Автоапаттан ажал құшқандар − өзіне қол салғандар ма?..

Автоапаттан ажал құшқандар − өзіне қол салғандар ма?..

Автоапаттан ажал құшқандар − өзіне қол салғандар ма?..
ашық дереккөзі
Несін жасырамыз, бүгінде елімізде автоапаттан көз жұматын адамдар қатары аз болмай тұр. Тіпті ана бір кезде соның статистикасын тексергендер он жылда көліктердің соғылуынан немесе аударылып кетуінен өлгендер саны Ауғанстандағы он жылдық соғыста қазақ тапқандардан көп екенін анықтаған. Автоапаттың негізгі себептері жол-қозғалыс ережесін бұзу мен жылдамдықты шамадан тыс арттырудан болатыны белгілі. Бірақ одан сабық алып жатқан кім бар? Әрине, автоапат жалғыз біздің елде ғана емес, әлемнің барлық елдерінде де кездесетіні анық, бірақ олар түрлі жолмен сондай апаттардың алдын алуды ойластырып жатыр. Нәтижесіз де емес. Ал біздің елде бұл жағдай әлі күнге көкейкесті мәселе болып келеді. Елімізде жол көлік апатынан қаза тапқан жүргізушілерді өлімінің себебін анықтап, әлде біреулерді кінәлі қылып жатады ғой, ал мына көрші  Өзбекстанда қазіргі кезде оған басқаша қарайтын болып жатыр. Мәселен Өзбекстан Мұсылмандар басқармасы оған арнайы пәтуә шығарыпты. Онда былай делінген: Жол ережелерін сақтау міндетті. Мұсылмандар осы ережелерді адал және ыждағаттылықпен орындауы керек; Рұқсат етілген жылдамдықтан жоғары жылдамдықпен жүру салдарынан болған апат салдарынан қаза тапқан жүргізуші заңдық тұрғыдан шектен шыққан және өзіне қол салған деп саналады; Жол ережесін сақтамайтын немесе оны орындауға құлқы жоқ жоқ адамдардың көлік құралын басқаруына дұрыс емес; Жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайда көлік құралын басқаруға жол берілмеуі керек; Көлік құралы жолға жарамсыз болса, оны пайдалануға тыйым салынуы тиіс; Жол қоғамға ортақ нәрсе болғандықтан, жол қозғалысына қатысушылар бір-біріне сыпайы және мәдениетті болып, басқалардың мазасын алудан, дөрекі сөздер мен әрекеттерден аулақ болу керек. «Мұсылман адам жол ережелері, әдептілік пен мәдениетті қадағалау камералары немесе жол қауіпсіздігі жөніндегі қызметкерлер қадағалап отырғаны үшін емес, жол ережелерін сақтау ислам заңдарының талабы деп санайтындықтан орындауы керек. Сонда ғана жолда жүру де ғибадатқа айналады»,− делінген Өзбекстан  Мұсылмандар басқармасының мәлімдемесінде. Бұған дейін Өзбекстанда жол проблемаларын зерттеу және жою бойынша жұмыс тобы құрылғандығы, Өзбекстанда жол-көлік оқиғаларында қаза тапқан балалар саны жылдың бірінші тоқсанында 64,5 пайызға өскені және Ферғанадағы жол-көлік оқиғаларында 20 адам қайтыс болғаны туралы хабарланған болатын. Солайша, ендігіден былай көрші ел жол-қозғалыс ережерін сақтамағаны себепті, сондай-ақ жылдамдықты шектен асырудың кесірінен ажал құшқандарды да өзіне суицид жасаған деп санайтынын білдірді. Ал мұсылмандар түсінігі бойынша өзіне қол салғандардың құдайға қарсылық жасады деп жаназасы шығарылмайтыны белгілі...