Түркі әлеміндегі бірегей университет
Түркі әлеміндегі бірегей университет
Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген институт университетке айналдырылды. Бірақ солардың ішінде қадым шаһар Түркістанда жаңадан ашылған Халықаралық қазақ-түрік университетінің орны бөлек. Біріншіден университет 1991 жылы ашылды, сосын ол еліміздегі халықаралық мәртебесі бар жоғары оқу орны болды.
1992 жылы 31 қазанда Анкарада Қазақстан мен Түркия үкіметі арасында осы оқу орнын «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге қол қойылды. Келісім Қазақстан және Түркия Парламенті ратификациялағаннан кейін күшіне енді.
Биылғы наурыз айынан бастап Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры болып Жанар Темірбекова тағайындалды. Ә дегеннен-ақ, жаңа ректор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» қағидасын басшылыққа ала отырып, өз жұмысын барынша әділ әрі жариялы түрде жүргізетінін айтқан болатын. Жанар Амангелдіқызы – экономика ғылымдарының кандидаты, Түркияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнында білім алып, Халықаралық қазақ-түрік университетінің Анкара қаласындағы Өкілетті кеңесінде, сонымен қатар, ТҮРКСОЙ сынды халықаралық ұйымдарда да еңбек еткен. Қазақстанда да бірнеше жоғары оқу орнында табысты еңбек етіп, шебер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде танылған тәжірибелі маман. Жаңа технологиялар қарыштап дамып, білім мен ғылымның бәсі биіктей түскен дәуірде жаңаша ойлайтын менеджерлердің университет басшылығына тағайындалуы – оң үрдіс.
[caption id="attachment_147920" align="alignnone" width="1160"]
Университет құрамында медициналық факультеті бар халықаралық full university жоғары оқу орындарының категориясына кіреді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат, интернатура, магистратура, резидентура және докторантура сияқты көп деңгейлі бағдарламалар жүйесі негізінде жоғары базалық білім беруді қамтамасыз етеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қабылдау мемлекеттік білім беру гранттары, келісімшарт (ақылы) және Түркия квотасы негізінде 105 мамандық бойынша білікті мамандарды даярлауды жүзеге асырады.
Университет құрамында 10 факультет, Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі, кәсіби колледж, 6 ғылыми-зерттеу институты, докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандандырылған диссертациялық кеңес қызмет көрсетуде. Университетте 10 мыңға жуық студент, интерндер, магистранттар, резиденттер мен докторанттар білім алып жатыр.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылу және қалыптасу тарихы түркі өркениетінде ерекше орын алған Түркістан қаласының тарихымен байланысты. Көне қаланың айрықша геосаяси орналасуы мен оның түркі халықтарының мойындалған рухани орталығы ретіндегі маңызын ескере отырып, университетті заманауи жоғары білікті мамандарды даярлаумен қатар құрудың негізгі мақсаты – түркі халықтарының ғылыми және мәдени көне орталығы, түркі әлемінің заманауи рухани астанасы – Түркістан қаласын жандандыру және дамыту.