ECOJER: Болашақтың бағдары – тұрақтылық

ECOJER: Болашақтың бағдары – тұрақтылық

ECOJER: Болашақтың бағдары – тұрақтылық
ашық дереккөзі
Кеше Нұр-Сұлтан қаласында онлайн форматта «Болашақтың бағдары – тұрақтылық» атты халықаралық ECOJER конгресі өтті. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы бұл алғашқы шара Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында арнайы ұйымдастырылып отыр.  width= Алдымен ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған үндеуін оқып берді. «Сіздерді І Халықаралық экологиялық ECOJER конгресінің ашылуымен құттықтаймын! Қоршаған ортаны жақсарту мәселесі – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Қазақстан Үкіметі экологиялық заңнаманы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына сай үйлестіруге және әлемдегі озық тәжірибелерді пайдалануға бағытталған дәйекті реформалар жүргізуде», - делінген үндеуде. Сондай-ақ Президент экономикалық өсімнің қарқынына, әлеуметтік ахуалға және азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін экологияның айрықша маңызды екенін атап өткен. «Сарапшылардың бағалауынша, ауа сапасының нашарлығы экономиканың өсімін тежеп, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің жыл сайынғы деңгейін 1,5-2 пайызға төмендетеді. Орнықты даму тұжырымдамасы «экология-экономика-қоғам» үштігінің үйлесімді ықпалдастығын көздейді. Біз экологиялық проблемаларды шешу мәселесін кейінге шегере алмаймыз. Жаһандық энергетикаға көшу, инновацияларды дамыту, цифрландыру бағыттары әлемдік нарықтың конъюнктурасын өзгертіп, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қолдануды қажет етеді», - дейді ол. Осы орайда Президент Қазақстан климаттың өзгеруіне қатысты мәселеде өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты қолдайтынын жеткізді. «Былтыр желтоқсан айында өткен «Климаттық амбициялар саммитінде» Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегінен ада ел болуға қол жеткізуге ниетті екені туралы айттым. Үкімет парниктік газдардың қалдықтарын азайтуды және көміртегінен ада экономика қалыптастыруды көздейтін ұзақ мерзімді стратегияны әзірлеуге кірісіп кетті», - деп, одан әрі орнықты дамуға қол жеткізу, экология проблемаларын шешу, экологиялық мәдениетті арттыру үшін қоғам, бизнес және үкіметтің күш-жігерін жұмылдыратын жаңа диалог алаңын құруды қолдайтынын да ескертті. Президент пайымынша, енді конгресс отырыстарын Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында өткізіп тұру дәстүрге айналуы тиіс. Бұл жолы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев біраз мәселенің басын қайырды. Оның айтуынша, алдымен климаттың өзгеруі су және азық-түлік қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді. Өйткені күннің ыстық болып бара жатқаны салдарынан табиғи су қорлары күрт азайып, мұздықтар шегіне бастаған. Мысалы Каспий теңізінің су деңгейі төмендеп, Жайық өзенінің ағыны да 3 есе қысқарған. «Каспий теңізінің деңгейі 2006 жылдан бастап төмендеп келе жатыр. 2020 жылға қарай теңіз деңгейі 1 метрден астамға төмендеп, Балтық жүйесі бойынша -28,23 метрге жетіп қалды. Тарихына қарағанда, теңіз деңгейінің -28,5 метр белгіге төмендеуі оның экожүйесі үшін қатерлі саналады», - деді министр. Осы аралықта теңіздің су бетінің ауданы 22 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарыпты. Оның жартысы Солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігіне тиесілі. Сондай-ақ Қазақстанда орташа жылдық ауа температурасы соңғы 100 жылдың ішінде 1,37 градусқа көтерілген. Ал ол дегеніңіз су ресурстары проблемасын туындатпай қоймайды. «Өйткені, Қазақстан көптеген трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан. Қазақстанға су ресурстарының 40 пайыздан астамы көрші елдерден келеді. Оған Жайық өзені айқын дәлел бола алады. Соңғы жылдары оның орташа жылдық ағыны 3 есеге қысқарып отыр», - деді Мағзұм Мырзағалиев. Министрдің айтуынша, суымыз сарқыла бастағанмен, алдағы 5 жылда орман-тоғайлы аймақтар 5 пайызға жететін көрінеді. «Президенттің тапсырмасы аясында алдағы 5 жылдың ішінде парникті газдардың сіңірілуін арттыру үшін 2 миллиард ағаш отырғызатын боламыз. Аталған іс-шаралардың нәтижесі республика аумағында орман-тоғайлы аймақты 5 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай табиғатқа бағдарланған шешім климаттың өзгеруі салдарынан қуаңшылық проблемасын тежеуге мүмкіндік береді деп есептейміз», - дейді ол. Осы орайда ECOJER қауымдастығының атқарушы директоры Қуаныш Балтабаев қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдерді нақты мақсаттарға жұмсау мерзімін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа кодексте бұл нормалардың 2022 жылдан бастап күшіне енетіндігі көзделген. «Бүгінде жергілікті бюджетке шоғырланатын барлық сома белгілі бір өңірдің экологиялық проблемаларын шешуге жұмсалатын болады. Егер ел шегінде алып қарайтын болсақ, бұл сома шамамен 80-90 миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл айтарлықтай қомақты сома және әрбір өңірдің экологиялық проблемасын біртіндеп шешуге мүмкіндік береді», - дейді Қуаныш Балтабаев. Ал ECOJER қауымдастығы кеңесінің төрайымы, Мәжіліс депутаты Лаззат Рамазанова Қазақстанның бүкіл әлеммен бірге климаттың өзгеруі құбылысы алдында осал екенін атап өтті. Еуропалық Одақтың ауылшаруашылығы жөніндегі комиссары Януш Войцеховский болса, климат мәселелерін агроөнеркәсіп кешені реформаларынан бөліп қарауға болмайды деп есептейді. Оның пікірінше, тұрақты ауыл шаруашылығы шағын және орта шаруа қожалықтарына қосымша құнын арттыруға нақты мүмкіндік беріп қана қоймай, климаттық міндеттемелерді орындауға да айтарлықтай үлес қосады. Өз кезегінде ЕО Қоршаған орта, мұхит және балық шаруашылығы жөніндегі комиссары Виргиниюс Cинкявичюс Қазақстан мен ЕО климат пен экологияға қатысты ең маңызды мәселелер бойынша, сондай-ақ жаһандық «жасыл экономикаға» көшуді қамтамасыз ету жолында тұрақты ынтымақтастыққа дайын екендігін мәлімдеді. Сонымен ECOJER конгресі аясында 7 панельдік сессия өткізілді. Сол сәтте қатысушылар Қазақстан мен ЕО арасындағы климаттық ынтымақтастықты, өндірісті «жасылдандырудың» болмысы мен келешегін, сондай-ақ айналмалы экономика және «ақылды қалалар» мәселелерін талқылады. Сонымен қатар талқыға жаңа Экологиялық кодекс ұсынылып, Экология министрлігінің өкілдері мен табиғатты қорғау жөніндегі белсенділер «Қалдықтарды жағу және қайта өңдеу» тақырыбы бойынша Қазақстанда қалдықтарды өртеу зауыттарын салудың оң және теріс жақтарын қарастырды. Ал конгресс қорытындысы бойынша Париж келісімі аясында Қазақстанның міндеттемелеріне қол жеткізуі жөніндегі ұсыныстары мен ұсынымдары көрсетілген резолюция қабылданды.