Жылқыға соғылған көлік апатына байланысты аудан әкімі сөгіс алды

Жылқыға соғылған көлік апатына байланысты аудан әкімі сөгіс алды

Жылқыға соғылған көлік апатына байланысты аудан әкімі сөгіс алды
ашық дереккөзі
Батыс Қазақстан облысында көліктің жылқыға соғылып, бір отбасыдан үш адамның қаза табуына байланысты Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке сөгіс жарияланды. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кеңес отырысында айтылды. БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншиннің мәліметінше, Ақжайық ауданы аумағында 16 мамыр күні түнде Орал-Атырау жолында «ВАЗ-21113» автокөлігі екі жылқыға соғылды. Жол апатында үш адам мерт болды, оның біреуі – жасөспірім. Тағы екеуі жарақат алды. Мал иесі анықталған жоқ. «Қараусыз жүрген малға автокөліктің соғылуы тоқтамай отыр. Әсіресе, түнгі уақытта жолдың бойында жүрген мал жолаушы өміріне қауіп төндіреді», - деді Ж.Жаншин. Өңір басшысы Ғали Есқалиев бұдан бұрын да кеңес отырыстарында осы мәселенің қаралып, аудан әкімдеріне тиісті тапсырма берілгенін жеткізді. «Малға қатысты жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында қатаң шаралар қолдану жөнінде, әсіресе республикалық маңызы бар жолдар өтетін аудандар әкімдіктеріне ескертілді. Соған қарамастан, Ақжайық ауданында бір отбасының үш адамы қаза тапты. Осыған байланысты аудан әкіміне сөгіс жарияланады», - деді облыс басшысы.