Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті

Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті

Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті
ашық дереккөзі
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстанға ресми сапары аясында осы елдің Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Бұл жөнінде Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады. Өзбекстан Президенті жоғары деңгейдегі тұрақты және тиімді байланыстың арқасында қол жеткен достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікке негізделген бүгінгі қазақ-өзбек қатынасын ерекше атап өтті. Өз кезегінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстан көшбасшысына қабылдауы үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді. Мәулен Әшімбаев парламентаралық өзара іс-қимылды нығайту мақсатымен Олий Мәжілістегі әріптестерімен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтты. Қазақстан Сенатының Төрағасы екі мемлекеттің Президенттері ынтымақтастықтың жоғары деңгейін белгілеп бергенін тілге тиек етіп, оны ел Парламенттері арқылы қолдаудың маңызды екеніне назар аударды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың нығаюына баса мән беріп отыр. Сенат Спикері Қазақстан мен Өзбекстанның парламентаралық ынтымақтастығы белсенді дамып келе жатқанын және оның барлық қырлары бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы ынтымақтастық екі елдің болашағына оң әсерін тигізетініне сенім білдірді. Ал, тату көршілік, сындарлы және өзара тиімді қарым-қатынас – елдеріміздің өсіп-өркендеуінің кепілі. «Біздің тығыз, жан-жақты және өзара сенімге негізделген байланыстарымыз екі мемлекеттің де ұлттық мүдделеріне сай келеді. Мемлекет басшылары деңгейіндегі сенімді және нәтижелі диалог осындай ынтымақтастықтың іргетасы болып саналады. Қазақстан Парламентінің Сенаты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және стратегиялық серіктестікті дамыту үшін барлық қажетті жұмысты атқарады», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар кездесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың перспективалары, халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл және тағы басқа мәселелер талқыланды.