Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: Ғылымның өлшемі де, талғамы да – парасат
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: Ғылымның өлшемі де, талғамы да – парасат
– Биыл еліміз Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отырған мерейлі жыл. 30 жылда ел егемендігін нығайта түсу үшін қыруар шаруа тындырылғанына уақыт куә. Осы бір елең-алаң шақта ел астанасының арқаға қоныс тебуінің өзі қайталанбас тарихи оқиға болды. Елорданың рухани-мәдени өмірін толыстырып, мемлекетшіл болмысын қалыптастыруға үлес қосқан айтулы ұжымның бірі – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ. Биыл бұл оқу орнының да құрылғанына 25 жыл болды. Осы ширек ғасырда оқу орны қандай белестерді бағындырды? Осы университеттің басқалардан қандай артықшылығы немесе айырмашылығы бар? Әңгімені осы тақырыптан бастасақ.
– 25 жыл, ширек ғасыр – кез келген оқу орыны үшін есеп беретін, өзінің деңгейін анықтайтын меже. Біздің қандай жетістікке жеткеніміз жайында әртүрлі БАҚ-та, есеп беру жиындарында айтылып, жазылып жатыр. Бірақ жалпы халыққа ұғынықты болу үшін оқу орны бағындарған негізгі 3-4 белесті атап өтсек дейміз.
Біріншіден, ғылым тілінде трансформация деген ұғым бар. Бұл – кеңестік қоғамнан қалған ескі жүйеден жаңа жүйеге өту, жаңа мамандардың негізін қалыптастыру. Ол ең әуелі жаңашыл білім бағдарламаларын енгізу арқылы іске асады. Қазір бұл жүйені ата-ана да түсініп қалды. Мәселен, студенттің пән таңдау құқы, бағалау өлшемінің бұрынғы 5-тік бағалау жүйесінен балдық жүйеге көшуі т.б. Қазір бізде білім алушы студенттер Еуропалық білім жүйесіндегі оқу орындарындағыдай білім игеріп шығады. Бұл үдеріске толық өту Қазақстанда 10 жылға жуық уақыт жүрді. Осы жүйеге толық көшу үшін аз шаруа тындырылған жоқ. Себебі бұрынғы ескі жүйеден жаңа жүйеге ауысып кету үшін қаншама шаруаны атқару керек еді. Ол жаңа реформаның басында Білім және ғылым министрлігі тұрғаны белгілі. Ал алғашқы пилоттық жобаны Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ бастаған жоғары оқу орындары жүзеге асырды.