Атаулардың қазақылануы ‒ ұлттық мүдде талабы

Атаулардың қазақылануы ‒ ұлттық мүдде талабы

Атаулардың қазақылануы ‒ ұлттық мүдде талабы
ашық дереккөзі
Негізін қазақ ұлты құрайтын Қазақстан тәуелсіздігін бір жарым ғасырдан соң қайтарып алғанда, оның  бодандықта өмір сүрген кезеңнен қалған көптеген қиындықтармен күресуіне тура келді. Азаттыққа қол жеткізген елдің алғашқы жасайтын маңызды саяси ісінің бастысы ‒ деколонизация десек, бізде ол барлық тарапта теңдей жүргізілді. Соның ішінде біршама табысты шешіліп жатқаны ‒ ономастика мәселесі. Қоғам дамуы барысында ономастикалық атаулардың тарихи маңызы зор. Әлемде бiр де бiр мемлекет өзiнiң даму үдерісінде антропонимдер мен топонимдерсіз әрекет еткен емес. Бұл орайда Қазақстан да ежелгі дәуiрлерден бір қалыптасқан ұлттық ономастикалық жүйесiне ие екені белгілі. Алайда қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ономастика жүйесi XIX ғасырдың екiншi жартысынан бастап түбегейлi өзгерiстерге ұшырады. Өйткені ол алдымен Ресей империясының отаршылдық мүдделерiне, соңынан ХХ ғасырдың бас кезінде орнап, еліміз тәуелсіздігін алғанға дейінгі аралықта әмірін жүргіген Кеңес өкіметі қалыптастырған тоталитарлық жүйенiң саясатына еріксіз қызмет етті. Қазақстанға және көптеген елдеді өз құрамына қосып алып шексіз билеп-төстеген арғы отаршылдық пен бергі тоталитарлық режимдердiң идеологиясын жүргізгендер ономастиканы қоғамның тарихи-мәдени санасына әсер етудiң саяси құралына айналдырып, өздеріне не ұнаса, соны жасады. Соның нәтижесiнде қазақ ономастикасының болмысына өлшеусіз зиян келді. Солайша Қазақстан картасы сұмдық бұрмалауға ұшырап, өзінің тарихи ерекшелігінен айырылды... КСРО дәуірінде оның құрамында болған он бес одақтас ұлт республикаларында орталықтың өкімімен өте жөнсіз жүргізілген нәрсе ‒ жер-су, елді мекен және түрлі мекемелерге атау беру ісі еді. Елдің барлық аймағында коммунизм идеясының көсемдерінің аты қойылмаған елді мекен, колхоз, совхоз, мектеп, т.б. мекемелерді кездестірмеу тіпті мүмкін емес еді. Одан кейінгі кезекте кеңестік идеологияға өмірін арнаған үлкенді-кішілі тұлғалар тұрды. Содан кейін ғана әр ұлттың өзінің әдеби, мәдени саладағы классиктеріне орын тиетін. Көп саласы ономастика мәселесінің бұлай жасалуы ұлттық республикалардың тарихи жадын өшіру, сөйтіп оларды бірте-бірте орыстандыра беру саясатының мақсатынан туған-ды. Солайша мемлекет ретінде 74 жыл 2 айдай өмір сүрген қызыл империя осыдан отыз жылдай бұрын құласа да артына көптеген проблема тастап кетті. Сол проблеманың батысы да кезінде солардың қолдарымен бүлінген ономастика саласы, оның ішінде ‒ топонимика (жер-су атаулары). Індете қарасақ, елміздегі бүлінбеген ороним (қырат, шың атаулары), хороним (облыс, аудан атауы), агроним (жер бөлімшелерінің атауы), гидроним (су нысандарының атауы), ойконим (елді мекен атауы), астионим (қала атауы), урбаноним (қалаішілік нысан атаулары), комоним (ауылдық елді мекен атауы) қалмағандай. Есесіне экзонимдер (жерге отарлаушылардың не сырттан келгендердің берген атаулары) қаптап тұрды. Ал этнотопонимдердің (жер-суға жергілікті халық берген тарихи атаулар) бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі елдің жадынан мүлде өшуге шақ қалды. Бұл арыдан ойластырылып жасалған зымиян саясаттың жемісі еді. Дегенмен Қазақстан Республикасының тәуелсiздiк алуымен және халықаралық қатынастардың субъектiсi ретiнде қалыптасуы ұлттық ономастиканың әлемдiк кеңiстікке белсене араласуына жол ашты. Бүгінде еліміздің ономастикалық саясаты арқылы жаңаша сипатқа ие болған атаулар халықаралық ресми құжаттарда заңды түрде көрiнiс тауып келедi. Тәуелсіздіктен бергі жердегі елімізде жүргізілген ономастика саясаты негізінде шешімін тапқан атаулар жаңаруын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Ол ‒ алғашқы кезең, яғни, ұлттық сана сезімнің күшеюі негізінде өзгерген атаулар және Қазақстанның заң шығару институттары қалыптасып, арнайы заңдармен реттелген жаңа ғасырдағы атау беру дәстүрі. Тәуелсіздіктен бергі кезеңде жаңаша атауға ие болған үлкен қалалар бүгінде тарихи жадымызды қалпына келтіруге зор әсер етуде. Мәселен, қазіргі Жамбыл облысының орталығы ‒ Тараз қаласы. Ерте дәуірде Тараз деген атпен танылып, өз кезінде Ұлы Даладағы өркениеттің бесігі болған шаһарлардың бірі еді. XVIII ғасырда бұл қала Әулие-Ата деген атпен танымал болса, 1936-1937 жылдар аралығында Мирзоян деп аталған. 1937-1997 жылдары Жамбыл атанса, 1997 жылы 8 қаңтарда қалаға тарихи Тараз атауы қайтарылды. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік дәрежеде атап өтілгенде ең маңызды іс-шаралар қыркүйек айында осы Тараз қаласында өтті. Оның себебі осыдан бес жарым ғасыр бұрын Қазақ хандықтың негізі осы қалаға жақын маңда қаланып, тариқа кірген. Еліміздің батыс аймағындағы мұнайлы өлкенің ірі қаласының бірінің Атырау атануы да тәуелсіздіктің арқасы. Бұл араны халық алғаш рет Алтын Орда мемлекеті тұсында қоныс қыла бастаған. Ал Ноғай ордасы кезеңінде Жайық өзені сағасында орналасқан ол жерге балықшылар тұрақтап, елді мекен Үйшік атанған. Одан кейінгі дәуірде бұл өлкені казак-орыстар жаулап ала бастағанда 1640 жылы салынған қалашықтың аты Яицкий болған. Ресей патшасы Екатерина II Жайық өзенін (ол кезде орыстар Яик деп жүрген) арнайы жарлықпен деп Урал атауын өзгерткенде қаланың атауы Гурьев деп орыс көпесінің құрметіне өзгертілген. 1920 жылдары большевиктер Гурьевті Чапаев деп атағанмен кеін Гурьев атын қайта алған. Ал 1992 жылы қала атауы халықтың қалауы бойынша Атырау атауына ие болды. Еліміздің оңтүстік батысында Каспи теңізінің жағалауында орналасқан ерекше қала ‒ Ақтау. Кеңестік дәуірде үлкен қалаға айналған ол 1961-1964 жылдарда 1961-1964 жылдар аралығында Ақтау поселкесі, кейін Ақтау қаласы деп аталға. Бірақ 1964 жылы қала украин халқының классик ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко аталып, 1991 жылға дейін осы атауын сақтады. Сөйтіп еліміз тәуелсіздікке бет бұған кезеңде қоғамның қалауымен портты қала Ақтау атауын қайта алды. Сондай-ақ бұрын қазақ тілінде мағына бермейтін Маңғышлақ атанып кеткен облыстың аты да тарихи атауы Маңғыстау атын алды. Қазір Каспий теңізінің жағасындағы қала еліміздің ірі теңіз қатынасын реттейтін ірі портты қалаға айналып, заманға сай дамып жатыр. Тарихы қызық қаланың бірі ‒ Семей. 1718 жылы қаланың қазіргі тұрған жерінен18 шақырым жерде өздері басып алып, иелік еткен жерлерін қорғау және құрылыс салу туралы І Петр жарлығына байланысты салынған бекіністі орыстар «Ескі бекініс» деп атаған. Соны «Семиталатная крепость» (жеті палаталы бекініс) атаған, қала атауы содан шыққан деп айтқан орыстар. Бірақ кейінгі деректерде қаланың ежелгі атау «Сүмбе» болды дегенді айтады зерттеушілер. Қалай болғанда да, 1782-1997 жылдар аралығында уездік орталық, кейін облыс орталығы болған қала патша өкіметі кезінде де, кеңестік кезеңде де ресми түрде Семипалатинск деп аталды. 2007 жылы қала ресми түрде Семей деп аталатын болды. Қазақтың ұлы ақыны Абай атымен, алаш артақтыларының атымен байланысты тілге жиі алынатын Семей қаласы қазіргі күнде де еліміздегі танымал қаланың бірі. Содан соң бүгінгі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның бас қаласына айналғанша талай тарихты басынан кешті. Бұл маңда, шамамен VII ғасырда Бозоқ деген қалашық болған. ХІ ғасырдың басында бүкіл қазақ даласы қыпшақ мемлекеті болып аталып тұрған кезде гүлденген қала болған. Кейін уақыттың өтуімен Бозоқ ұмытылған. Қала тұрған аумақта көп ғасырлардан кейін қазақтар қоныстанып, бұл маң Ақмола атанған. Патша өкіметінің тұсында, 1862 жылғы 26 қыркүйекте қала мәртебесіне ие болып, оған Акмолинск атауы берілген. Кеңестік кезеңде Целиноград облысының орталығы, Целиноград деген атпен танылды. Тәуелсіздіктен бергі жерде тарихи Ақмола атауын алғанымен, ұзамай бұл қала жаңа Қазақстанның елордасы статусын алып, аты да, заты да өзгерді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Елбасының 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Замануи үлгідегі ерекше қалаға айналған Астана 2019 жылы 20 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Астана қаласының аты Елбасы Н.Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Қала қазір әлемге Қазақстан Республикасының астанасы ретінде ғана емес, Азиядағы үлкен халықаралық саяси-экономикалық орталық ретінде де танымал. Сөйтіп ел тәуелсіздігі арқасында орта ғасырдағы Бозоқ қалашығының орнына бүгінгі қазақ елінің бас қаласы Нұр-Сұлтан шаһары пайда болды. Елімізде кеңестік кезеңде атауы бұзылған қаланың бірі Алматы еді. Орта ғасырларда бұл маңда өмір сүргендер Алмалы деп атаған қаланың орнына патшалық Ресей кезінде орыс әскерлері бекініс салып оны Верный деп атаған және сол атау 1921 жылға дейін сақталған. Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан кеңестік кезеңдегі және қазіргі дәуірдегі еліміздегі ең үлкен қала ауызша Алматы делінгенімен, қызылдар өкіметі оның атын орыс тілі заңдылығына сәйкес ресми түрде Алма-Ата деп айтылып, жазылатын. Қаланың атауы «отец яблок» деген мағына береді деп өте ыңғайсыз пайымдағандар оның құрылуын орыстың Верный бекінісіне байланыстырып, ұзақ уақыт әділетсіздік жасалып келді. Дегенмен толық тәуелсіздігімізге қол жетпей тұрған кездің өзінде-ақ әсем шаһар өзінің тамаша атауын қайтып алды. Міне бұл айтылғандар бүгінде еліміз ғана емес, одан тысқарыға да танылған қазақты ірі қалаларына тиесілі. Бұл ұлтымыздың рухани санасына ерекше әсер етті деп айтуға болады. Себебі біз атын атын атап өткен қалалардың бұрынғы аттарын бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Яғни осы қалаларға байланысты жадтың жаңғыруы басталғаны анық. Сондай-ақ, көшелер мен мектептердің, т.б. мәдени-демалыс орындарының қазақылануы да біз айтып өткен қалаларда өте ерекше қарқынмен жүрді. Ал енді жұрт көңілінде жүрген түйткілдердің бірі ‒ әлі де талай ірі қалалардың атауларының қазақшаланбай жатқаны. Әсіресе, еліміздің солтүстік, шығысындағы қалалар. Ономастикаға байланысты неше жылдан бері қоғамда жиі талқыға түсетін нәрсенің бірі ‒ Павлодар мен Петропавл қалаларының аттары. Тарихи деректер бүгінгі Павлодар қаласының іргесі ерте кезде қаланғанын айтады. IX-XII ғасырларда қаланың бүгінгі тұрған жеріне жақын маңда Қимақия атты қала болған көрінеді.. Ол бір кездегі қимақтар мемлекетінің астанасы екен. Қала өмір сүруін тоқтатып жоғалғаннан кейін көшпелі түркі тайпалары, соңынан қазақтар мекендеген. Кейін бұл маңға орыс қоныс аударушылар келіп орналасып, 1720 жылы Коряков әскери бекінісі салынған. 1838 жылы Коряков станциясына айналады. Ал 1861 жылы әскери бекініс Павлодар деп аталды. Облыстар құрылғанда Семей облысына қарасты Павлодар уезінің орталығы болады. 1932 жылға дейін округтік қала болған Павлодар 1932 – 1938 жылдары Шығыс Қазақстан облысындағы аудан орталығы, 1938 жылы Павлодар облысы құрылғанда соның орталығына айналған. Павлодар атауына байланысты талас-тартыс көп. Соның бірі оның ертедегі қазақтар қойған аты Керекудің мағынасы Коряковқа байланысты емес, қазақша атауы «Керегежар» болған дейді. Сондай-ақ, оны «Коряков Яр» дегеннен шыққан дейтін де пікір бар. Ал орыс ғалымдары 1861 жылы жергілікті князь Павелдің құрметіне Павлодар (Павель сыйы) атауы берілген деп санайды. Қалайда көзге шыққан сүйелдей болып, өз жерімізде өзгенің сөзімен аталып тұрған маңызды қаланың атауын қайта қарайтын кез жеткен секілді. Оны «Ертіс» деп атай ма, «Керегежар» атауын дұрыс көре ме, әйтеуір мемлекет тарапынан қазақша атау берілуі тиіс қаланың бірі осы. Негізі Есіл өзенінің оң жағалауында 1752 жылы қаланды деп жүрген, 1936 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавль қаласының аты да халыққа ұнай бермейтін атау. Қазақтар оны бұрын Қызылжар атаған. Ол атаудың нақты неден шыққанына анық мәлімет жоқ, бірақ түрлі пікірлер бар. Дегенмен елдің көбі Қызылжар атауына ден қояды. Себебі ХХ ғасырдыңғ басында Қызылжар десе қазақтың бәрі осы қала екенін жазбай танитын болған. Демек, тарихи жадымен санасу да онша теріс болмайтын сияқты. Себебі қалай дегенде де қазақша атаудың жөні бөлек. Сондай-ақ, бір ғасыр бұрынғы құжаттарда, баспасөз материалдарында, әдеби шығармаларда Қызылжар аты жиі аталады. Атау беру мәселесінде кеңестік кезеңде өзінің қалыптасқан жүйесі болды, бірақ ол тарихи атауларды оп-оңай коммунистік идеяға жығып беретін сұқия саясатпен іске асырылып отырды. Ал қазіргі кезеңде атауларды қазақыландыру мәселесінде де жүрдім-бардым қарайтындар жоқ емес. Несін жасырамыз, асыра сілтеуді өзіне мін көре бермейтін қазақтар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көп нәрсеге тайпашылдықпен қарап, талай нәрсені бүлдіргені бар. Әр рудың атына қойылған қорларды айтпағанда, жергілікті маңызы бар атауларды «ананың атасы» мен «мынаның бабасы» басып қалған кездер болды. Ауылдардың, көшелердің, мектептердің аттарын әркім өз бабасына қарай сүйреп, ат беру мен ас беру нағыз қазақы бәсекелестікке айналып жүре берді. Бір қызығы, ол үдерістің бәрі «атауларды қазақыландыру» санатына жатқызылып, «пәлен облыс пәлен пайыз қазақыланды» деген жоғары берілетін рапорттарда көрініс тапты. Жер-суға атау берудің қазақи дәстүрі бұзылды. Бұрынғы санада «пәленшенің асуы», «түгеншенің сайы» деген сияқты кең далада қаптап жатқан атаудың өз тьарихы, себебі болатын еді. Сондай-ақ, жер-суға сирек жағдайда болмаса, адам аттары беріле бермеген. Кез келген облысқа барып, қаладан былай шыға бере жердің аттарын қарасаңыз соған көзіңіз жетеді. «Қалмаққырылған», «Қандыасу», т.б. сияқты жер аттары соғысты, ел қорғаушылардың ерлігін байқатып тұрса, «Қос бүйрек», «Қыз емшек», т.б. тау-төбелердің аттары олардың көрінісіне байланысты берілгенін білдіреді. Біздің бүгінгі ономастиканың бір назарға алатын нәрсесі осы. Мәселен, Алматының маңындағы Белбұлақ, Тұздыбастау, Талдыбұлақ, Ұзынағаш, Үшқоңыр секілді жер аттары табиғи ерекшелікке сай қойылған десек, кейінгі кезде қойылған «Кең дала», «Гүл дала», «Тау самалы» т.б. атаулардың сол жердің тарихына не табиғатына қатысы жоқ замануи «модный» атаулар. Бұндай атау беру ‒ қазақтың жер-су атауларын жасаудағы өз ерекшелігі барын ескермеу не білмеуді көрсетеді. Қалай десекте, атауларды қазақыландыру ісі елімізде аса қарқынды демесек те, жайлап жүріп жатыр. Әйтеуір соған қуанамыз. Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері 3 мыңға жуық атау өзгерген көрінеді. Оның арасында 1200-дей білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау ұйымдары, 30-ға жуық қала мен аудан атауы, 1 жарым мыңдай елді мекен және 20 мыңнан аса көше атаулары қайта рәсімделіпті. Бұл ономастиканы басқарып отырғандар тарапынан орындалған жұмыстардың жеміссіз емесін танытатын факт. Ал облыстардан мысал келтірсек, Жамбыл облысында тәуелсіздік жылдары саяси тұрғыдан маңызы жоғалған 1924 көше, 172 нысан, 146 елді мекеннің атауы жаңартылыпты. Кейінгі 15 жылдай уақытта облыс бойынша 300 көшеге жаңа ат берілген көрінеді. Қазағы қалың, халқы көп Түркістан облысында ширек ғасырда 250-ден аса елдімекенге тарихи атаулары қайтарылған және көшелер мен түрлі нысандарға жаңа ат қою ммәселесінде мың жарымнан аса ұсыныс талқыланған екен. Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы қаласында аз уақыт ішінде 160-тан аса көшенің аты өзгертіліп, 500-дей көшеге жаңа атау берілген. Осыларды саралап көрсек, негізінен жергілікті ұлт өкілдері тұратын оңтүстік өңірлерде қазақыландыру үдерісі ешқандай айқай-шусыз жүзеге асып жатқанын байқаймыз. Ал еліміздің негізінен өзге ұлт өкілдері көбірек тұратын солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында отыз ішінде жер-су, ауыл-қала аттары соншалықты өзгере қоймаған көрініп тұрады. Дегенмен, дұрыс түсінік жұмыстары жүргізілуінің арқасында табысқа жетіп жатқан жағдайлар да жоқ емес. Мәселен, оған кейінгі жылдарда Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстанда аудан, ауыл аттарының қазақшалануы, облыс орталығында қазақтың тарихи тұлғаларының аттарының көшелерге берілуі секілді жайларды келтіруге болады. Сондай-ақ, Қарағанды облысында аудан, ауыл аттарының, Қарағанды қаласындағы көше аттарының қазақшалануы да көңілге қуаныш сыйлайтын жағдай. Ал Көкешетау қаласында бірден 58 көшенің аттары қазақшаланаты жайында шешім шыққаны да ұлттық ономастиканың күшейіп келе жатқанын танытары анық. Осыдан бес жыл бұрын Ақмола облысында 300-ге жуық атаудың өзгертілуі онда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақи атауларға дұрыс қарайтының дәлелі. Мәселен, қазағының саны сол жердегі халықтың 20 пайызынан аспайтын бар Сандықтау ауданында жүзден аса көшесінің аты өзгертілген. Сондай-ақ бұл облыстағы Атбасар ауданындағы бірнеше селоға қазақша ат қойылып, орыс тіліндегі көптеген атаулардың орнын Кенесары, Наурызбай, Олжабай, Қабанбай, Аңғал батыр, Қарауыл Қанай би сияқты қазақтың тұлғаларының есімі берілген. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан қалаларында бұл мәселеде проблема болмаса да, жоғарыда айтқанымыздай, Шығыс, Солтүстік, Батыс және Арқа өңірлерінде жер-су атауларында өзгеріс әлі аз екені мәлім. Ең жаманы, елімізде әлі күнге дейін Ленин, Октябрь, Совет деп аталатын көшелердің бары ұлттық идеологиясын жүргізіп отырған тәуелсіз елге ыңғайсыздау. Кеңестік кезден мұраға қалған атаулар ешқандай дау-дамайсыз жойылуы тиіс. Себебі халқымызды тізесі батқан қызыл империяны еске салып тұратын ондай «мұралардан» құтылуымыз қажет. Содан кейін Қазақстанда өзге диаспоралардың рухани жағына бөлінуіне әсер ететін Ұйғыр ауданы, Русский радио, Грузин рестораны, СССР кафесі деген секілді атауларға жол беруге болмайды. Сол сияқты Нархоз университеті деген сияқты мағынасы екі ұшты, орыс сөзін қазақтікіндей мойындатып тұратын қитұрқы аттан да сақ болу керек. Қазақстан негізін қазақ халқы құрайтын унитарлы мемлекет. Сондықтан сананы жат идеологиядан тазартуға үлкен әсері бар ономастика мәселесі мемлекетіміздің қауіпсіздігі үшін аса маңызды істің бірі екені әрдайым қаперімізде жүргені жөн. Отыз жыл ішінде атқарылған істерге көз жіберсек, ұлттық мүдде талабына лайықты жауап беріліп жатыр деп есептеуге болады.