Алматыға 26 миллион теңгеге шетелдік блогерлер шақырылады

Ондағы мақсат – қаланың халықаралық және ішкі нарықтағы брендтерін әлемге таныту, – деп хабарлады Алматы қалалық туризм басқармасы.

Блог-тур екі кезеңге бөлінген. Біреуі биыл 2/3 тоқсанда, екіншісі 3/4 тоқсанда өткізіледі. Әр кезеңде Грузия, Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Түркия, Корея, БАӘ және Гонконгтен 20 блогер шақырылады. Бұл елдердің таңдалуы Алматыға тікелей рейстердің болуы және жаңа саяхат орындарын іздейтін, төлем қабілеті бар аудиторияға байланысты болды.

Бағдарлама аясында шетелдік блогерлер Қазақстанның тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін жерлерді аралайды.

«Бұл сома туристік нысандарды аралауға, виза рәсімдеуге, тамақтану, медициналық көмек, бару-қайту эконом-класс әуе билеті, орыс және ағылшын тілдерінде гид-аудармашыға жұмсалады. Сондай-ақ блогерлер үшін қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу бойынша шеберлік сыныбы және ұлттық киімдегі фотосессиямен қолөнершілер шеберханасына бару ұйымдастырылады. Қазақстанға келген қонақтарға ұлттық кәдесыйлар ұсынылады. Блог -тур Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып өткізіледі», – деп атап өтті басқармадағылар.

Back to top button