1999) сайланды. Одан кейін, Оралбай Әбдiкәрiмов (1999-2004), Нұртай Әбіқаев (2004-2007), Қасым-Жомарт Тоқаев (2007-2011), Қайрат Мәми (2011-2013) Сенатты басқарып келді. 2013 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев қайта сайланып, 2019 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынуымен және  Конституцияға сәйкес, Президенттің міндетін атқарды және сол жылы 9 маусымда Қазақстан Президенттігіне сайланды. Бұдан кейін Сенатты Дариға Назарбаева бір жылдан астам уақыт басқарды (2019-2020). Ал қазір Сенат Төрағасы қызметін Мәулен Әшімбаев атқарып келеді.

– Осы уақыт ішінде Парламент Отанымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететін 2 940 заң қабылдаған екен. Оның 200-ден астамына депутаттар бастамашы болды. Халық қалаулылары тек заң шығарып қана қоймай, депутаттық сауалдар арқылы да қоғамды алаңдатқан көптеген мәселенің оң шешілуіне атсалысып келеді. Мәселен, 25 жылда тек сенаторлардың өздері 2 140 сауал жолдап, халықтың үнін билікке жеткізе білді, – дейді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

 Сындарлы сәтте

Қазақстан Конституциясына сәйкес, Сенат өкілеттігінің басқа елдерге қарағанда өз артықшылықтары бар. Мысалы, Сенат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданған заң жобасы нақтылы заңға айналады. Ал Сенаттың көпшілік дауысымен қабылданбаған заң жобасы Мәжіліске кері қайтарылады.

25 жылдық тарихы бар Жоғарғы палатаның өткеніне түгелдей көз жүгіртіп өту мүмкін емес. Дей тұрғанмен сын сағатта ел сенімін ақтаған Сенаттың жарқын сәттері де аз емес. Әсіресе, осынау тәуелсіздік жылдарында ел есінде қалған, әлі күні қоғамды толғандырып отырған жер мәселесі кезінде Сенаттың рөлі айқын көрініс берді. Мәселен, биыл Сенатта жерге қатысты тағы бір заң жобасы талқыланғаны белгілі. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзір­ленген заң болатын. Билік бұл заң жобасы шет­елдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салуды қарастырады деген. Әйт­кен­мен мақұлданбаған құжатта «шетел­дік­терге орман өсіру үшін 25 жылға жер беру­ді» көздейтін тармақ елді екіұдай күйге түсірді. Осы сәтте Сенат депутаттары заң жобасындағы бұл тетікке келіспейтінін айтып, түзету енгізіп, құжатты Мәжіліске кері қайтарды. Осылайша, елді елеңдеткен заң қабылданбай, оң шешім тапты. Тіпті, 2016 жылғы жер мәселесінде де Сенат сенімді шешім қабылдай білгені ел есінде.

Сенат

 Өмірбек БАЙГЕЛДІ, Парламент Сенатының тұңғыш Төрағасы:

 Кешегісін білмеген халықтың келешегі жоқ

 – Егемендік алғаннан кейін мемлекетті дамыту жолында жан-жақты ізденістер болды. Соның бірі – еліміздегі парламентаризмді қалыптастыру. Бұрынғы Жоғарғы Кеңестің орнына кәсіби парламенттің қажет екенін заман өзі көрсетіп берді. Өйткені бұрынғы Жоғарғы Кеңестің тәртібі бір басқа, ал жаңа заман парламентінің бағыты бір бөлек. Біздің елде де алғашқы кезде бір палаталы парламенттен басталды. Онда айтылуы жақсы айтылып, құлаққа жағымды естілетін сөз көп болды да, нәтиже аз болды. Сондықтан «не істейміз?» дегенге келдік. Сөйтіп, әлем елдерінің тәжірибесін зерттей бастадық. «Мұндай мемлекеттік басқару жүйесі әлемнің дамыған елдеріне неге көп тараған?», «осы тұрақты болмай ма?» деген сұрақтарға жауап іздедік. Олардың бәрін зерттеп, басшыларымен кездестік. Оған сын да айтылып жатты. «Бізге не үшін екі палаталы Парламент керек?» деп. Сын айтылуы да тиіс. Бірақ мемлекеттік даму жолы дәл осындай бағытты қажет етті. Бұрынғы ескі жолмен жүрмей, жаңа бағыт, тың серпін керек болды. Сонымен, ақылдаса келе, «бізге қос палаталы парламент керек» деген шешімге бекідік. Екі палата бір-бірінің жұмысын қайталамайды. Оның тәртібі, жұмысы әртүрлі. Сенат заң қабылдамайды, заңның жобасын әбден талдап-талқылып болған соң мақұлдайды.

Қос палаталы Парламенттің жұмыс істеп келе жатқанына, міне, ширек ғасыр болды. Сол жолдың дұрыс екенін қазір уақыт көрсетіп берді. Ешқандай айқай-шу болған жоқ. Бейбітшілік жағдайда жұмыс істеп келеді. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін бір палаталы парламент құрған біраз елді көріп отырмыз. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Сол елдерде көптеген қан төгілді, елде тұрақсыздық орын алды. Мысалы, қырғыз бауырларымның жағдайын мен жақсы білемін. Олармен көп жақын жүрдім. Кезінде олар да қос палаталы парламент болған.  «Екі парламенттің не керегі бар, өзімізге ақша жетпей жатқанда» деп көп шулады халқы. Сөйтіп, сайлауға бір күн қалғанда Ақаев өзінің жарлығымен бір палаталы парламент қылды. Көп өтпей, бұрқ етіп бүлік басталды. Одан кейінгі жағдай баршаға белгілі. Мұндай жайтты мысалға ала берсек көп. Біз мұндай жағдайдан аман өттік. Ширек ғасыр өткеннен кейін әлемнің кейбір елдері енді біздің қос палаталы Парламентті зерттей бастады. Әйткенмен әлі ешқайсысы қос палаталы парламент құра алмай отыр. Айта берсек, Сенаттың да, Мәжілістің де атқарған шаруасы көп. Бірақ мен көп жасаған, көпті көрген, мемлекеттік салада көп жыл қызмет істеген адам ретіне еліміз президенттік басқару жүйесін сақтауы керек деп есептеймін.

Сенат

 Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты:

 Сенат сол себепті маңызды…

– Қазір Парламенттің еліміздегі заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган екенін, оның қос палатадан тұратынын әркім жақсы біледі. Алайда қоғамда біздің Парламент неліктен қос палатадан тұрады, бір палаталы Парламент те жеткілікті емес пе деген пікірлер ішінара болса да, айтылып қалатыны бар. Шындығында, Қазақстан Парламенті неліктен қос палаталы, мұның қажеті бар ма? Қоғам мен ел үшін тиімділігі қандай?

Қазір Сенат көптеген елдерде Парламенттің жоғары палатасының қызметін атқарады. Парламент палаталарының құрамы, өкілеттілігі мен қалыптасу тәртібі және өзге де құрылымдарымен ерекшеленеді. Палаталардың Жоғарғы және төменгі болып бөлінуі заңдардың алдымен төменгі палатада қабылданып, одан кейін жоғары палатаның қолдауына жіберілетінін білдіреді. Алайда, көптеген елдердің Жоғарғы палатасы заңға өзгеріс енгізе алмайды. Міндеті заңды мақұлдаумен немесе оның қабылдануына келіспеумен шектеледі. Бұл төменгі палатаның саяси маңызға көбірек ие екенін көрсетеді. Өйткені заң жобасы негізінен төменгі палатада талқыланып барып өткізіледі. Ел Үкіметі де төменгі палата алдында есеп береді және жауапты болады.

Сенат негізінен федеративтік мемлекеттер үшін қажет және тиімді екені рас. Бұл тетік федеративтік мемлекеттің әрбір субъектісінің мүддесін қорғау үшін ойлап табылған. Өйткені Жоғарғы палатаға жер көлемі мен тұрғындарының санына қарамастан, әрбір субъектіден бір мөлшерде депутаттар сайланады. Жоғарғы палата депутаттарын сайлау төменгі палатаға қарағанда демократиялы емес.

Қазақстанның қос палаталы Пар­ла­менті өзінің құрылымы жағынан келгенде, АҚШ және басқа да елдердегі сияқты республиканың жоғары заң шығарушы органы қызметінің пікір алшақтығын азайтып, өзара ынтымақтаса жұмыс істеуін мақсат етіп келеді. Сенат Мәжілістің асығыс қабылданған шешімдері мен өзге де «қызуқандылықтарын» тежеп отырады, сабырға, мәмілеге келтіреді, қа­теліктерін түзейді, сүзгіден өткізеді, кем­шіліктердің өтіп кетпеуін қадағалайды.

Мемлекет басшысының депутаттармен кездесіп отыруы Парламенттің мәртебесін арттырумен бірге, заң шығару қызметінің онан әрі жақсара түсуіне, кәсіби парламентаризмнің нығаюына және заң шығарушы органның қызметін үнемі назарда ұстауға, оның тыныс-тіршілігінен хабардар болуға үлкен мүмкіндік туғызады. Ал депутаттар өз кезегінде ой-пікірін білдіруге мүмкіндік алады. Елбасы Н.Назарбаев Парламент палаталары мен оның депутаттарының қоғамды одан әрі демократияландыру және жаңғырту үшін аса күрделі міндеттерді біртіндеп шешуге атқаратынына сенім білдірген еді. Сол сенім ақталып та келеді. Міне, бұл жай біздің тәуелсіз еліміз­ді тарихтың аса қысқа мерзімінде демо­кратиялық және құқықтық жолмен дамыта отырып, әлем сүйсінерлік бүгінгі өркендеуге жеткізді.

Сенат

Мәдина БЕКТЕНОВА, Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің ғылыми жетекшісі:

Сенат перспективасы болашақта өз жемісін беретіні сөзсіз

 – Қазақстандағы парламентаризмнің негізін құрайтын екі палата өз мәні бойынша биліктің дербес, бір-бірінен тәуелсіз органы болғанымен, олар бірін-бірі өзара толықтырады. Әр заңнамалық құжат екі сатылы сараптамадан өтеді – алдымен Мәжіліс, одан соң Сенат деңгейінде. Нәтижесінде қабылданатын заңдардың сапасы мен пысықталу дәрежесі жоғарылай түседі. Яғни, заң Мәжілістен өткен соң Сенатқа түседі және Сенат депутаттары оны қайта пысықтауға жібермей, бірауыздан қолдаса ғана әрі қарай ол заң Президенттің алдына қол қоюға жіберіледі.

Конституциялық нормалардың да, парламенттік жүйенің де уақыт талабы мен мемлекеттің дамуына қарай жаңғырып, реформалардан өтуі – халықаралық тәжірибеде бар қалыпты процесс. Осында Елбасының жаңа прогрессивті конституциялық реформалардың бастамашысы ретіндегі елеулі жұмысын атап көрсеткен жөн. Оның ішінде 2007 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде Мәжіліске депутаттарды пропорционалды сайлау жүйесі енгізілді, сондай-ақ Үкіметті парламенттік көпшілік негізінде құрудың жаңа тетігі де жүзеге асырылуда. Ал 2017 жылғы конституциялық реформа билік өкілеттіктерін Президенттен Парламентке және Үкіметке қайта бөлу мәселесін жетілдіре түсті, Парламенттің өкілеттігі күшейтілді. Сол арқылы заң шығару қызметіне тың серпін берілді. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесінде Қазақстанның Парламенті барлық серіктес мемлекеттердің Парламенттерімен тығыз байланыс орнатты. Парламентаралық ұйымдармен қарым-қатынас жүйелі жолға қойылды.

Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Парламенттік оппозиция институтының заңмен бекітілуі де өкілді органның беделін өсірген маңызды қадам болды. Сондай-ақ саяси бәсекелестікті дамытуға бағытталған саяси реформалардың үш топтамасының ішінде саяси партияларды тіркеу үшін қажетті жақтастар санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайту, сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға міндетті түрде 30 пайыздық квота беру, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, саяси бюллетеньдерге «бәріне қарсымен» деген жазуды енгізу мәселелері қамтылған. Ол үшін «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді.

2020 жылғы 12 маусымда өткен Парламент Сенаты депутаттарын сайлау нәтижесі бойынша Сенат құрамы 7 пайыз жаңартылды. Бүгінде Сенатта 48 депутат бар (заң бойынша 49, бір орын бос тұр). Гендерлік сипаттамаға көңіл бөсек: 49 Сенат депутатының 9-ы – әйел адам. Ол Сенат депутаттары құрамының 18,4 пайызын құрайды. Швеция секілді елдермен салыстырғанда үлкен көрсеткіш емес. Дегенмен 2020 жылғы 12 тамызда өткен сайлау нәтижелеріне сүйенсек, сайланған 17 депутаттың ішінде 5-і әйелдер, ол 29,4 пайызын құрайды. 2014 пен 2017 жылдарда бұл көрсеткіш 6 пайыздан көтерілмеді.

2020 жылы Қазақстан Парламентінің Сенаты 110 заң жобасын қарап, қабылдады. Ал соңғы сессия басталғаннан бері сенаторлар 12 заң жобасына бастамашы болды. Оның үшеуін Парламент қабылдаса, төртеуі Сенат пен Мәжілістің қарауында. Тағы 5 заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленуде.

Бұл арада жастармен, қоғамның әр саласындағы сарапшылармен тікелей байланыс орнату, өзара тиімді жұмыс жүргізу өте маңызды. Осындай жұмыстың айқын көрінісі ретінде Сенат жанынан құрылған Жас сарапшылар клубының қызметін айтып өткен жөн. Бұл алаңды Сенат пен сарапшылар қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықтың, өзара іс-қимыл мүмкіндіктерінің жақсы мысалы әрі перспективасы ретінде дамытудың болашақта өз жемісін беретіні сөзсіз.

 Бақытбек ҚАДЫР

Back to top button