Мәулен Әшімбаев Төле бидің зиратына барып зиярат етті

Мәулен Әшімбаев Төле бидің зиратына барып зиярат етті

Мәулен Әшімбаев Төле бидің зиратына барып зиярат етті
ашық дереккөзі
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстанға сапары барысында Ташкенттегі Төле би бабамыздың кесенесіне арнайы барып, зиярат еткені туралы Instagam-дағы парақшасында жазды. «Кеше қасиетті жұма күні Өзбекстанға жасаған сапар аясында Төле би бабамыздың кесенесіне арнайы барып, зиярат еттік. Ташкент қаласында орналасқан бұл кешен шаһардағы көрікті жерлердің бірі саналады. Сондықтан мұнда Орталық Азиядан, оның ішінде Қазақстаннан және басқа да шет елдерден келетін туристердің қатары көп. Төле бидің қазақ тарихында алатын орны ерекше. Әсіресе, хандық тұсында мемлекеттік істерге араласып, маңызды шешімдер қабылдауға белсене атсалысты. Жаугершілік заманда халықтың бірлігі мен елдің тұтастығын сақтауға үлкен үлес қосты. Дәстүрлі әдет-ғұрыптарымыз бен заңдарымыздың жинағы «Жеті Жарғының» жазылып, қабылдануына да зор еңбек сіңіргені тарихтан белгілі.  width= Әйгілі Абылай ханның ел тізгінін ұстайтын тұлға болып қалыптасуында Төле бидің рөлі ерекше болғанын білеміз. Ақыл-парасатымен әділ шешімдер шығарып, үлкен даулардың алдын алып отырған бабамыз бар қазақтың басын қосуды басты мақсат тұтқан еді. Төле би айтқан сөздер бүгінде бүкіл ұлтымыз үшін үлгі-өнеге екені даусыз. Қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тарихи санамызды жаңғырту және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу жұмыстарына басымдық берілуде. Осы тұрғыдан келгенде, Төле би бабамыздың өмірі мен өсиеттеріне де ерекше назар аударғанымыз жөн. Бұл тарихымызды тану және шежіремізді зерттеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі болары анық. Сондықтан алдағы уақытта тарихшыларымыз осы бағытқа да басымдық береді деп сенеміз» деп жазды М.Әшімбаев.