Жаңарған, жасарған Түркістан
Жаңарған, жасарған Түркістан
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында бүкіл еліміз бойынша құрылыс жұмыстары бұрын-соңды болмаған деңгейде өте қарқынды жүргені белгілі. Алматы секілді ірі қалалардың заманауи түрде жаңғырғанын айтпағанда жаңадан салынған ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының көрсе көз тояр ғажайып шаһарға айналуы қазақ елінің экономикалық әлеуетін әлемге танытқан құбылыс болды. Ал одан кейін тура сондай дәрежеде жаңғырып, жаңарып, еліміздің ең ірі құрылыс нысанына айналған – бүгінгі Түркістан қаласы.
Өткен жылы облыс экономикасы 41 пайызға өсті. Арнайы Кешенді жоспар бекітіліп, бүгінгі күнге жоспарланған іс-шаралардың 40 пайызы іске асырылды. Жалпы 445,3 млрд. теңгеге жаңа 257 нысан бой көтерді. Оның ішінде 230 млрд. теңгесі жеке инвестициялар есебінен. Осы уақыт ішінде 123 нысанның құрылысы аяқталды. Жаңадан Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Мәдени-рухани орталықтар салынып, шаһардың орталығы Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Түркістан қаласы толық газдандырылып, 13 мың гектарға жасыл белдеу құрылды, 3,8 млн ағаш отырғызылды.
Кешенді жоспардың 40 пайызы орындалуын ескере отырып, Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңін іске асыру ұсынылып, қолдау тапты. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттырады. Кешенді жоспар – бүкіл ел тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы нақты қадамдар белгіленген елдік жоба. Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе 2021-2025 жылдарға жаңа кешенді жоспар жобасы әзірленіп, тиісті министрліктермен келісілді. Республикалық бюджеттік комиссия қарауына енгізіліп, мақұлданды. Жаңа кешенді жоспарға 142 іс-шара енгізіліп, қажетті қаржы 3,6 трлн теңге, оның ішінде 2,7 трлн теңге жеке инвестициядан төленіп отыр. Жоба аясында 5 жылда облыс экономикасы 1,5 есе өседі. Аталған шаралар жалпы өңірде өнеркәсіп көлемін 35 пайызға, еңбек өнімділігін 52 пайызға арттыруға жол ашып, халықтың нақты табысының 54,8 пайызға өсуін қамтамасыз етеді. Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Халықаралық әуежай аумағында 12 жоба іске асырылып, қонақ үй, 400 гектарға қара өрік бағы, 50 гектар жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. Әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 57 жоба іске асырылып, жаңа теннис орталығы, мұз сарайы, ескек есу каналы, демалыс орындары салынып, қажетті инфрақұрылым тартылады. 5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй немесе 46 мың пәтер пайдалануға беріледі.
Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспары жобасында 10 денсаулық нысанын, оның ішінде Түркістан қаласында 7 және Арыс пен Сарыағаш қалаларында 3 нысан салу көзделген. YDA компаниясы Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 570 төсек-орынға арналған облыстық көпбейінді аурухана құрылысы жобасын іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бұл жобасы республикалық деңгейде жүзеге асырылады және Түркістан облысында 2021-2025 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарына қосылған. Бұл облыс тұрғындары мен қонақтарына жоғары технологиялық қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі клиника болмақ. Сонымен қатар Түркістанда 190 төсек-орны бар облыстық балалар ауруханасын салу да жоспарланып отыр. Жоспарда Түркістан қаласында 500 адамға арналған қалалық емхана құрылысы да қарастырылған.
Кешенді жоспар аясында облыс аумағында ірі мұнай өңдеу зауыты, химия кешені, тұрмыстық техника шығаратын зауыт құрылысы және Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру жоспарланып отыр. Түркістан облысы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан 48 шақырым «Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы», 102 шақырым «Сарыағаш қаласының айналма жолы», 30 шақырым «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы», «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жүрдек теміржол магистралі салынатын болады.
Түркістан облысының экологиясын жақсарту мақсатында суармалы алқаптарды қалпына келтіру арқылы 62 мың гектардан астам алаңды сумен қамтамасыз ету жақсартылады. Ұзындығы 2 мың шақырымға жуық канал жөндеуден өтеді.
Жыл сайын суармалы судың шығыны 200 млн текше метрге азаяды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 40 млрд теңгеге жеткізіп, 12 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласын жасыл белдеумен қоршау үшін 2019 жылдан бері 3,8 млн текше көшет егілген. 2019 жылдан бастап қаланың айналасында 7,7 мың гектар алаңда жасыл белдеу құру жұмысы жүріп жатыр.
Спорт саласында 13 жобаны іске асыру қарастырылған, оның ішінде жеке инвестицияларды тартумен екі нысан салу және жергілікті бюджет есебінен 8 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Аталған жобаларды іске асыру бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді және 2025 жылы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 45 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Осылайша алдағы уақытты Түркістан облысы және оның орталығы Түркістан қаласы жаңа қарқынмен дамып, еліміздің алдыңғы қатарлы аймағына айналмақ. Жаңадан құрылған облыстың гүлденіп, көркеюі мемлекет негізін құрайтын ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақ халқының тұрмыс деңгейінің жоғары болуына ықпал етері анық. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи секілді әлемге белгілі тұлғаның мәңгілік мекеніне айналған Түркістан шаһарының дүниежүзі туристерінің назарын бұруы қазақ халқының, Қазақстанның әлемдегі имиджіне оң әсер ететін болады деп сенеміз.