Атырау облысында 23 жұмысшының астан ұшынуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Атырау облысында 23 жұмысшының астан ұшынуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Атырау облысында 23 жұмысшының тамақтан ұшынуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін 3 маусымда «Bazis Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 23 жұмысшысы түскі астан ұшынып қалған еді. Олар №2 облыстық инфекциялық ауруханаға жатқызылған.
«Инфекциялық ауруханаға 3 маусымда сағат 19:45-те 21 жұмысшы, 4 маусымда сағат 01:00-де тағы 2 адам түсті. Ауруханаға жатқан науқастардың бәрінде ұшыну белгілері байқалды. Науқастар бас айналу, құсу, әлсіздік және диарея белгілеріне шағымданған» деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Жұмысшылар компанияның асханасында тамақтанған. Алдын ала қойылған диагноз – тағамдық токсикоинфекция. «Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 304-бабының 1-бөлігі бойынша (Санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр» деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.