Илья Ильин: Еліміздің әр қаласында Илья Ильин атындағы спорт сарайларын салуым мүмкін

Осыдан бір жыл бұрын Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры болып тағайындалған Илья Ильин stan.kz-ке сұхбат беріп, қазіргі қызметі, алдағы жоспарлары туралы әңгіме өрбітті.

Илья Ильин қазіргі жұмысы өзіне ұнайтынын, бірақ пандемия біраз кедергі келтіргенін айтты.

Ең бастысы – жұмысым өзіме ұнайды. Спорт кешеніне келетіндердің басым көпшілігі – жастар. Өскелең ұрпақпен араласып, тілдесу адамға шабыт беретінін анық. Мен «Мұз айдынына» келген уақытта карантин басталып кетіп, біраз уақытқа дейін  жұмысқа толыққанды кірісе алмай жүрдім. Күзден бастап мұз төселіп, келушілерді қабылдап жатырмыз. Спорттық секциялар мен үйірмелер жұмысын бастады. Расымен, бұл мен үшін жаңа тәжірибе. Есепшілермен жұмыс жасауды үйрендім. Қазір орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алып жатырмын. Ескірген конькилерді жаңартып, жаңадан құрал-жабдықтар алу үшін ұсыныс дайындап жатырмыз, – дейді ол.

Сонымен қатар ол жеке кәсіп бастап жатқанын да жасырмады.

– Қазір мемлекеттік мекемедегі жұмысымнан бөлек, жеке бизнесті қолға алып жатқаным рас. Бүгінде спорт мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Бірақ бұл орталықтың нақты қай бағытта жұмыс жасайтыны әлі белгісіз. Түрлі жобаларды қарап жатырмыз. Болашақта еліміздің әр қаласында Илья Ильин атындағы спорт сарайларын салуым да мүмкін. Бірақ бұл үшін үлкен дайындық пен қаражат керек, – деді Илья Илин.

Ауыр атлет допинг дауынан кейін Олимпиадада алған барлық медалін қайтарып беруге мәжбүр болғанын, және бұл ауыр соққы боп тигенін де айтты.

Бұл жағдай мен үшін ауыр соққы болғанын жасырмаймын. Олимпиада медальдарын қайтарып беруге мәжбүр болдым. Дегенмен отандастарымның маған деген сенімі жоғалған жоқ. Қай жаққа барсам да ыстық ықыластарын білдіріп, қолдап жатады. Спорттан ауылы алыс, бұл жағдайға тереңдей алмаған кейбір азаматтар ғана сыни көзқараспен қарап жүрді. Алайда ең бастысы – халықтың сыйластығы артпаса, кеміген жоқ. Мен өз елімнің алдында да, арымның алдында да адалмын, – деді спортшы.

 

Back to top button