Шарында қаза тапқан мұғалім «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Шарында қаза тапқан мұғалім «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Шарында қаза тапқан мұғалім «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
ашық дереккөзі
ҚР Президенті Жарлығымен Шарын шатқалында оқушыларды құтқару кезінде қаза тапқан мұғалімді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, – деп хабарлады Ақорда. «Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы «№199 мамандандырылған гимназия» КММ мұғалімі (марқұм) Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталсын», – делінген құжатта. Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркемөнер пәндерінен сабақ берген. Еңбек өтілі – 5 жыл. Кейінгі 3 жылда ол №199 гимназияда жұмыс істеген. Естеріңізге сала кетсек, 29 мамыр күні Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болғаны, тағы біреуінің із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын. Кейін Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. «Шарын шатқалы» қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмысын жүргізу барысында 30 мамыр таңғы сағат 09:34-те 11 жастағы қыз баланы тапты. Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылған.