Бауыржан Байбек: Патриот болу – жақыныңа, бауырыңа, еліңе, жеріңе қамқор болудан басталады

Бауыржан Байбек: Патриот болу – жақыныңа, бауырыңа, еліңе, жеріңе қамқор болудан басталады

Бауыржан Байбек: Патриот болу – жақыныңа, бауырыңа, еліңе, жеріңе қамқор болудан басталады
ашық дереккөзі
Елордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Біз - ел патриотымыз» халықаралық жастар форумы өтіп жатыр. Форумды ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың іс-шараға қатысушыларға арнаған үндеуін оқып берді.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ұлттың үміті. Тәуелсіздік жылдарында біздің елімізде озық ойлы және білімді жастардың тұтас буыны қалыптасты. Зиялы және білікті жастары бар елдің әрқашан мүмкіндігі мол және болашағы жарқын», - делінген хатта.
 width= Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қазіргі кезде мемлекет әр салада көш бастап, жетістікке жетіп жүрген жастарды елге танытып, оларға қолдау көрсету іс-шараларын жүйелі түрде жүргізетінін алға тартты.
«Бұл жаңғырулар ең әуелі еліміздің ертеңгі келешегі жастар үшін аса қажет. Сіздер жаңа сын-қатерлерге лайықты жауап бере отырып, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, оларды басты мұраттарыңызға сай орнықтыруларыңыз қажет. Мысалға, зерттеулер көрсетіп отырғандай, бүгінгі жастар даңғаза той-думан мен асыра ысырапшылдықты қаламайды екен. Бұл не деген үрдіс? Өйткені, ата дінімізде, ұлттық дәстүрімізде хәкім Абай айтқандай, артық мақтаныш, аста-төк ысырапты игі әдептердің қатарына ешқашан жатқызбаған. Сондықтан жастар жаһанданудың заманауи игіліктерін бойына сіңіре отырып, ұлттық құндылықтарымызды құлдыратпауы тиіс», - деді Қырымбек Көшербаев.
Өзінің кіріспе сөзінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жаңа идеялар тудыратын, ерекше міндеттерді орындап, жаңа технологияларды меңгеретін де нақ осы жас буын екенін ерекше атап өтті.
«Жастар – ертеңгі жарқын болашағымыз ғана емес, әлемдік деңгейде бүгінгі бәсекеге қабілеттілігіміздің де негізі. Сіздердің білім алып, жан-жақты дамуларыңыз, азамат болып қалыптасуларыңыз үшін жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың да, «Nur Otan» партиясының да негізгі басымдығы. Нақты мысалдарға тоқталсам, келесіні айтуға болады. Қиын-қыстау заманға, шектеулі мүмкіндіктерге қарамастан, ел жастары әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуы үшін Елбасы 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасын құрды. Осының арқасында бүгінде бағдарлама аясында 14 мыңнан аса маман даярланып, олар ел өмірінің әр саласында жемісті қызмет етуде. Бүгінгі заман талабына тез бейімделе алатын «жаңа формация» басшыларын даярлау үшін Мемлекет басшысы Жастар кадрлық резервін қалыптастыру үстінде», - деді ол.
Бауыржан Байбек атап өткендей, жастар саясаты саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс жетістікке жеткен жас буынның қалыптасуына жағдай жасады.
«Елбасы айтқандай, біздің басты үш қағидатымыз – жауапкершілік, командалық рух және өзіміздің құндылықтарымызға берік болуымыз керек. Партия мүшелеріне арналып айтылған бұл сөздер – мен кез келген жастар үшін де темірқазық бола алады деп есептеймін. Осы орайда жетістікке жеткісі келетін әр жас осыларды ұстануы керек. Сонымен қатар қазіргі заманауи жастар саясаты бойынша мамандардың басым көпшілігі бүгінгі күннің жас азаматына тән болуы тиіс келесі үш ерекшелікті бөліп көрсетеді. Біріншісі, білімге құштар болу. Екіншісі, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екенін жаһандық пандемия дәлелдеп жатыр. Үшінші, айнала жұртқа жанашыр болу. Патриот болу – жақыныңа, бауырыңа, еліңе, жеріңе қамқор болудан басталады. Еліне, жеріне жаны ашитын, ерекше махаббатпен қарап, келешегіне алаңдайтын ұрпақ тәрбиелеу маңызды. Себебі, білімді, дені сау, елі мен жеріне қамқор жас – еліміздің гүлденіп, кез келген сын-тегеуріннен сүрінбей өтуінің кепілі», - деді Бауыржан Байбек.
 width= Форумға онлайн режимде Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция жастар ұйымдарының өкілдері, еліміздің өңірлерінен жастар көшбасшылары, Парламенттің, облыстық және қалалық мәслихаттарының жас депутаттары, кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, волонтерлер мен шығармашыл жастардың өкілдері қатарынан 300-ден астам адам қатысты.