Ақтөбеде мерзімінен бұрын босатылған 25 адам қайтадан түрмеге қамалды

Ақтөбе полициясы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, заңды қайта бұзған 25 адамды түрмеге қамады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысының учаскелік полиция инспекторлары жыл басынан бері «Есеп» және «Есеп элементі», «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Учаске» сияқты жедел-алдын алу шарасын, сондай-ақ рейд өткізді. Нәтижесінде биыл 5 айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында жасаған қылмыс 21,6% төмендеді. Бостандыққа шыққаннан кейін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзуды жалғастырған 25 адам қайтадан бас бостандығынан айырылды. Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті пробация қызметімен бірлескен жұмыс нәтижесінде қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзған 75 адамға қатысты шартты жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Ал сотталған 4 адамның сынақ мерзімі ұзартылды. «Полиция департаменті ҚАЖД және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру, оларды жаңа мамандыққа қайта оқыту мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына бостандыққа шыққан адамдардың мекенжайы берілді», – дейді ЖПҚБ бастығының орынбасары Амантұрлы Такешев. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қатысуымен бос орындар жәрмеңкесі, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыруға және қайта оқытуға жәрдемдесу бойынша түрлі акциялар өткізіліп тұрады. Биыл 217 адам жұмысқа орналастырылып, екі адам қысқа мерзімді оқуға жіберілді.

Back to top button