Отандастары мойындамаған драматург

Отандастары мойындамаған драматург

Отандастары мойындамаған драматург
ашық дереккөзі
Сонымен, Нобель сыйлығының 1904 жылғы тағы бір лауреаты Хосе Эчегарай-и-Эйсагирре XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы испан теат­рын­дағы әйгілі тұлғалардың бірі болды. Оның пьесалары туған жерінде ғана зор табысқа жетіп қоймай, Германия, Фран­ция, Италия, Ұлыбритания, Швеция және басқа да елдердің театр сахнасында қойылды. 1904 жылы ол отандастарының іші­нен ең бірінші болып Нобель сыйлығын иеленді. Жетпіске жуық пье­са жазғанымен, олардың бәрі тек ұлттық драматургия тарихының бе­лесі болып қана қалып, өкінішке қарай, ол туындылар уақыт сүз­гісінің елегінен өте алмады. Бүгінде оның пьесалары қалың оқыр­ман­ның сұранысына ие емес. Хосе Эчегарай 1832 жылғы 19 сәуірде Мадридте дүниеге келді. оның балалық шағы бір кездері атақ­­ты Сервантес пен Лопе де Вега өмір сүрген ауданда өтті. Ол тұрған үй екі ға­сыр бұрын Испания алтын ға­сыры әде­биетінің қаламгері Фран­сиско Ке­ведоға тиесілі болған екен. Бес жасқа тол­ғанда, дәрігер әкесіне Мурсиден ұстаз­дық қызмет ұсынып, отбасы сон­да қоныс аударады. Он төрт жа­сын­да бакалавр болған Хосе инже­нер-жолшылар мектебінде оқуын жалғастыру үшін Мадридке қайтып оралады. Әдебиетпен де, фило­со­фия­мен де әуестенгенімен, математикаға бүйрегі қатты бұрып тұрды. Сонымен бірге театрға деген қызығушылығы арта түсіп, аптасына бір рет міндетті түр­де театрға баруды әдетке айнал­дыр­ды. Жиырма жа­сын­да диплом алып, жол, көпір құры­лы­сымен айна­лы­сып, оқуын бітірген соң білім ме­ке­месінде ұстаздық етеді. Гидравлика, дифференциалдық және интегралдық есептеу, қолданбалы механика кур­сы­нан дәрістер оқып, ғылыми еңбектер, әй­гілі мақалалар жа­зып, өз зама­ны­ның атақты матема­тигі ретінде мойын­далады. 1864 жы­лы нақты ғы­­лымдар жөніндегі Испан корольдігі ака­демиясының мүшесі болып сай­ланды. «Гармониялық ра­цио­на­лизм» философиясы жанына жақын ағар­тушы Эчегерай, қоғамдық өмірден тыс қала алмады. Экономика­лық, әлеу­­­меттік, мәдени жағынан артта қал­ған, прогресс жолында да­мы­маған елі­нің дәрменсіздігін көрген ол ре­фор­мистік-ағартушылық өз­геріс­терді қол­дады. Либерал зиялы­лар­мен жа­қын­дасып, 1859 жылдан бастап дәріс оқып, шешендік шебер­лігі­мен көзге тү­седі. Сол кезеңде ол саяси эконо­ми­каны зерттеумен айна­лысып, еркін пікір алмасу теориясын насихат­тай­ды, елдегі жетекші эко­но­мистердің бірі­не, белгілі саяси қай­рат­керге ай­налады. Кез келген догма­тизмнің қар­сыласы ретінде өзі депу­тат болған Құрылтайшы кортестерде экономи­ка­дағы озық реформаларды қолдап, іс жүзінде оны жүзеге асыра­ды. Бір­неше мәрте министр болға­ны­мен, кейін әдеби шығармашылықтағы түр­лі ағымдар мен концепциялар ер­­кін­дігін қолдады. Ұлт игілігі үшін қыз­­­мет етуді мұрат еткен оның әре­ке­тінде билікте жоғарылай беруді көз­­­­деген ниет болған жоқ. Испаниядағы Бурбондар ди­нас­тиясы қалпына келгеннен кейін Парижде эмиграцияда жүрген, жа­сы қырықтан асқан Эчегерай өзі­нің алғашқы драмалық шығармасы – «Чек кітапшасы» комедиясын дүниеге әкелді. Бұл туындысында ол сол за­ман­дағы отбасы мәселесін көтереді. 1874 жылы еліне оралған ол мистика жан­рына қалам тартып, Хорхе Айя­сека деген бүркеншік атпен, театрға өз пьесасын ұсынады. Спектакль кө­рер­мен көңілінен шығып, жұрт оны зор қошеметпен қабылдайды. Бірақ пье­са авторының кім екені жұртқа бел­гілі болып қалып, Эчегерайге әде­биет жолын таңдауына тура келеді. Ол еш ойланбастан және қиналмас­тан министрлік қызметін қаламға айырбастап, қалған өмірін толықтай театрға арнауды ұйғарады. 1874 жы­лы драматургия саласындағы алғаш­қы қадамын бастаған «Кек алушының әйелі» атты туындысы, ар мен ұят та­қырыбын Кальдерон дәстүрі ар­қылы көрсеткен жазушының өзіне де­ген сенімін күшейте түсті. Заман­дас­тары оны «екінші Кальдерон» деп ата­ды. Эчегарай өзіне берілген мұн­дай бағаны мақтаныш тұтып, өмір бойы ұлы классиктің шығармашылы­ғын пір тұтты. Испан әдебиетінің ұлы клас­сигінің «Ұйқы сияқты өмір» мен Эче­гарайдың «Қайта оянбау үшін өліп қалу» пьесаларының арасындағы ру­хани үндестік осының айқын дәлелі. «Сем­сердің сабы» трагедиясында ав­тор V Карл кезіндегі билікті көр­се­тіп, кейіннен тарихи драмалардың тұтас бір циклын жазып шығады. Біресе орта ғасырды, біресе Реформация дәуі­рін, енді бірде испан үстемдігіне қар­сы нидерландықтардың көрінісін көрсете келіп, Эчегарай пост­ро­ман­тизм рухында сахнада қиял мен шарт­тылықтың әлемін жасады. Өз туын­дыларын оқиғалармен толтыра оты­рып, ол интрига туғызудың тә­сілдерін жақсы пайдаланып, сахнада бо­лып жатқан әрекеттерді шебер ой­ната білді. Осындай драманың үл­гісі ретінде «Есалаңдық немесе әу­лиелік» пьесасын айтуға болады, бұл туындыда бүгінгі замандағы оқиғалар су­реттеліп, рушыл ақсүйектер бе­де­лінің баяндылығына күмән кел­тірі­леді. 1895 жылы атақты Бернард Шоу ағыл­шын тіліне тәржімаланған Эче­герайдың шығармасымен танысып шығып, оны жоғары бағалады. Жыл өткен сайын қаламгердің шы­ғар­ма­шылық қуаты артып, шеберлігі шың­дала түсті. Алтын ғасыр дәуіріндегі клас­сикалық драмаларды, роман­тик­тердің туындыларын зерттей түседі. Еу­ропа жазушылары – Дюма, Ибсен, Метерлинк, Бьернсонның тәжіри­бе­сінен тағылым алып, драмалық іс-әре­кет құрудың, көрерменді өзіне ба­ғындырып алатын драма тілінің заң­дылықтарына терең үңіледі. Әр жаңа шығарма – драмалық фор­ма­ның тосын ізденісі, «драмалық түйін­ді» шиеленістіре түсуді қамтамасыз етудің жолдары болып саналады. Эчегарай драма сахналығының теат­ралдық табыстың басты шарты еке­нін жақсы біледі. Міне осы жылдары ол барлық уақытта ұстанатын өнер­дегі формуласын ойлап тапты. Бұл ере­жеге сәйкес, шығарманың мазмұ­нын­да дәстүр жатып, туындының фор­масында мелодраманың тәсіл­дерінің көрнекті формасы болуы тиіс. Көрермен мен актер атты екі фактор­ды да ұмытпау қажет. Осындай ізде­ніс­те­рінің арқасында ол драмалық өнердегі дербес теориясын ойлап тап­ты. Ол махаббат, ар-ұят, борыш, қыз­­ғаныш, діни фанатизм т.б. та­қы­рыпқа қатысты қақтығыстарды же­тіл­дірді. Эчегарай сахнада әрекет етіп жат­қан кейіпкерге деген көрерменнің аяушылық сезімін туғызуға тырысты. Ол үшін көрерменнің қызығушы­лы­ғын туғызып, көңілін босатып, көр­кемдік шеберлік арқылы жан әле­мінің тазара түсуіне ықпал ету керек. Эчегарай өзінің эстетикалық бағдар­ла­масын 1894 жылы әдебиетші ретін­де Патшайым академиясының мү­ше­лігіне өткенде жалпақ жұртқа жария етті. Оның баяндамасы «Сыншы мен әде­би шығармашылық туралы ойлар» деп аталады. Автор онда әдеби про­цес­тің ойластырылған және байыпты кон­цепциясын ұсынып, сынды эсте­тикалық феномендерді бақылайтын және адам жанына қалай әсер етудің құралын ашатын ғылым деп жария­ла­ды. Эчегарай пьеса көрерменнің эсте­тикалық сезімдерін оятуы керек еке­ніне сенді. Эстетикалық қуат жө­нінде айтып, әрекет пен қақтығысқа құрылған «динамикалық эстетика» түсінігін енгізді. Көрерменнің сана-се­зіміне әсер ететін тәсілдерді іздеді. Эчегарайдың пьесалары қалың бұ­қа­раны немқұрайлы қалдыра алған жоқ, біреулерді таңғалдырып, енді біреу­лердің ашу-ызасын туғызып жат­ты. Сол замандағы ірі испан ак­­терлары Антонио Вико, Рафаэль мен Ри­кардо Кальво, Элиса Мендосаларға ар­нап рөлдер жазып, оларға арқа сүйе­ді. 1890 жылы «Ұлы Галеотта» пье­сасын жазып, ол барлық еуропа сах­наларында қойылып, натуралистік драманың үлгісі болып саналды. Қа­лыптасқан тәртіп үлгілерін бұзуға жол бермейтін және жолынан жаңы­лыс­қандарды қатал жазалайтын ұят­сыз тобыр автор туындысының басты кейіп­кері. 1904 жылы Эчегарай мен Мист­ра­ль­­ға әдебиет саласындағы Нобель сый­лығы берілді. Денсаулығына бай­ланысты драматург Стокгольмге келе ал­май қалып, сыйлықты салтанатты түр­де табыс ету рәсімі 1905 жылы Мад­­­ридте өтті. Эчегарайға дәл осын­дай зор құрмет көрсетіліп жатқан кез­де испан зиялылары драматургтің шығармашылығын сынап, оған бұл атақ­ты марапаттың берілуіне нара­зы­лық білдіріп, Швед академиясына ұжым­дық хат жазды. Әдебиетші қауым оның шығармашылығын ха­лық­тың әлеуметтік сұранысынан алшақ жатқаны үшін қатты сынады. Пье­салары арқылы қоғамдық ережеге қар­сы шыққан бүліктің мағынасыз­дығын көрермен санасына жеткізгісі келген драматургтің идеялары жас әдебиетшілердің нарызылығын ту­ғызды. 1908 жылы драматург «Тұлға жә­не тобыр» және басқа да бірнеше пье­са жазды. 1912 жылы ғана испан үкі­меті оның талантын мойындап, дра­матургті Алтын руно орденімен ма­рапаттады. Эчегарай 1916 жылдың 16 қыркүйегінде Мадридте қайтыс болды.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ