Бұл нәубеттің халқымызға тигізген зардабы орасан – Б.Байбек

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевпен бірге «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып, ескерткіш тақтаға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

«Құрметті достар! Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевпен бірге «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып, ескерткіш тақтаға гүл шоғын қою рәсіміне қатыстым.

fd152116 f4c4 42aa b5f6 ba3bf7419e16

Аталған мұражай 2007 жылы Елбасының пәрменімен құрылып, оны өзі келіп арнайы ашқан болатын. Бұл – қуғын-сүргінде құрбан болған қаншама боздақтың рухына жасалған тағзым.

30-шы жылдардағы алапат аштық пен 37-нің қырғыны – ұлт тарихындағы ең бір қасіретті кезеңдердің бірі. Бұл нәубеттердің халқымызға тигізген зардабы орасан. Қазақтың қаншама беткеұстар тұлғалары мен озық ойлы зиялылары осы зұлматтың құрбанына айналды. Олар ұлттың азаттығын, өзге елдермен терезесі тең ел болуын көксеген еді.

Сондықтан да мұндай оқиғалар бұдан былай қайталанбауы үшін оны ұдайы еске алып, өткеннен тағылым алып отыру маңызды.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы арнайы Жарлықпен 31 мамырды – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп белгіледі. Содан бері еліміздің жер-жерінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған ескерткіштер бой көтерді, мұражайлар ашылды, көптеген зерттеулер жүргізілді. Әлі де ашылмаған ақтаңдақтарымыз қаншама.

59700cd5 0818 4d82 8369 aaaf5b15c6d3

Осыған орай былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия бұл іске тың серпін беріп отыр. Тарихи әділдікті қалпына келтіруге бағытталған бұл жұмысқа «Nur Otan» партиясы да белсенді атсалысуда.

Дарқан да дана халқымыз алмағайып кезеңдерді бастан кешсе де береке-бірлігін жоғалтпады, еңсесін түсірмеді. Жер аударылып, тағдыр тәлкегіне түскен өзге жұртқа да қамқорлық танытып, пана болды. Кезіндегі Алаш арыстарының асыл армандары орындалып, Қазақстан өз алдына дербес ел, әлем таныған іргелі мемлекетке айналды. Бүгінде Елбасы қалыптастырған сара жолды ұстанып, бейбітшілік пен берекелі тірлікті ту ету арқылы еңселі ел ретінде Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басып отыр. Осы отыз жылдың ішінде біз қанша қиындық кездессе де оларды ауызбіршілікпен еңсере білдік. Төрткүл дүниемен терезесі тең мемлекет құрдық. Тоқсаныншы жылдары небір сәуегейлер Қазақстанда қантөгістер орын алады деп болжап еді. Олардың дегені болмады. Ешқандай қантөгіске жол бермедік. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем елге айналдық.

1bfc5667 66fc 4281 af82 118474dbf266

Ендігі мақсат – береке-бірлігімізді арттырып, ағымдағы қиындықтарды әдеттегідей даналықпен еңсеріп, Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігімізді қастерлеп, әлемдік қауымдастықта алар орнымызды айшықтау, сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын көтеріп, экономикамызды ілгерілету. Бұл үшін ең алдымен ауызбіршілік керек. Осы жолда барымызды бағалап, жетістіктерімізді еселеу – бәрімізге ортақ парыз.

Қашанда өткенін ұмытпай, тарихтан тиісті сабақ алып, алға қарай байыппен қадам басатын елдердің келешегі кемел болмақ. Ендеше, өркениеттің ұлы көшіне ілескен еліміздің әрдайым тұғыры нық, болашағы жарқын болсын.

Елдің ертеңі үшін құрбан болған ата-бабаларымыздың, алдыңғы буынның рухы шат болсын», – деп жазды партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Back to top button