Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: Ғылымның өлшемі де, талғамы да – парасат

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: Ғылымның өлшемі де, талғамы да – парасат

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: Ғылымның өлшемі де, талғамы да – парасат
ашық дереккөзі
– Биыл еліміз Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отырған мерейлі жыл. 30 жылда ел егемендігін нығайта түсу үшін қыруар шаруа тындырылғанына уақыт куә. Осы бір елең-алаң шақта ел астанасының арқаға қоныс тебуінің өзі қайталанбас тарихи оқиға болды. Елорданың рухани-мәдени өмірін толыстырып, мемлекетшіл болмысын қалыптастыруға үлес қосқан айтулы ұжымның бірі  – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ.  Биыл бұл оқу орнының да  құрылғанына 25 жыл болды. Осы ширек ғасырда оқу орны қандай белестерді бағындырды? Осы университеттің басқалардан қандай артықшылығы немесе айырмашылығы бар? Әңгімені осы тақырыптан бастасақ.  – 25 жыл, ширек ғасыр – кез келген оқу орыны үшін есеп беретін, өзінің деңгейін анықтайтын меже. Біздің қандай жетістікке жеткеніміз жайында әртүрлі БАҚ-та, есеп беру жиындарында айтылып, жазылып жатыр. Бірақ жалпы халыққа ұғынықты болу үшін оқу орны бағындарған негізгі 3-4 белесті атап өтсек дейміз. Біріншіден, ғылым тілінде трансформация деген ұғым бар. Бұл – кеңестік қоғамнан қалған ескі жүйеден жаңа жүйеге өту, жаңа мамандардың негізін қалыптастыру. Ол ең әуелі жаңашыл білім бағдарламаларын енгізу арқылы іске асады. Қазір бұл жүйені ата-ана да түсініп қалды. Мәселен, студенттің пән таңдау құқы, бағалау өлшемінің бұрынғы 5-тік бағалау жүйесінен балдық жүйеге көшуі т.б. Қазір бізде білім алушы студенттер Еуропалық білім жүйесіндегі оқу орындарындағыдай білім игеріп шығады. Бұл үдеріске толық өту Қазақстанда 10 жылға жуық уақыт жүрді. Осы жүйеге толық көшу үшін аз шаруа тындырылған жоқ. Себебі бұрынғы ескі жүйеден жаңа жүйеге ауысып кету үшін қаншама шаруаны атқару керек еді. Ол жаңа реформаның басында Білім және ғылым министрлігі тұрғаны белгілі. Ал алғашқы пилоттық жобаны Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ бастаған жоғары оқу орындары жүзеге асырды.  width= Екіншіден, ел астанасының Ақмолаға көшірілуі – мемлекеттің, соның ішінде әлеуметтік-мәдени бағдарламалардың, білім саласының жаңаша тыныстап дамуына серпін берді. Мәселен, Целиноград 1992 жылы қайтадан  тарихи Ақмола атауын алды. 1994 жылы Жоғарғы кеңес астананың Ақмолаға көшетіні туралы құжат қабылдады. Ол кезде зиялы қауымның көбісі Алматыда. Егер елден «Ақмола астана бола ма?» деп сұраса, барлығы «мүмкін емес» деп жауап берер еді. Осы ірі істің алдында тұрған Елбасы стратегиялық тұрғыдан терең пайымдап, тездетіп университет ашу мәселесін күн тәртібіне қойды. Еуразия ұлттық университетінің құрылуына байланысты сәл ағат дерек жүр. «Бұл оқу орны педагогикалық институт пен құрылыс институтының базасында құрылды» деген мәлімет дұрыс емес. 1996 жылға дейін бұл екі институт бірігіп, Ақмола аймақтық университеті ретінде құрылып қойған. Оған бірнеше техникум мен училище қосылған. Міне, осының негізінде Еуразия ұлттық университеті құрылды. Үшінші белесі деп бұл оқу орны жаңа астананың ғылыми интеллектуалдық қадасы болып қағылғанын айтсақ жарайды. Университет елордада өткізілген ғылыми немесе қоғамдық шаралардың барлығына белсенді араласты. Қазір де қайнаған мемлекет және қоғам интеллектуалдық жұмысының ортасында. Ақмола қаласы елдің бас қаласы атанған кезде мұнда әрі кетсе 30 маңында ғана мектеп болды. Қазір мектеп саны 90-нан асып кетті. Сол кезде қала халқының саны 200 мыңның үстінде болса, қазір миллионнан артық. Осыншама тұрғынның рухани-мәдени жұмысын ұйымдастыруда, педагогикалық ұйымдарды маманмен қамтуда Еуразия ұлттық университеті көп еңбек сіңірді. Мұны да үшінші белесіне қосуға болады. Яғни, ең әуелі өзінің ғылыми әлеуетін көтеріп, ұлттық университет ретінде қалыптасуы, сонан соң елорданың мемлекетшілдік мүддесін іске асыруға қызмет етуі –айқын факт. Төртінші белес – халықаралық бағыттағы жұмыстарымыз. Атауымыздың өзінде елдер мен мемлекеттерді жалғастырған ұғым тұрғаны аңғарылады. Қазақстан халқы «Еуразия» ұғымын осы Еуразия ұлттық университетінің іс-әрекеті арқылы түсіне бастады деу негізсіз емес. Еуразия дегенде, әу баста жұрт бұл географиялық ұғым ба, өңірлік шешімдерге қатысты саяси ұғым ба деген сияқты түрлі ойға кеткен болуы да мүмкін. Бірақ оның жауабы анық. Біздің Еуразиямыз – Қазақстанның мүддесіне қызмет ететін атау. Көптеген елде Еуразия туралы аз айтылмайды. Мәселен, Түркия да Еуразия жайында сөз қозғайды, бірақ олардікі де өз мүддесіне қызмет ететін Еуразия. Қазақстанның географиялық орналасуы тұрғысынан Еуразия идеясы мен Еуразия университеті әрқашан да көкейкесті. Оқу орнының Лев Гумилев атын алуында да үлкен мән бар. Халқымыз өз тарихына бойлап, мәдениеті мен ділін қайта зерделеп жатқан шақта кейбір адамдар «Гумилевтің бізге не қатысы бар?» деп сұрауы мүмкін. 1960-1980 жылдары түркінің арғы тарихын зерттеп, насихатын асырған бір ғалым болса, сол – Гумилев, екі ғалым болса, соның бірі  – Лев Гумилев. 70-80-жылдардың ғалымдар мен студенттері Л.Гумилевтің «Ежелгі түркілер» деген кітабын тозығы жеткенше оқығанына куә болдық. Онда қазіргі Моңғолия мен Қытай территориясының ен ортасында, бүгінгі Еуразия территориясында, Кеңес Одағының біраз бөлігінде түркі дүниесіне ортақ қандай құндылықтар болғаны, халықтың көші-қоны, сол арғы тектің бір-бірімен өзара байланысы, бірігуі, ыдырауы, жауласуы, достасуы т.б. құнды деректері жазылған.  Міне, Лев Гумилевтің осы еңбегі Елбасының ойында жүрген болса керек, сәті түскен бір күнде жарқ еткізді. Қазақстан – жай бір ел емес. Біздің тарихымыз тым тереңде әрі болашағымыз да жарқын болуға негіз бар. Сондықтан біз сол  жарқын келешектің дұрыс қалыптасуы үшін ғылым-білім жағынан еңбек сіңіріп жатырмыз. Міне, осы төрт бағытты ерекше атап өткім келеді. Ширек ғасырда университет сенім үдесінен шыға білді. Дегенмен қоғам алға жылжыған сайын түрлі сын-қатерлер кездесуі мүмкін. Соның барлығына даяр болуымыз қажет. Қазір әлемде «зерттеу университеті» деген ұғым пайда болды. Дүниежүзі елдері ғылыммен түбегейлі айналысып, қандай да бір мәселенің шешімін табу үшін толыққанды, жан-жақты зерттеу жүргізбесе болмайтынын түсініп отыр. Қазір Ресейде, Қытайда зерттеу университеттері ашылып, оған мемлекет қаржыны аямай бөліп жатыр. Кеше ғана, біздің оқу орнының мерейтойы үстінде министр Асхат Аймағамбетов Еуразия ұлттық университетін зерттеу университетіне айналдыру жөнінде құжаттар әзірленіп жатқанын мәлім етті. Мұндай мәртебені иелену және оны әрі қарай алып жүру үшін өте үлкен даярлық керек. Мәселен, зертханаларды жаңартып, білікті мамандармен қатарымызды толықтыруымыз қажет. Әлемдегі дамыған елдер ғылымға ішкі жалпы өнімінің 5 пайызға дейінгі мөлшерін бөледі. Серпінді елдерде бұл көрсеткіш – 2,5 пайыз. Ал бізде ол әзірше 0,16 пайыз ғана. Өте аз, бірақ мемлекет басшылығы, заң шығарушы орган, үкімет барлығы түсініп отыр.  Ғылымды жүйелі түрде қолдамаса, нәтиже болмайтыны мәлім. Мәселен, ақыл-ойдың шетке ауып кетуі деген ұғым бар. Демографиясы әлсіреген Еуропа мемлекеттері біз сияқты елдерден жас мамандарды тартуға ынтызар. Оны былай қойғанда, солтүстіктегі көршіміз де жыл сайын жастарды шақырып, жоғары оқу орындарына жеңілдікпен қабылдап, болашақ өздеріне қажетті маман ретінде даярлап жатыр. – Еуропаның озық мемлекеттеріндегідей мамандарды бізде де оқытып шығаруға мүмкіндік бар деп отырсыз. ЕҰУ шетелдік қанша оқу орнымен бірігіп қос дипломды бағдарламаны іске асырды? – Дәл қазір бакалавриатта да, магистратурада да 100-ден аса бағдарлама бар. Ал PhD докторантура бағдарламасының саны – 50-дей. Бұрынғы «мамандық» деген ұғым қазір осылай жүйеленген.  Осылардың ішінде қос дипломды мамандық азырақ көрінуі мүмкін. Қазір оның саны – 37. Бізде қос дипломды бағдарламаның көбісі  магистратурада. Ал PhD докторанттарының дипломы барлық жерде мойындалуы тиіс. Қос дипломды бағдарламалар бір-біріне сенім артқан елдер арасында жүріп жатыр. Мәселен, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдері арасында қос дипломды бағдарламаны жүзеге асырушылар ішінде біз алда тұрмыз. Сол сияқты Ресеймен, Беларусьпен де бірнеше бағытта қос дипломды бағдарламаны орындап отырмыз. Ал қазір түркі ынтымақтастығы жөнінде жұмыс жақсы жүріп жатыр. Кеше ғана саммит өтті. Біз осыдан он шақты жыл бұрын, одан да бұрын түркі бағытындағы елдермен бірігіп қос дипломды бағдарламаны жүзеге асырсақ деп сөйлескенбіз. Түрік кеңесінің бірнеше жиынында осы мәселе айтылды, талқыланды. Бірақ шешім шығаруға келгенде ұзаққа созылып кетеді. Білімнің философиясы мен мақсатына қарасаңыз, ол түптің түбінде формализм шеңберінен шығады. Білімді адам дипломсыз да мойындалуға тиісті. Айталық, Ұлы дала кемеңгерлері дипломсыз-ақ білімі мен білігін әлемге танытты. – PhD докторы дипломы барлық елде мойындалады дейсіз. Бірақ біздің елге шетелден бір PhD доктор азамат қызметке тұруға келсе, ол дипломын сәйкестендіру үшін мемлекет белгілеген сын-сынақтардан өтуге тиісті. Мұның себебі не? – Иә, мемлекеттік талап пен формализмді шатастыруға болмайды. Бірақ бұл талап та «ет пен сүйектен» тұруы керек. Мысалы, ТМД ішінде талай ынтымақтастық құжатына бірлесіп қол қойған Ресейдегі жақсы университеттен PhD доктор ғылыми дәрежесін алып келген азаматтың ғылыми атағы мойындалуына еш кедергі болмағаны жөн. Бірнеше мекемеден өтіп, қағаз жинау – артық жұмыс. Сондықтан қандай да бір шешім қабылдау үшін белгілі жағдайда батылдық қажет. Алдағы уақытта мұндай басы артық құжаттарды азайтып, сенім жағына басымдық беру маңызды. Сосын кейінгі кезде әлемдік білім саласында халықаралық аккредиттеу жүйесі іске қосылып жатыр. Аккредиттеу агенттігінен өткен жоғары оқу орындары бір-бірінің дипломын мойындайды. Бірақ Түркия сияқты елдер өз аккредиттеу жүйесіне ғана сенеді. Осындайдан түрлі алшақтық пен түсінбеушілік туындайды. Кеше ғана бір ВАК-тан ғылыми атақ алған ТМД ішінде де өзара сенімсіздік тереңдеп барады. Орталық Азияның 5 мемлекеті бес жаққа қарап тұрмыз... Қазір қарап отырсақ, әлемде күрделі құбылыстар түсінбеушіліктен жүріп жатыр. Айналып келгенде, мұндай қайшылықтан алып шығатын – тек қана ғылым, білім, мәдениет. Саяси жүйелер өз арасындағы дүрдараздықты әр кезде әр сипатта жүргізе берер. Ал, шындап келгенде, білім мен мәдениет ірі де іргелі ұстанымынан айнымай, елдерді және азаматтарды мұратқа жеткізуге тиісті. – Ғылым жөнінде әңгіме қозғай отырып, мына өзекті мәселеге тоқталмауға болмас. Қазіргі біздің ғылымның, соның ішінде гуманитарлық  ғылымның жағдайы қай деңгейде? Өзінің дәрежесіне сай жұмыс жүргізіп отыр ма? Қазіргі PhD докторанттарының көбі ғылыми дәрежесін қорғай алмау себебі не? – Бұл жөнінде менің өзіндік көзқарасым бар және көптеген әріптесім мені қолдайды. Сонымен қатар белгілі деңгейде жауапты қызмет атқарып жүргендіктен, лауазымды азаматтарға жеткізген кезіміз болды. Мысалы, ұлттық мазмұны бар ғылымға қойылатын өлшем мен талап жөнінде өз саламыздың бұрынғы екі министріне айттық. Осы саланы бақылайтын вице-министрлерге де түсіндірдік. Өзекті мәселе болғандықтан, Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кеңесіп, екі мәрте сауал жолдаттық. Ештеңе өзгерген жоқ. Мәселе неде? Әрине, халықаралық деңгейдегі «Болон процесі» дейміз, аккредиттеу дейміз, оның бәрі қажет шығар. Бірақ біз өз ғылымымыздың дамуын ойлайтын өлшем, қағидат туралы бас қатырғанымыз жөн. Қазақстанға қандай ғалым керек, қай бағытты дамытуға басымдық беру қажет – мұны өзге емес, өзіміз шешкеніміз дұрыс. Белгілі бір формальді дүниелер қазіргі де, болашақтағы да ғылымды дамытпайды. Мысалы, рейтингі жоғары әлемдік журналдарға мақала жариялау деген сияқты. Рас, ол мемлекеттердің ғылыми деңгейіне қойылатын өлшемде тұр. Бірақ мұның көбісі негізінен жаратылыстану және техникалық ғылымдарға арналған. Бұл талаптар ұлттық мазмұны бар филология, философия, журналистика, тарих, педагогика т.б. ғылымдарға сай келмейді. Сондықтан біз ол өлшемді нақты, ақылға қонымды, ғылымды дамытатындай деңгейде қарастыруымыз қажет. Бізде ғылыми қауымдастықтар бар. Бірақ гуманитарлық саланың қауымдастығы әлсіз, сол себепті өз өлшемімізді өзіміз анықтай алмай отырмыз. Мысалы, мен – филологпын. Бізге ең бірінші керегі – іргелі зерттеу, монографиялар. Екінші – текстология. Үлкен-үлкен мәтіндерді ғылыми пікірмен даярлау. Бұл - үлкен ғылымның қара жұмысы. Үшінші бағыт – оқулықтар мен оқу құралдар. Төртінші – классикалық зерттеулер мен оқулықтарды қазақ тіліне аудару. Егер оқулық жазып, сол саланы бүге-шігесіне дейін игерген азаматтар болса, оларға да бірден ғылыми дәреже беру ақылға сыйымды. Өлшем деген солай болу керек емес пе?! Мысалы, Абай жайында немесе Алаш дәуірі жөнінде жазылған бағалы зерттеу, монография болса, осыны ғылым деп мойындауымыз қажет. Дәл қазір, өкінішке қарай, монографиядан гөрі 5 адам бірігіп, ортадан ақша төлеп, кім жазғаны белгісіз бір мақаланы шетелдік рейтингі жоғары журналға жарияласа, соның бәсі биік.  Бұл – ғылым өлшемінің өте әлсіз және формальді түрі. Ең қызығы, біз осы мәселені айтқан кезде бұрынғы министрлердің, вице-министрлердің бәрі де: «Бұл идея дұрыс екен, қалай білмегенбіз?» –деді. Ал, іске келгенде, білім заңдылықтарына еніп кеткен көптеген критерий мәселені байыптауға, шарттылықты өзгертуге мұрша бермейді. Одан да масқара жері – осы критерийлерді енгізген азаматтардың сол рейтингі жоғары ғылыми журналдарда бірде-бір мақаласы жоқ. Енді әлем тәжірибесін айтайын: дүниежүзіне әйгілі Сорбонна, Кембридж сияқты университеттер өз PhD докторанттарына «импакт фактор журналдарға мақала жариялау міндетті» деген талап қоймайды. Олар өздерінің ішкі зерханасында орындалған немесе орныққан ұстанымдарына сай мойындалған жүйе бойынша ғылыми дәреже қорғайды. Қазір Білім және ғылым министрлігі диссертация кеңестеріне байланысты өзгерістер енгенін хабарлады. Бірақ барлық ғылым саласы үшін шетелдік журналда мақала жариялау талабы өзгеріссіз қалды. Енді мынадай ащы сұрақ туындайды: мемлекет қаржысына білім алған докторанттың көп бөлігі ғылыми дәреже қорғамаса, онда неге қазына қаржысы тиімсіз бөлінген?.. Сондықтан кінәрат шыққан жерді тез тауып, ғылыми талапты ақылға сыйымды етіп құрған жөн. Жаңа біз жоғары білімнен кейінгі ғылыми маман даярлау туралы айтып өттік. Бұрын ғылымның бағытын айқындап отырған ғылыми институттар ғылымның негізін жасап беретін. Ғылым бағытын, зерттеу тақырыптарын үйлестіру сол жақтан түсіп, кейін университеттерге келетін. Соңғы 5-6 жыл бедерінде ғылыми институттарға магистрант, докторант даярлауға рұқсат берді. Бірақ, мысалы, Алматыдағы ҒЗИ-ларда магистранттар мен докторанттардың барлығын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге тіркеп қойған. Бұл қалай болады? Сондықтан болашақта гуманитарлық ғылымның әлеуетін қолдауды қалыптастырып, өз бетінше дамып кетуіне жағдай жасауымыз қажет. Ғылыми институттың қызметкері бірыңғай ғылыммен айналысып, жоба бойынша күні-түні ізденіп отырады. Ал университеттегі ғалымдар студенттерге дәріс оқиды, практикалық сабақ жүргізеді. Сондықтан екі саланы қатар алып жүру – өте күрделі мәселе. Екі саланы да қатар алып жүрген табанды азаматтар бар, бірақ өте аз. Бұл жерде екі мәселені шешудің жолын қарастыру қажет. Ғылыми зерттеу институтындағы мамандарға алаңсыз ғылыммен айналысып, нәтижеге жетуіне жағдай туғызу, ал білім саласында жүрген ғалымдардың ғылыммен айналысуына көбірек мүмкіндік беру керек. Әлемдік тәжірибені қараңыз: профессордың жұмыс жүктемесі 100 пайыз десек, соның 70 пайызы – ғылым, 20 пайызы – сабақ беру, 10 пайызы – ұйымдастыру жұмыстары.  Табысы да осыған сай жүреді. Қарап отырсаңыз, олар көбірек ғылымға көңіл бөліп, жиған-терген білігін жастарға берсін дейді. Ал бізде керісінше: профессор жүктемесінің 80 пайызға жуығы сабақ беру. 30 жасынан бастап 70 жасқа дейін тілі салақтап сабақ берген адам қай кезде ғылым жасайды? Еңбек бөлінісінің шарты осындай. Еуропаның тағы басқа дамыған елдердің ғалымдарына қарасаң, еңсесі тік, еткен еңбегіне қарай табысы да лайықты. Гуманитарлық ғылым деңгейін сұрап отырсыз. Қазір бұл сала заман сұранысына сай ірі-ірі еңбектер де жасап отыр, оны жоққа шығаруға болмайды. Бұрын ғылыми жобаны министрлік 3 жылда бір рет жарияласа, қазір жыл сайын жариялауды бастады. Бұл жердегі әлі де түзететін нәрсе – қағазбастылықты азайту, ғылыми жобаға кіріспей жатып есеп сұрауды доғарту. Формализмнен қашып, ғалымға сену мәселесіне көңіл бөлу маңызды. Тарихшылардың, лингвистердің, әдебиеттанушылардың ізденісі сын көтереді деп есептеймін. – Сіз – елге белгілі алаштанушы ғалымсыз. Жақында әдебиеттанушы ғалым Айгүл Ісмақова біздің газетке берген бір пікірінде мектеп оқулығында Алаш қайраткерлеріне дұрыс орын берілмегенін айтты. Жалпы, Алаш қайраткерлері жайлы насихат, оларды жасөспірімдерге таныту жұмысы қай деңгейде? – Бұл мәселе жалпы біздің қоғамның, сосын оқулықты даярлаушылардың парасаты мен білігіне байланысты. Алашқа да формальді түрде келмеуіміз керек. Оқулықты Алаш қайраткерлерінің санына байланысты өлшеммен қарасақ, онда қателесеміз. Оқулықта сөйлемдегі сөздер санын айтпағанның өзінде, әрбір беті мен мазмұн көлемі шектеулі. Сондықтан Алашқа байланысты ақпарат берген кезде кімдерді қамтуымыз қажет және оны қай қырынан көрсетеміз деген сияқты мәселені алдын ала сараптау қажет. Сараптау мен талқылау аз жүргендіктен көп жағдайда шикі дүние туындайды. Бірақ Алаш көсемдерінің бәрін түгендеп шықсақ, бағдарламаға сай келмейді. Сондықтан Әлиханды мен Ахметті, Мағжан мен Жүсіпбекті айта отырып, оқушыларға бүкіл Алаш мұратын сіңіруге болады. Профессор А.Ісмақова ойы Алаш туралы элективтік курсты енгізуге сәйкес келеді. Сонымен бірге Айгүл ханым бірегей зиялылардың өзін енгізбегенге күйініп отыр. Бұл идеясын қолдаймын. Жалпы, мектеп оқулығы мен оның бағдарламасына аса мұқият қарауымыз қажет. Біреу шығып валеологияны оқытайық, екіншісі шығып экологияны оқытайық деп, әркім өзіне қарай тарта берсе, орта білімнің мәні кетеді. Жапонияны алып қарайық. Олар бастауыштағы 4-5 пәнге бүкіл ұлт дүниетанымының іргетасын енгізген. Ең маңызды мәселе – біз оқулық жазудың әдістемесін дұрыстап бекітуіміз қажет. Оқулыққа енген бір Мағжан немесе бір Ахмет бүкіл Алаш идеясын сіңіртетіндей деңгейде даярланғаны жөн. Жалпы, оқулық жазу әдістемесін заманға сай ретке келтіретін кез келді. Бізде Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы бар. Бірақ ол ірі институт ретінде біз тәуелсіздік алмай тұрған кезден бар болатын. Соңғы 30 жылда бұл бірнеше институтқа салаланатын жөні бар еді. Алайда әлі де әлеуеті керемет болып кете алмай отыр. Әдістеме – білімді аудиторияға жеткізудің ең негізгі құралы әрі ақыл ойдың ірі қолданбалы ғылымы. Мәселен, білім жүйесінің барлық буынына арнап тарих оқулығын жазу үшін «Тарих пәні» деген үлкен ғылыми топ құрылуы қажет деп ойлаймын. Ол топ «білім алушы бастауыш сыныптан бастап PhD докторантурасына дейін тарихтан не оқуы керек?» сұрағына толығымен жауап берсе, сапа мен жүйе орнықпай ма? Мемлекет пен жауапты орындардың міндеті – осындай пәндік топтың қаржылық мәселесін шешіп, жұмысына толық жағдай жасау. Шын мәнінде, оқулық білімнің кілті болса, неге оны осылай кешенді қолға алмасқа? Сол кезде сабақтастық да, белгілі бір реттелген жүйе де болады. Мұны оқу-әдістемелік, методологиялық ірі шешім қабылдайтын орталықтар жүргізуі тиіс. – Сіз – филологсыз. Сондықтан латын қарпіне көшуге байланысты сұрамай кеткенім жарамас. Біз не себептен латын әліпбиіне көшуді тым ұзаққа созып жібердік? Қаржы жетпей жатыр ма, мамандар үлгермей отыр ма? – Негізінен біз латынға көшпес бұрын қазақ тілінің табиғи заңын бұзған, табиғи дамуын шектеген жасандылықтардан құтылуға тиіс едік. Тіл реформасының түпкі мәні де сонда. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап қазақ тілінің теориясы мен практикасы орыс тілі аясында жүрді. Әрине, амалсыздықтан. Енді осы артық дүниеден құтылуымыз керек еді. Бұл өзі тәуелсіздіктің бір қапталдас бағыты деуге келеді. Елбасы өзі айқындаған «Қазақстан  – 2050»  стратегиясында 2025 жылы латын қарпіне көшетініміз анық жазылған. Ал мұны жүзеге асыру – ғалымдардың жұмысы. Қазірге дейін тілші-ғалымдар, сол саланы бақылайтын қайраткерлер латын қарпінің 3 нұсқасын ұсынды. Екі нұсқасын қоғам қабылдамады. Бірақ тәуба деуге лайық жағдай – тіл заңдылығындағы кеңестік сарқыншақтардан арылып келеміз. Осы тілдік таласта ақпараттық жүйе мамандарының пікірі мен талабы күн тәртібіне шықты. Уақыт өте келе тіл мамандары мен ақпараттық жүйе мамандарының пікірталасы жүйеленгендей болды.  Дәл қазір айтыс-тартыс тіл мамандарының арасында жүріп жатыр. Бірақ мұндай пікірталастың болғаны ғылым үшін маңызды. Ол бұдан кейін де жалғасуы мүмкін. Бұл – ғылымның шарты. Бүгінде негізгі позицияның барлығы анықталды. Қазір у, ы сияқты бір-екі дыбысты таңбалауға байланысты даулы мәселе қалды. Егер менің пікірімді білгіңіз келіп отырса, мұны бұдан әрі соза бермей, тез қабылдау қажет. Әрі қарай әліпбиді заңдық-тәжірибелік нормалаудың ғылыми жүйесі, қоғамның табиғи тәжірибесі, лингвист-ғалымдардың парасат-білігі реттеп береді. – Биыл Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Қазақстанның жеке азаматы ретінде алып қарасақ, Тәуелсіздік сізге қандай игілік сыйлады? Барлығы сіз ойлағандай болды ма, болмаса әттеген-ай дейтін тұстарыңыз бар ма? – Менің буыным, қатарластарым бақытты. Тәуелсіздікті біз ақылымыз тоқтап, оң-солымызды таныған шақта көрдік. Азаттық таңы ататыны бізге, қоғамға сезіліп тұрды. Себебі кеңестік қоғамның тозығы жетіп, бір-біріне үйлеспей, қиюы қашып, жалған ұранның өзі уақыты аяқталғанын байқатты.  Барлық ұлт үшін, жеке тұлға үшін негізгі ұғым, елдіктің ұстыны – тіл, рух, дәстүр. Осының барлығына тыйым салса, ол қалай ел болады? Біз кеңестік кеменің батып бара жатқан шағында Қазақстанның болашағы жарқын боларына ешқандай да күмән келтірмедік. Сонымен қатар сол 90-жылдары ұлттың тіліне, діліне, дініне қатысты барлық өзекті мәселе шешіледі деп ойладық. Бізбен бірге өмір сүріп жатқан өзге этнос өкілдері әлем тәжірибесін ескеріп, ортақ берекелі қоғам құруға жұмылады деген ой да санамызда тұрды. Арада біраз уақыт өтті. Иә, ширек ғасыр. Осы уақытта қыруар шаруа тындырылды. Егер Тәуелсіздік болмаса бүгінгідей бүкіл әлемді аралап, пікір алмасып, ой бөлісіп еркін жүре алмас едік. Бодандық қамытын көрмеген жастар өсіп жетілді. Сонымен қатар «әттеген-ай» деген тұстарымыз да болды. Айталық, ескі құжаттарға қарап отырсақ, мемлекеттік тілге толық көшу межесін үнемі шегіндіре беріппіз. Қоғамға берген уәдемізде тұрмаппыз. Өзге этностардың бұған титтей де кінәсі жоқ. Дей тұрғанмен, оқыған азаматтар өз ана тілін білмегенге қысылатынын, ыңғайсызданатынын байқап жүрміз. Бұл – мәселені дұрыс түсінгендік. Қазір біз мәселені осылай қоюымыз қажет. «Ұятың бар ма, ана тіліңді игер, ал ұятың жоқ болса, осылай кінәні өзгеге аударып» жүре бер деуіміз қажет. Қазір біздің қоғамда сауат мәселесі тым төмендеп кетті. Білім саласындағы қорытынды бағалаудың барлығы тест жүйесіне көшкеннен бері адамдар ойын еркін жеткізе алмайтын деңгейге жетті. Тағы да бір мәселе, қазір адамдар арасында кітап, газет-журнал оқитындар азайды.  Бұл – тек біздің ғана емес, әлемдік проблема. Бірақ жаһанданудың осы бір үрдісіне үреймен қараймыз. Екіншіден, қазір қазақтың көп бөлігі қалалық болды. Бірақ ата дәстүрден алшақтап барамыз. Егер дәстүрден алыстап кетсек, көп құндылықтан айырылып қаларымыз кәдік. «Дәстүр кітапта жазылып тұр» деу – қоғамның дәстүрсіздігінің белгісі. Төрт қабырғаға қамалып өскен қала баласын ұлт дәстүрімен қалай тәрбилейміз – сұрақ осы өреде. Сондықтан жаңа технология көмегімен болсын оларға дәстүрді жеткізудің қамын жасауымыз қажет. Сол сияқты біз әлеуметтік желі мәдениетін де қалыптастыруға күш салуымыз маңызды. Таңертеңнен кешке дейін бірін-бірі мақтап, «сен ғұламасың», «сен көркемсің» деп әспеттей беру – қоғам азуының алғышарты. Жарайды, кітабы жарық көрген екен. Оны жүз рет қайта насихаттаудың қажеті қанша? Біз жаңа іс пен нәтиже арасын, жетістік пен сапа арасын байыптамай, құр мақтангершілік форматты өміріміздің мәніне айналдырып алғандаймыз. Қазір осындай нарцистер мен мақтанымпаз адамдардың қатары тым көбейіп кетті. Мұны жетістік пен даму өлшемі ретінде қарау үрдісіне кім тыйым салады?.. Қоғам ба, зиялылар ма, мемлекет пе? Ойланып қаламыз. Рас, қай қоғам болсын ортаға ой салатын, маңайын сабырмен, білім-парасатымен үйіріп әкететін тұлғаларға ие. Кезінде «Аға буын зиялылар не дейді екен?» деген пікір, ұстаным болатын. Қазір бұлай сұраушылар азайып тұр. Сондай-ақ ғылыми конференциялардың, жиындардың форматын, уақытын өзгертетін кезеңге жеттік. «Әр саланың өз маманын тыңдасақ», «Популист емес, тәжірибесі бар тұлға сөйлесе» деген ұстаным алға шығу керек.  Мысалы, даярлап берген мәтінді бір шенеунік мінберге шығып оқығаннан салаға, іске, ғылымға не пайда? Бәріміз барып, тамсанып жүрген дамыған елдерде сөйте ме? Әрине, Тәуелсіздіктің мәні мен мұратын жақсылап ойлансақ, осындай жөнсіздікті түзететін межеге де келгендейміз. – Осындай ойларыңызды әлеуметтік желі арқылы неге жариялап тұрмайсыз? – Мен әлеуметтік желіден бой тартпаймын. Байқап көрдім, бірақ уақыт табу қиын екен. Сізге қызық айтайын, ғылыммен айналысатын адамдардың баспасөзге шығуға уақыты бола бермейді. Тіпті іргелі ғылымдағы азаматтарға бұрын «баспасөзге шыға берме!» деген кеңес те айтылатын. Мұнысы «баспасөзге жиі шықсаң, желікпе болып, ғылымға бөлетін уақытың жұтылады» дегенге саятын. Таза ғылымның шартымен қарағанда, ол рас. Әрине, заман, таным, талғам өзгереді. Біз мақала жариялаймыз, пікір білдіреміз, баспасөзбен тығыз қарым-қатынастамыз. Сондықтан алдағы уақытта әлеуметтік желіге де көбірек уақыт бөлерміз. Бізде әлеуметтік желі арқылы құнды ой айтып жүрген азаматтар бар екенін білемін. Сонымен қатар күні бойы өзін ғана насихаттап отыратындардың қарасы көп екенін өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Мұндай мінездің кейбір ғалымдарға да жұға бастағаны ойлантады. Бірақ әлеуметтік желі де түбі басқа форматқа көшіп, байыпталып, парасатқа қарай бой түзейді деп ойлаймын.

  Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ