Бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою мәселесі қаралды

Бизнеске жасалатын кедергіні жою, ШОБ үшін жеңілдікпен берілетін несиелердің қолжетімділігі мәселелері, сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жайы «Nur Otan» партиясы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің бірінші отырысында талқыланды.

Партия Хатшысы Марат Сембеков атап өткендей, Кеңестің негізгі міндеті – кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін жедел шеше отырып, орталықта және жергілікті жерлерде сайлауалды міндеттемелерді іске асыруға жүйелі мониторинг жасау.

Кеңес мүшесі, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев жұмыс жоспарын талқылай келе, монетарлық, ақша-несие, салық саясат мәселелерін қарастыруды ұсынды.

Кеңес мүшесі, «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова шағын және орта бизнес үшін несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығын атап өтті.

«Соңғы жылдары банктердің шағын және орта бизнесті несиелендіру үлесі біртіндеп төмендеп келеді. Былтыр бүкіл банк секторының несиелік қоржыны 7 пайызға ұлғайып, 1 трлн теңгеден асты. Ірі банктердің активтеріндегі несиелердің үлесі 50% деңгейінде. Өкінішке қарай, банктер экономиканы несиелендіру көлемін төмендетуде», – деді Ләззат Ибрагимова.

Кеңес мүшесі, «FinTech Hub АХҚО» бас директоры Павел Коктышев экономиканың инновациялық тұсын, бизнеске арналған жаңа қаржылық технологияларды дамыту тақырыбын көтерді.

Сондай-ақ, жиында бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою мәселесі қаралды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов бүгінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысы тиісті деңгейде атқарылмайтынын атап өтті.

«Биыл «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында жасалатын 10 кедергіні жою жоспарланған. Бүгінгі таңда уәкілетті органдар тек үш кедергіні жойғанын ескерсек, қалған жетеуі бойынша жұмыс атқарылмай қала ма деген күдік туады», – деді ол.

Талқылау барысында Кеңес мүшесі Ярали Халилов бұл мәселеде жүйеліліктің жоқтығына назар аударды.

«Сіздер 5, 10 кедергіні жоямыз деп жүргенде, әрбір мемлекеттік орган айына тағы да ондаған жаңа кедергілерді шығарады», – деді Кеңес мүшесі.

Жиын қорытындысы бойынша Агенттікке алдын алу шараларын қабылдау және мемлекеттік органдардың жаңа кедергілердің пайда болуына жол бермеу тетігін әзірлеу керектігі ұсынылды.

c2e1b3e6 9c1e 4d5d b199 db043c89fa79

 

Back to top button