Ақпараттық қауіпсіздік: алтыннан құнды, алмастан өткір мәселе

Ақпараттық қауіпсіздік: алтыннан құнды, алмастан өткір мәселе

Ақпараттық қауіпсіздік: алтыннан құнды, алмастан өткір мәселе
ашық дереккөзі
Жаңа технологиялар адамның санасын, өмір сүру салтын түбе­гей­лі өзгертті. Қазір ақ­парат ең бағалы дү­­ниеге айналып отыр, тіпті оны жаңа за­­манның мұнайы деп бағалайтын бол­ған. Бірақ бұл жай ғана метафора емес: вир­туалды әлем­нің шынайы өмірмен біте қайнасып кеткені сонша, әлем бойынша күн өткен сайын әскери қауіп­сіз­діктен гөрі ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы ар­­тып барады. 2020 жылдың басында ға­лам­тордағы бар­лық ақпарат көлемі 44 зет­­табайтқа жеткен. Ал 2025 жылға қарай күн сайын пайда болатын дерек­тің көле­мі 463 экзабайтқа жетеді деген болжам бар. Ақпарат дамылдамайды немесе бір минут ішінде қанша дерек пайда болады? Іnternet world stats-тың 2021 жыл­­­ғы 31 наурыздағы статис­ти­­ка­лық дерегі бойынша, ғалам­тор­ды 5,1 миллиардтан астам адам бел­­­сенді түрде қолданады. Яғни, ақ­па­рат ағыны бір сәтке де толаста­май­ды. Жақында АҚШ-тың Domo компаниясы өзінің жыл сайынғы Data Never Sleeps ин­фог­ра­фи­касын жариялады. Онда әлем хал­қы бір минут ішінде интернетте қан­ша ақпарат алмасатыны туралы де­рек келтірілген. Сол дерек бойын­ша, 2020 жылы орташа есеппен ал­ғанда, әр минут сайын WhatsApp мес­сенджерінде 41 миллион 666 мың 667 хат жіберілген. Ал Facebook-ті қолданушылар 147 мың сурет жүк­теп, 150 000 хат жіберген. Ал ZOOM 208 мың 333 кездесуге қа­тысу­­­­шыны қабылдаған. Microsoft teams-ке 52 мың 83 қолданушы қо­сыл­ған. 404 444 адам Netflix-тегі муль­­­тимедиалық контентті көруге кір­ген. Instagram-ға 347 222 «сториз» жүк­телген. Ал осы 1 минут ішінде YouТube-қа салынған барлық бейне­жаз­баның ұзақтығы 500 сағат болса, Twitter-ге 319 адам тіркелген. Тұ­тыну­­шылар онлайн саудаға 1 мил­лион доллар ақша жұмсаған. Ал Tik­Tok 2 704 рет жүктелген. 1 мил­лион 388 мың 889 адам аудио немесе бей­не қоңырау шалған. Әр минут сайын ғаламторда осынша мәлімет пайда болады. Осыдан-ақ ақпарат ағынының тасқынын бағамдай бе­ріңіз. Әрине, бұл – жаңа заманның, адамзаттың ақыл-ойының жетістігі екені, сол арқылы алдымыздан үлкен мүмкіндіктер ашылғаны рас, бірақ оған қоса қауіптің барын теріске шы­ғара алмаймыз. Кибергигиена. Сіз туралы кез келген ақпарат өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін Қазір кез келген адам туралы не­гізгі мәліметті білу үшін әлеуметтік же­лілердегі парақшасын бір қарап шығу жеткілікті. Адамдардың көбісі жа­сыратын түгім жоқ деп, өзі туралы бар ақпаратты ашық қалдырады. Бұл қалыпты әрі еш зиянсыз көрінуі мүм­кін, бірақ осы арқылы сіз манса­быңыз, бизнесіңіз, жеке өміріңіз тіп­ті балаларыңыздың болашағын тәуе­келге тігуіңіз мүмкін. Яғни интернет сізді жақсы-танып білген сайын, онлайн алаяқ­тар мен хакерлердің оңай ол­жа­сына айналасыз. Сондықтан же­ке ги­гиенаны қалай сақтасаңыз, кибер­ги­гиенаға да соншалық мән беру қа­жеттілігі заман талабына айналып отыр. Кибергигиена – ақпараттық тұрғыдан сауатты адамның сақ­тық шаралары деп қарапайым тіл­мен айтуға болады. Ақпараттық сауаттылық ұғымы алғаш рет 1977 жы­лы АҚШ-та енгізіліп, ұлттық жо­ғары білім беру бағдарламасында қол­данылды. Яғни бұл – интернетті қол­дану кезінде цифрлық қауіпсіз­дік­тің қарапайым ережелерін сақтау де­генді білдіреді. Өзіңізді және жа­қын­дарыңызды интернеттегі ха­кер­лер­ден қорғау үшін желі гигиенасын сақ­тауды әдетке айналдыру керек. Ма­мандардың айтуынша, менің дерек­терімді не үшін «бұзып» алады, қы­зықты ештеңем де жоқ деп ойлау – үлкен қателік. Киберқауіпсіздік қа­ра­пайым адамға, кәсіпкерге, бала­лар­ға да шенеуніктерге де бірдей қатыс­ты. Жалпы 2021 жылғы мамырдағы статистикалық деректер бойынша ел тұр­ғындарының 88 пайызы компью­тер, смартфон, сондай-ақ стандартты бағдарламаларды пайдаланады.  width= Ең алдымен жеке деректердің қауіпсіздігіне қатты мән беру ке­рек. Қарапайым құпиясөз қол­дан­баған жөн. Компьютерді вирустар­дан, басқа да зиянды бағдарлама­лар­дан міндетті түрде қорғау керек. Пош­таға келетін зиянды хабарлама­лар мен фишингтік сайттарды ашпа­ға­ныңыз абзал. 31 мамырда «Мемле­кет­тік техникалық қызмет» АҚ KZ-CERT қызметі интернеттің қазақ­стан­дық сегментіне ақпараттық қауіп­сіздік қатерлері бойынша мо­ни­торинг өткізу кезінде ең осал 926 хостты айқындап, оларға талдау жүр­гізген. Қазір мұндай хабарлама­лар мессенджерлерде де кең тарап кет­ті. Көбіміз білмей тарататын ав­то­көлік және тағы да басқа қомақты ұтыс­тар туралы хабарламалар соның қа­тарына саналады. Бұрын елімізде зиян­ды хаттар ағылшын және орыс тіл­дерінде болған болса, қазір қазақ ті­лінде де тарала бастағаны байқа­лады. Одан бөлек, қазір жеке дерек­терді цифрландыру заман та­лабына айналып отыр, бұл қажет­тілік пандемия кезінде тіптен анық байқалды. Қазір әрбіріміз ақша ау­дару, несие рәсімдеуден бастап қол қоюға дейінгі процесті үйде отырып-ақ онлайн орындай беретін болдық. Бұл деректерді хакерлерден мем­ле­кеттік органдар қамтамасыз етеді, десек те, желідегі қылмыс пен алаяқ­тық­тың 95 пайызы адамның өз қа­те­лігінен болатынын естен шы­ғар­маған жөн.  width= Елімізде жеке дерек қалай қорғалады? Елімізде «Дербес деректер және олар­ды қорғау туралы» заң 2013 жы­лы қабылданды. Соңғы екі жыл ішінде елімізде киберқауіпсіздік саласын дамытудың негізгі тұ­жы­рым­­дамалары мен тәсілдері әзір­лен­ді. Cондай-ақ бірқатар заңнамалық актілер мен бұйрықтар әзірленіп, бекітілді. Бұдан басқа, зиянды кодты зерт­теу бойынша сынақ зерт­ха­налары құрылды, ақпараттық қауіп­сіздік бойынша бөлінетін грант­тар саны артқанын да айтып өту керек. Сондай-ақ Компьютерлік ин­­­циденттерге әрекет етудің Жеке қыз­меті (CERT) жұмыс істейді. Қыз­мет ақпараттық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету мәселелері бойынша мем­лекеттік, қоғамдық және басқа да ұйымдармен, сондай-ақ компью­терлік қауіпсіздік жөніндегі бағдар­ламалық-техникалық құралдарды әзірлеушілермен және жеткізу­ші­лермен байланыста болады. Ком­пьютерлік инциденттер туралы өті­ніштерді қабылдау және ақпараттық жүйе мен интернет желісін пай­далану­шыларға қауіпті жайттарды ескертеді, алдын алуға жәрдемдеседі. Компьютерлік құқықбұзушы­лық­тар­дың (хакерлік және вирустық шабуылдар) жолын кесу кезінде нұс­қау береді. Сондай-ақ, ақпараттық қауіп­сіздік комитетіне дербес де­рек­терді қорғау, аудит және тексеру жүр­гізу функцияларын жүктеу де жос­парланып отыр. Қазір қолымыздағы смартфоннан теледидарға дейін, тіпті тұрып жатқан үйімізге дейін, тіпті бүтін қалаларға дейін "ақылды" (smart). Яғни деректерімізді сақтап, өмірімізді жеңілдететін қызметтерді өздігінен атқарады. Еліміздегі ең алғашқы "ақылды" қала елорданың маңындағы Ақкөл қаласы болды. Когнитивті қала салу бойынша алғашқы жобаны осы қалада Tengri Lab ұжымының қызметкерлері жасады. Tengri Lab компаниясы жас мамандар тобын жинап, ақылды қалаларды құруда қолданылатын ең озық әлемдік тәжірибені талдаған. Қаланың жобасы әлемдегі "ақылды қалалардан" еш кем түспейді. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан қаласы аз уақыт ішінде түрленіп, елдің мәдени орталығына айналып отыр. Қалада цифрландыру жобалары белсенді түрде енгізіле бастады. Бұл жобалармен де Tengri Lab компаниясы айналысатын болады. Ұжымның ұйытқы болуымен тек Түркістан қаласында ғана емес, еліміздің барлық аймағындағы қалаларда smart жобалар қолға алынып жатыр. Жыл соңына дейін еліміздің 3 ірі қаласы 5G интернеттің игілігін көрмек. Интернет, байланыс тораптарын жаңарту мен жақсартуды да осы компания қадағалайды. Одан бөлек, қолда бар бар ақпаратты интеграциялау, сол алқымды деректерді талдау, оқу ордалары мен ауруханаларды цифрландыру сияқты мәселелерге де мұрындық болады.  width= Негізінен еліміздегі әрбір мем­лекеттік органның деректер базасы бар. Олар ақпараттың сақ­талуына және олардың құпиялылы­ғына қатысты нормалардың сақ­талуына жеке жауап береді. Алайда, олар­­дың ешқайсысында дербес дерек­­тер және оларды қорғау бойын­ша интернет мониторингімен ай­на­лысуға құзырет жоқ. Еліміз Ұлттық киберқауіпсіздік ин­дексі бойынша 160 елдің ара­сында 67-орында. Жаһандық ки­берқауіпсіздік индексінде 40-шы, Ақ­параттық-коммуникациялық тех­нологияларды дамыту индексінде 51-ші, Желілік дайындық индексі бойын­ша 39-шы сатыда тұрмыз.  width= Жалпы, біздің елдің киберқауіпсіздік бойынша потенциалын әлем сарапшылары оң бағалайды. Алайда киберсауаттылық бойынша көрсеткішіміз көңіл көншітерлік деп айта алмаймыз. Дегенмен Еуроодақ елдері де халқын ақпараттық тұрғыда сауаттандыру үшін аз уақыт жұмсамаған. Не десек те, ақпарат майданының алаңы күн өткен сайын шиеленісе береді. Оған қарсы қауқар-қуат қорғаныста ғана болмақ.