Alga Peterburg: Әлем жұлдыздары Димашқа қарап бой түзейді

Alga Peterburg: Әлем жұлдыздары Димашқа қарап бой түзейді

Alga Peterburg: Әлем жұлдыздары Димашқа қарап бой түзейді
ашық дереккөзі
Осыдан үш жыл бұрын Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті болған Санкт-Петербург тұрғындарыYouTube платформасындағы «Эхо Петербурга» каналында ол туралы ақпарат бере бастады. Кейіннен Димаштың өмірі мен өнері туралы көп дерек беру үшін олар Alga Peterburg ка­на­лын ашты. Бастапқыда тек Димаштың шығармашылығына арнал­ған бұл каналда бүгінде Қазақстан, қазақ мәдениеті мен салт-дәс­түр­лері туралы сұхбаттар, репортаждар, фильмдер көптеп жүктеледі. Қа­зір Түркістан қаласының жаңаруы туралы фильм әзірлеуге кірісіп кет­кен петербургтік шығармашылық топқа хабарласып, әңгі­ме­лескен едік. https://www.youtube.com/watch?v=6GDQuhPfhu4   Túrkistan: Алғашында сіздер жүр­гіз­ген «Эхо Петербурга» каналының атауын Alga Peterburg деп Димаштың шы­ғар­ма­шылығымен танысқан соң өзгерт­тіңіздер ме, әлде жаңадан канал аш­тыңыз­дар ма? Alga Peterburg: Жаңа канал аштық. Не­гізінен біз спортпен белсенді түрде шұ­ғыл­да­нып, спорт мектептерімен тығыз байланыс ор­натып, тіпті жеке команда құрдық. Сөйтіп жүр­генде Димаш туралы естіп-біліп, оның шы­ғармашылығымен таныса бастадық. Фе­номен ретінде танылған оның өнерінің адам­дарға неліктен ерекше әсер ететінін біл­гіміз келді. Өнерінен бөлек, оның сахнада өзін-өзі ұстауына, ашық-жарқын мінезіне, үл­­кендерді сыйлауына, кішілерге құрмет көр­­сетуіне өте-мөте тәнті болдық. Сөйтіп, та­­ныстарымыздан, достарымыздан, спорт­шы­­лардан ол туралы сұрай бастағанымызда Димашты ешкім білмейтін болып шықты. Сосын ол туралы деректер жинастыруды жөн көр­дік. Осылайша, 2018 жылдың күзінде Ди­маш деген жаңа әлем аштық. Шыны керек, ол уақытта Димаш туралы мәліметтер аз бол­ды. Жоғарыда сіз айтып өткен «Эхо Пе­тербурга» каналы арқылы Димаш пен оның шығармашылығы туралы ақпарат бере бас­тадық. Тағы бір түрткі болған жайт, Ди­маш «Но­вая волна» халықаралық байқауында «Лю­бовь уставших лебедей» әнін жан-тәнімен бе­ріліп айтып шықса да, залда отырған көрер­меннің реакциясы, олардың жым-жырт болып отыруы бізге ұнамады. Сөйтіп, Ди­маштың сол концерттегі керемет орындауы мен оның өнеріне таңданған көрерменнің реак­циясы түсірілген видеоны қосып, фан-клип жасап шығардық. Оған дейін мұндай ви­деоны қалай жасайтынын да білмейтінбіз.Тіпті, YouTube-тың тілін толық түсінбейтін едік. Сол ролик 80 миллионнан астам мәрте көрілді. Бірақ кейіннен ол канал бұғатталып қалды. Айта кетерлік жайт, Димаш туралы ка­нал жүргізе бастаған соң, оның әлемнің түк­пір-түкпіріндегі жанкүйерлерімен бай­ланыс орнатып, араласа бастадық. Димаштың кө­мегімен географиялық білімімізді жақ­сартып алдық десек те болады. Сол шетелдік жан­күйерлерге Димаш туралы ағылшын және испан тілінде хабар тарататын Echo Pitera каналын ашқан болатынбыз. Екі ка­нал­ды дамыту үшін тынбай жұмыс істедік. Алай­да 2020 жылдың басында танымал екі каналдың екеуі де жабылып қалды. Сөйтіп, ақылдаса келе сол жылдың наурыз айында Alga Peterburg ка­налын аштық.  width= Túrkistan: Әдетте Димаштың жан­күйер­лері аудитория жинау үшін YouTube-тағы канал атауына оның есі­мін немесе Dears сөзін қосқанды құп са­найды. Ал сіздер Димаштың шығар­ма­шылығы үшін ашқан каналды неліктен Alga Peterburg деп атадыңыздар? Alga Peterburg: Былтыр бізді үнемі қол­дап жүретін жазылушыларға YouTube-та Димаш туралы жаңа канал ашатынымызды айтып, каналды қалай атасақ болады деп ақыл-кеңес сұраған болатынбыз. Олар ұсынған көп нұсқаның ішінен «Алға» сөзі ерекше ұнады. Оған дейін сәтті жүргізіп келе жатқан екі каналды жауып тастаса да, әлеуе­тіміз артып, күшіміз тасып тұрған кезде «ал­ға» деп өзімізді қамшылап, жұмысты ары қа­рай жалғастыру керек деп шештік. Негізі, каналдың атауында Димаштың есімі болмаса да, жанкүйерлер бізді оңай тауып ала алады. YouTube-та тек атау бойынша емес, басқа жол­мен аудитория жинауға болатын сиқыр­лы тетіктер бар. Егер канал атауына Димаш­тың есімін қоссақ, көрермен бізді тек фан-парақ­ша ретінде қабылдайтын еді. Ал біз фан-парақша емес, үш адамнан құралған, Ди­машты жан-жақты таныту үшін қыруар жұ­мыс атқарып жүрген шығармашылық топ­пыз.  width= Túrkistan: Каналдың сипаттамасында «Біз тек Димаш туралы айтатын бола­мыз» делінген. Бірақ Димаштан өзге қа­зақ­стандық әншілер, әртістер әрі қа­зақ мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы да көп контент әзірлеп жүрсіздер. Мұның бар­лығын қамтуға Димаштың шығар­ма­шылығы түрткі болды ма? Alga Peterburg: Әдепкіде Alga Peterburg-ті тек Димаштың шығармашылығына ар­най­мыз деп ойлағанбыз. Димаш пандемияға дейін Arnau әлемдік турне аясында көп кон­церт қойып, түрлі іс-шараларға қатысты. Ди­маштың шығармашылығындағы өрлеу сол ке­зең болды. Тіпті, іс-шаралардың көптігінен ка­налға материалдар жариялап үлгермей қа­лып жүрдік. Пандемия басталған соң, әлем әншілері секілді Димаштың да барлық жос­пары кейінге шегеріліп, шығармашылығында үзіліс болды. Ал сол уақытта біздің әлеуеті­міз­дің мол болғаны соншалық, ақырында өз-өзімізді «тоқтата» алмай, каналға қазақ мә­дениеті мен өнеріне қатысты өзге қы­зық­ты материалдар әзірлеп салғымыз келді. Сөйтіп, Қазақстанның мәдениетін, жас өнерпаздарды, әсіресе Ержан Мақсым мен Да­нелия Төлешованың өмірі мен шы­ғар­машылығын зерттей бастадық. Кейіннен бұл қатарға Иманбекті қостық. Осы зерт­теулер­ден қазақтың жас өнерпаз­дары­ның әлем әншілеріне сахнада өзін-өзі қалай ұстау ке­рек жағынан ғана емес, сондай-ақ, қалай ең­бектену, діттеген мақсатқа қалай жету ке­рек мәселесі бойынша да үлгі көрсетіп жүр­генін байқадық. Жалпы, бастапқыда уә­де­лескендей шығарылымдарда дін, ұлт, саясат тура­лы сөз қозғамаймыз. Alga Peterburg – мә­дени канал, мақсатымыз – ақпаратты мә­дениет призмасы арқылы тарату. Ә дегенде Ди­маштың шығармашылығына қызықтық, кейіннен Димаш арқылы қазақ мәдениетін танып-білуге қызығушылық пайда болды. Сосын бұл керемет мә­дениет жайында біз ғана біліп қоймай, әлем жұртшылығы білуі керек деген ой түйдік. Оған қоса, көптеген деректен хабардар бола бас­­таған соң, Қазақстан мәдениетін әлемге та­­ныта алатынымызға, оған білген-­түй­гені­міз, әлеуетіміз жететініне көз жеткіздік. Ди­маш жүрген жерінде өз мәдениетін, әдет-ғұрпын әркез насихаттап жүреді. Димаш се­кілді қазақ мәдениетін әлемге таныту аз да болса біздің де қолымыздан келіп жатқан секілді. Біз мұны игі іс деп білеміз. Өйткені өзге ұлттың мәдениетімен таныс болсаң, нәсілі, ділі, дініне қарамастан адамды тез тү­сінесің, оңай тіл табысасың. Димаш осыған кө­зімізді жеткіздік. Негізі, осы каналды жүр­гізгелі бері көп нәрсені түсіндік, түйдік, есейдік. Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ди­маштың концертіне барғанымызда жер­гілікті жанкүйерлер ұйымдастырған Nomad time деген іс-шараға қатыстық. Онда қо­лө­нершілер мен бүркітшілердің өнерін, ұлттық ойындарды тамашаладық. Үлкен киіз үй тігілді. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағам­дары­нан дәм таттық. Керемет ұйымдас­тырылған бұл іс-шарадан әсер алғанымыз соншалық, тіпті әлі күнге дейін бауырсақтың тіл үйірген дәмі есімізден кетпейді. Сол кез­десуде қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болған біз тіпті жүргізушіден мик­ро­фон­ды «жұлып» алмақшы болып, бізге бауыр­малдық танытқан қазақ халқына ыстық лебізімізді білдіріп, жылы сөз айтпақшы бол­дық. Айта кетерлік жайт, Alga Peterburg ка­налының алпыс пайызға жуық жазылу­шысы – қазақ. Достарымыздың көбі де – қа­зақтар. Біздің шығарылымдарды қалт жі­бер­мей көретін олар бізді ара-тұра түзеп, ақыл-кеңес беріп отырады. Сол себепті олармен бір отбасының мүшесі секілді араласатынымызға шексіз ризамыз. https://www.youtube.com/watch?v=Aul0SccBC4c Túrkistan: «Душа казаха, сердце ка­заха – домбыра» деген шығарылымда Ал­матыдағы музейлердің бірінен ре­портаж жасап, қазақтың ұлттық аспап­тары, соның ішінде домбыра туралы жасаған зерттеулеріңізді жарияла­дыңыз­дар. Сонда сол үшін Алматыға ар­найы бардыңыздар ма, әлде? Alga Peterburg: Нұр-Сұлтанда өткен концертке барғанда көптеген адаммен байланыс орнаттық. Солардың бірі музейде қыз­мет етеді екен. Ол кісі Алматыға келіп, музей жайында репортаж жасауды ұсынды. Бір жылдан соң Алматыдағы шығармашылық топта жұмыс істейтін достарымыз музейдегі аспаптар туралы видеолар түсіріп берді. Мә­тіні мен субтитрін әзірлеп, каналға жүк­тедік. Түсінгеніміздей, қазақтың салт-дәстүрі барлық адамзатқа сәйкес келетін секілді. Бәрінен бұрын бізді отбасы мәдениеті мен тұрмыс салты қатты таңғалдырды. Мейлі қалада болсын, ауылда болсын, үлкен жанұя­ның үстел басында отыруы, үлкендердің дастарқан басында кімнің қайда отыраты­нын шешуі, дастарқанға табақпен ет әкел­ген­де үйдің үлкенінің етті әркімге бөліп беруі ерек­ше ұнады. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан бұл дәстүрге таңырқамау мүм­кін емес. Мұндай ерекше салт-дәстүрлерді зерт­теудің өзі қызықты. Сосын жеті атаға дейін қыз алыспау салты бойынша зерттеу жүр­гіздік. Сонымен қатар, Димаш ата-әже­сінің қолында өскендіктен, қазақтардың тұң­ғыш немерені ата-әжесінің тәрбиесіне беру маңызын зерттедік. Біз түгілі, тіпті Ди­маштың көптеген шетелдік жанкүйерлері де мұның мә­нін өз бетінше зерттепті. Түсінуімізше, қазақтар бірінші немерені жаңадан отбасын құр­ған жас ата-анаға оңай болсын деп үлкендердің тәрбиесіне берген. [caption id="attachment_147898" align="alignnone" width="1024"] width= Санкт-Петербургте өткен Димаштың концертінен кейінгі жанкүйерлермен кездесу[/caption] Túrkistan: Каналдарыңыздағы ай­дар­лар атауы үнемі өзгеріп отыратын се­кілді... Alga Peterburg: Негізі, бізде отызға жуық айдар бар. Уақыт өте келе көзқарас, қы­зығушылық өзгереді, сол секілді айдарлар да үнемі өзгеріп отырады. «Жаңалықтар» ай­дарында Димаш пен өзге қазақстандық өнер­паздар туралы жаңалықтар жария­лаймыз. Ал «Шолу» айдарында Димаш феноменін зерт­тейміз. Бұдан бөлек, жоғарыда айтқандай, қа­зақтың өнері, салт-дәстүрі туралы жасаған өз зерттеулерімізді жариялаймыз. Сондай-ақ, Абай­дың 175 жылдығы қарсаңында Абай өмі­рін жіті зерттеген қауымдастықпен бай­ла­ныс орнатып, көп мәлімет білдік. «Көз­қарас» айдарында Димаштың әндерін тыңдау ке­зіндегі тыңдаушының реакцияларын жариялаймыз. Өзіңіз білетіндей, қазір Димаштың орындауындағы әнге реакция білдіру арқылы танымал болып жатқандар жетерлік. Арасында аз қаралым жинағандары да бар. Оларды да әлем танысын деген мақ­сатпен видеоларды біріктіріп, жариялап отыр­дық. Тіпті бұл видеолар көпке дейін трен­тде болды. Алайда авторлық құқық бойын­ша шектеулерге байланысты олардың санын қысқартуға тура келеді. «Қонақ» ай­дарында Димаштың шығармашылығымен таныс танымал адамдармен онлайн сұхбат жүргіземіз. Мысалы, Құдайбергеновтер жанұя­сының жақын досы, ол кезде академия ректоры қызметін атқарған Асхат Мае­ми­ровпен, сондай-ақ, журналист Дана Нұр­жігіт­пен сұхбат құрдық. Сондай-ақ, Ди­маш­тың шы­ғармашылығымен етене таныс шетел­діктермен де әңгіме-дүкен құрдық. Мысалы, Ливанда тұратын кәсіби музыкант Хамда Фархат Димаштың орындауындағы әндердің адам денсаулығына оң әсер ететінін, оның әндері ауруды жазатынын түсіндіреді. «Dears хикаялары» айдарында әлемнің әр бұры­шындағы Димаштың жанкүйері оның шы­ғармашылығымен танысқан соң өмірінің қалай өзгергенін баяндайды. Сондай-ақ, онымен кездескен сәттерін баяндайды. Бір жанкүйердің Димашқа Майкл Джексонның қолы қойылған картина сыйлағаны туралы айтқаны есімізде. Ал «Репортаж» айдарында Қа­зақстанның қалалары мен Санкт-Пе­тербургте өткен іс-шаралар және Димаштың концерттері туралы сюжеттер жасаймыз. Үлкен сұранысқа ие «Алға Димаш» айдарын­да кәсіби әншілер мен қарапайым жанкүйер­лердің қатысуымен онлайн концерт өт­кіземіз. Күні бүгінге дейін екі сағатқа жалғасқан алты концерт ұйым­дас­тырдық. Әр концерт сайын қатысушылар ті­зімін ұлғайтуға тырысамыз. Алдағы уақыт­та «Саяхат» айдарын ашқымыз келеді. Қазақ­станға тек Димаштың концерттерін тамаша­лауға барып қайтпай, қалаларды көлікпен, мотоциклмен аралағымыз келеді. Жуырда Түркияға барып келдік. Онда тұратын қазақ­тармен танысып, дастарқандас болдық. Бұл керемет кездесулер жайында әзірлеген ро­лик­тер көрерменнің көңілінен шықты. Қазір Alga Peterburg-тен (115 000 жазылушы) бөлек, Димаштың шетел­дік жанкүйерлеріне арналған Echo Pitera (22 000 жазылушы) каналын қайта қалпына келтірдік және сая­хат туралы репортаждар жариялайтын «Эхо жизни» каналын аштық. https://www.youtube.com/watch?v=F9bbV6DU4iM   Túrkistan: Санкт-Петербургте өткен кон­цертте Димашпен кездесе алдыңыз­дар ма? Димаш Alga Peterburg каналы туралы біле ме, қалай ойлайсыздар? Alga Peterburg: Димаш Alga Peterburg туралы біледі деп сенеміз. Ал Санкт-Петер­бургте 2019 жылғы 29 қарашада өткен кон­церт туралы репортаж әзірлегенбіз. Димаш­пен кездесе алмасақ та, осындай қуанышты бөлісетін достарымызды, концертке келген жанкүйерлерді шақырып, кездесу ұйымдас­тырдық. Бұл кешке жалпы саны үш жүздей адам келді. Түрлі байқаулар өткізіп, ән ай­тып, би билеп, керемет көңіл көтердік. Естен кетпес күн болды. Ал Димашпен Минскіде өткен ІІ Еуропалық ойындардың ашылу сал­танатынан кейін кездейсоқ кездесіп қалдық. Біз сол ашылу салтанатында ән шырқайтын Димаш туралы репортаж жасау үшін арнайы барған едік. Сол кезде Димаш Санкт-Петер­бург халқына сәлем жолдап, ыстық лебізін білдірген болатын. Túrkistan: Алдағы уақытта каналға жа­зылушылар санын қазіргіден бетер кө­бейту үшін қандай жоспар құрып отырсыздар? Alga Peterburg: Қазір бізде идея көп, тиі­сінше жоспар да өте көп. Жанкүйерлер күн сайын небір қызықты идеялар ұсынып, ойы­мызға ой қосып отырады. Жоспар­лары­мыз туралы сөз етсек, маусым айында Түр­кия­ның Алания қаласында Абай ескерт­кі­шінің ашылуы туралы репортаж әзірлемек­шіміз. Онда тұратын қазақтар бізді күтіп алып, көмектесуге ниет танытып отыр. Со­сын Түркістан қаласының жаңаруына қатыс­ты фильм әзірлеуге көшеміз. Қазір барлық түркітілдес халықтың рухани тұрғыда басын біріктіретін Түркістан туралы зерттеулер жүр­гізіп, деректер жинастырып жатырмыз. Сосын, әлбетте, пандемия тезірек аяқталып, Димаш гастрольге шықса екен дейміз. Сол кезде өмір басқа арнаға бұрылатыны анық. Осы ретте айта кететін жайт, Димаш адамды өзгертеді, әсіресе, беделі жоғары жұлдыздар­дың мінез-құлығын өзгертеді. Қазір барлығы Димашқа қарап бой түзейді. Оның шығар­машылығымен етене танысқан кез келген адамның жүрегі жылып шыға келетіні хақ. Каналымызда қонақ болатын сарапшылар оның шырқаған әнін тыңдаған соң, адам­дардың мейірімді, рақымшыл, қайырымды бола бастайтынын жиі айтады. Жалпы, Ди­маштың шығармашылығымен танысқанға дейінгі өміріміз бен кейінгі өміріміздің арасы жер мен көктей. Жалғыз біз емес, көпшілік те осылай өзгерді деп ойлаймыз. Біздің негізгі мақсатымыздың бірі – көпшілікке Димаш­тың осындай ерекше қыры туралы айтуға мүм­кіндік беру.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ