Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі ұзартылды
Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі ұзартылды
Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының таныстырылымы болып өтті. Оған Парламент депутаттарымен қатар, мемлекеттік органдардың, еліміздегі барлық дәрежедегі қоғамдық ұйымдардың, партиялардың, жұмыс берушілердің өкілдері қатысты деп хабарлайды egemen.kz.
Комитет отырысында Денсаулық ақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары жобасының негізінде елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2017 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілу міндеті қойылғандығын атап көрсете келіп, халықаралық тәжірибеде бағаланған бұл жүйенің Қазақстан тәжірибесіне енгізілудегі алғышарттарына тоқталды. Денсаулық сақтауды қаржыландырудың жаһандық модельдері бойынша медициналық сақтандыру жүйесінің үш түрі – мемлекеттік, қоғамдық және жеке сақтандыру түрлері бар. Мәселен, Ұлыбритания, Италия, Испания және Швецияда медициналық сақтандырудың мемлекеттік түрі жұмыс істейді. Яғни, халықтың медициналық қызметтермен қамтылуы мемлекеттік бюджеттің есебінен қамтамасыз етіледі. Ал Германия, Франция, Бельгия сияқты мемлекеттерде қоғамдық сақтандыру түріне басымдық берілген. АҚШ-та денсаулық сақтауды қаржыландыру жеке сақтандыру тәсілі бойынша қаржыландырылады. Орталық және Шығыс Еуропаның 16 елі, сондай-ақ Түркия денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға реформалар жүргізе отырып, бюджеттік қаржыландырудың орнына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) моделіне тоқтады. Қазақстан да тәжірибеден өткен осы жүйені таңдады.
МӘМС-тің қазақстандық моделі қаржыландыру көздерін әртараптандырудың есебінен орнықты және жүйелі жұмыс жүргізуді көздейді. МӘМС бойынша елімізде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі толық сақталады. Сонымен бірге, қазақстандықтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек көлемі көрсетілетін болады. Атап айтқанда, оған амбулаториялық медициналық көмек: БМСК және КДК, жоспарлы түрдегі стационарлық медициналық көмек, жоспарлы түрдегі стационарды алмастыру көмегі, дәрілік қамтамасыз ету және басқалар кіреді.
Бұдан бұрынғы қабылданған жобада жаңа жүйе бойынша келер жылдың 1 қаңтарынан мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлей бастауы керек еді. Бүгінгі отырыста Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова атап көрсеткендей, жаңа заң жобасы бойынша аударымдар мен жарналарды төлеу, сонымен бірге МӘМС жүйесінің барлық үдерістерінің жұмыс істей бастау мерзімдері өзгеретін болды. Сөйтіп, МӘМС қорына (бұдан әрі – Қор) төленетін жарна 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылады.