Шешімін тапқан мәселелер
Шешімін тапқан мәселелер
«Nur Otan» партиясы Елбасының халықпен өзара іс-әрекет жасаудың проактивті форматына көшу туралы тапсырмасы және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде халықтың шағымы мен мәселелеріне ден қоюды белсенді түрде жалғастырып жатыр.
«Nur Otan» азаматтардың өтінішін, халық алдындағы уәделерінің орындалуын қалай бақылайды?
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек 2019 жылғы күзде Шымкентке жұмыс сапары кезінде «Азат» шағынауданының тұрғындарымен кездескен-ді. Бұған дейін тұрғындар шағын- аудан 2015 жылы қалаға қосылғанына қарамастан, төрт жыл ішінде орталық электр, газ және сумен жабдықтау желілерін жүргізу мәселесі шешілмегеніне шағымданған болатын.
«Елбасы, партия Төрағасы мемлекеттің халыққа жақын болып, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, ашық жұмыс істеуді тапсырды. Мемлекет басшысы да «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, азаматтардың сын-ескертпелері мен ұсыныстарына жедел ден қоюымыз керегін айтты. Сондықтан осы мәселені әлеуметтік желіден естіп, біліп, арнайы алдарыңызға келдім. Қазір қала басшылығы, партияның қалалық филиалы бұл түйткілді оңтайлы шешу үшін барлық шараны қолға алды. Біз бұл істі соңына дейін бақылауда ұстаймыз. Әрине, бұл жерде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселенің бар екенін білеміз. Бәрін бірдей шешу мүмкін емес. Сондықтан мемлекет тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, ең алдымен, газ, жарық және ауызсу мәселесін шешуді қолға алды. Кейін жол және басқа да мәселелерді шешеміз», – деп Бауыржан Байбек бұл мәселенің партияның бақылауында болатынын айтқан еді.
Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, жуырда «Nur Otan» қалалық филиалының төрағасы, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осы шағынаудан тұрғындарымен кездесті.
Қазір шағынауданда электр желілері толық тартылды. Ұзындығы 8,7 км орталық су құбыры желілерінің және 10 км газ құбырының құрылысы аяқталды. Ішкі жолдарға асфальт төсеу бойынша жұмыстар 50 пайызға орындалған. Сонымен қатар, 87 меншік иесі жер учаскелеріне мемактілер алды. Тағы 22 учаске бойынша құжаттар дайындалып жатыр.
Маусым айының соңына дейін абоненттерді орталық су құбырына қосуды және ауыз су беруді қамтамасыз ету, 1 тамызға дейін автоматты газ тарату станциясының құрылысын аяқтап, газ беру, ал 1 қыркүйекке дейін ішкі жолдардың асфальттің екінші қабатын төсеу жоспарланып отыр.
Бұл жұмыстың барлығы «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының бақылауында.
Мұндай атқарылған істер барлық өңірде де жетерлік. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Тоғанас ауылы тұрғындарының бас ауруына айналған жол мәселесі шешімін таппақ.
Бұл мәселе сайлау науқанында партияның сайлауалды бағдарламасына еңгізілген болатын. 2021 жылғы 25 мамырда жолдың орташа жөндеу жұмыстарына филиал жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы рейд жүргізді. Қазір 7,5 шақырым жол асфальтталған. Ауыспалы тәртіппен жұмыстың қалған бөлігі биыл, нақтырақ айтсақ маусым айының соңына дейін аяқталмақ.
Ал Қызылорда облысында Қызылжарма каналына су жіберіліп, тұрғындар сумен қамтамасыз етілді.
«Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалы басшылығының жеке қабылдауына Қызылорда қаласындағы мөлтек ауданның тұрғындары Қызылжарма каналына су берілмегендіктен, бау-бақшалары суарылмай жатқанын айтып, көмек сұрай барған.
Қызылжарма каналының ұзындығы 11,8 шақырым, ал оның бойында шамамен 130 мың халық тұрады.
Бұл мәселе бойынша «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов мәселені «Қазсушар» РМК мекемесінің басшылығы мен облыстағы су шаруашылығы саласының білікті маманы, Қызылорда қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Ж.Нұрымбетовтің қаперіне жеткізген.
Шағынаудан тұрғындары «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалына келіп алғысын білдірді.
Ал Шығыс Қазақстан облысы Кеңгірбай би ауылында тұрғындардың өтініші бойынша медициналық учаске ашылды. Ауыл халқы «Nur Otan» партиясы Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне медициналық қызмет көрсету мәселесін шешуге көмек көрсетуді сұрап жүгінген. Себебі олар бірнеше жыл бойы медициналық көмек алу үшін өз ауылынан 25 шақырым жерде орналасқан көрші Көкбай ауылдық округіне баруға мәжбүр болған. Жедел жәрдемнің келуі де мұңға айналған, қарапайым медициналық анықтама алу үшін ауыл тұрғындары көлік жалдауға және көрші ауылдық округке баруға мәжбүр.
«Nur Otan» партиясының Абай аудандық филиалы аудандық мәслихат депутаттары А.Үркімбаев және А.Балтақаевамен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдады. Осылайша, 590 адамға қызмет көрсететін жаңа медициналық учаске жұмысын бастады.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы Шаңырақ шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үй табиғи газбен қамтылды.
Тұрғындар үйге газ жүйесі тартылмағанын айтып, әкімдікке өтініш білдірген. Бұл мәселе партия филиалының төрағасы М.Ибағаровтың жеке қабылдауында, жылдық қорытынды есеп беру кездесулерінде көтерілген.
Мәселені реттеу бойынша қалалық құрылыс бөліміне тапсырма берілген, нәтижесінде қажетті қаражат бөлініп, газдандыру жұмысы басталды. Мердігер мекеме «ҚазТрансГазАймақ», «РЦКУ» мекемелерімен бірлесіп, 25 мамыр күні көппәтерлі тұрғын үй газға қосылды.
Партияның баспасөз қызметінің дерегіне сәйкес, жыл басынан бері азаматтардың өтініші негізінде 2 мыңнан астам түрлі рейд ұйымдастырылған. Партия мүшелері – орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары 11 мыңнан астам азаматты қабылдаса, ел бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 60 мыңнан астам өтініш түскен.