Жаңалықтар

Ендігі үміт – экотуризмде

ашық дереккөзі

Ендігі үміт – экотуризмде

Коронавирустың әлем бойынша жаппай таралуы туризм саласына ауыр соққы болды. Сарапшылар өткен жыл туризм тарихындағы ең дағдарысты жыл болды деп бағалады. БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) 2020 жылдың қаңтар-қазан айында халықаралық туризм 1990 жылғы деңгейге құлдырап, 70 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, былтыр әлем елдері 2019 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 900 млн туристі «жоғалтқан». Дүниежүзілік туристік ұйым 2021 жылдың екінші жар­ты­сын­да туризм саласы ішінара қа­лып­қа келе бастайтынын бол­жа­ған болатын. Ал тұралаған са­ла­ның толықтай қайта қалпына келуі үшін әлі 2,5-4 жыл уақыт ке­рек екен. Алайда уақыт өте ке­ле туризм саласы коронавирус ен­гізген өзгерістерге қарай икем­деліп, нарықтың жаңа талап­та­ры­на сай бейімделе бастады. Бай­қағанымыздай, биыл әлем ел­дерінде ішкі туризм басым­дық­қа ие болып отыр. Яғни COVID-19 пандемиясы әлемдік масштабта жылдар бойы қалып­тасқан туристік бизнес меха­низ­мін бұзғанымен, ішкі туризмнің жаңа бағытының қалыптасуына ықпал ете алды. Биыл Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы Жүкей көлі жа­ғасында «Жұлдызды орман» ат­ты глэмпинг демалыс аймағы ашыл­ды. Жоба авторы Айнұр Қуа­нышқызының айтуынша, ін­дет­тің таралуы туризм саласын да айналып өтпеді. Тоқырауға ұшы­раған туризмнің екінші ты­нысы енді ашыла бастағандай. «Бүгінде қалыптасқан жағдай ішкі туризмді дамытуға бағыт­тал­ған жобаларды іске асыруға үл­кен мүмкіндік беріп отыр. Біз­дің ойымызша, глэмпингтер же­лісін құру маңызды бағыт­тардың бірі. Қатаң карантиндік талаптарға сәйкес, көп адам таза ауада демалуға тырысады», – деді Айнұр Қуанышқызы. Біржан сал ауданының кә­сіп­керлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Марал Шаужанова өңірде глэмпингті іске қосу эко­логиялық туризмді дамытудағы маңызды қадам екенін айтады. «Глэмпинг – тұрмысқа қа­жет­ті заманауи заттармен жаб­дық­­талған жайлы орындар құ­рып, табиғатта демалғанды жөн кө­ретін жандарға арналған де­малыс орны. Табиғаты әсем, таза ауа әрі сыңғырлаған құстардың даусы бар біздің өңірге келетін демалушылар саны одан сайын арта түсеріне сенім мол», – дейді М. Шаужанова. Дүниежүзілік туристік ұйым ауыл­­дық және экологиялық ту­ризм­ді дамытуды атап өткені бе­кер емес. Өйткені бүгінде эко­туризм жаһандық туризмнің 30 пайызына тең. Осы орайда қала өмі­рінен қажыған жұрттың таза ауа­да тыныстап, кәуап дайындап, ба­лық аулап, атқа мініп, вело­си­пед теуіп, киіз үйде ұйықтап, та­­биғи өнімдерді тұтынып, көңі­ліне қонымды іспен айна­лысуы­на жағдай жасайтын глэмпинг же­лісінің болашағы зор болары анық. Отандық сарапшылар эко­ту­ризмнен бөлек этнотуризм са­ла­сының да сұранысқа ие болып отыр­ғанын айтады. Панде­мия­дан соң елімізде эко және этно­туризм бағыттары даму жолына түседі деп болжайды. «Сұл­тан­сері» этно өнер орталығының не­гізін қалаушы Сұлтансері Есен­таев карантин кезінде ішкі ту­ризмді дамытуды қолға алған кә­сіпкерлердің бірі. Ұлттық ойын­дар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып­тарымызды насихаттау арқылы құндылықтарымызды танытуды көздейді. «Ұлттық ойындарға, дәс­түрі­мізге деген қызығушылық мені этно-орталық құруға жетеледі. Келу­шілер саны былтырғыдан да көп. Әрине, бұл қуантады. Әсі­ре­се ауылды, туған жерді сағын­ған­дар орталыққа келіп сағынышын басып жатыр. Жастар атқа міну, садақ ату, қыз қуу, бүркіт түсіру, сұңқар ұшыру, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындарымыз мен дәстүрімізді көзбен көріп, куә болып жатыр», – дейді кәсіп­кер.