«Қазақстан біз үшін мәңгілік дос» - қырғыз министрі

«Қазақстан біз үшін мәңгілік дос» - қырғыз министрі

«Қазақстан біз үшін мәңгілік дос» - қырғыз министрі
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Руслан Казакбаевтың шақыруымен Бішкек қаласына ресми сапармен барды. Сапардың бірінші күні М.Тілеуберді өзінің қырғыз әріптесі Р.Казакбаевпен келіссөздер жүргізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерінің кең ауқымы, өңірлік және халықаралық күн тәртібі бойынша «сағаттарды теңестірді», сондай-ақ жоғары және аса жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды жедел іске асыру бойынша нақты шараларды белгіледі. Министрлер екіжақты тауар айналымын арттыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жолдарын талқылады. Инвестицияларды қорғау және су-энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. М.Тілеуберді Қазақстан екі жақты негізгі құжаттарда - Мәңгілік достық туралы шарт және Одақтастық қатынастар туралы шартта белгіленген Қырғызстанмен тәуелсіз даму жылдарында қалыптасқан тату көршілік және одақтастық қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтті. «Еліміздің жоғары басшылығы әрқашан сіздің республикаңызбен тығыз жақындасу бағытын ұстанады. Біз бауырлас Қырғызстанда әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылықтың болуына шын жүректен мүдделіміз», - деді Қазақстан СІМ басшысы. Өз кезегінде Қырғызстан СІМ басшысы Р.Казакбаев қазақстандық тарапқа тұрақты қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді, атап айтқанда, пандемияның күрделі жағдайында Қазақстанның көрсеткен гуманитарлық көмегін ерекше атап өтті. «Қазақстан біз үшін бауырлас республика, мәңгілік дос, сенімді одақтас және стратегиялық серіктес. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзара тиімді ынтымақтастықтың сенімді және шын мәнінде бауырластық қатынастарын құрудағы баға жетпес рөлін атап өткім келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізбен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған саяси бағыттың сабақтастығын жалғастыруда», - деді Р.Казакбаев. Қырғызстан бұрынғыдай бауырлас Қазақстанмен екіжақты және көпжақты қатынастарды тереңдетуге бағытталған сыртқы саясатты жүргізетін болады, деп қосты ол. Қазіргі уақытта стратегиялық перспективада ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Қазақстан мен Қырғызстан арасында тиісті тетіктер құрылып, жұмыс істеуде – Жоғары Мемлекетаралық кеңес, Үкіметаралық кеңес, Сыртқы істер министрлері кеңесі, сондай-ақ Ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық кеңес. Қазақстан Қырғызстан экономикасының ірі инвесторларының қатарына кіреді және 2005 жылдан бастап 2020 жылға дейін жинақталған тікелей инвестициялар көлемі 1 млрд. АҚШ доллар құрады. Өз кезегінде, біздің еліміз Қырғызстанның сыртқы сауда айналымында 3-ші орын алады. Жоғары деңгейдегі уағдаластықтарға сәйкес тоғыспалы түрде мәдениет күндерін ұйымдастыру, Бішкекте Абай және Нұр-Сұлтанда Манас ескерткіштерін ашу және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу пысықталуда. Қазақстан қырғыз жастарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту үшін жыл сайынғы квоталарды ұлғайтуды жоспарлауда. Сондай-ақ, Бішкекте қазақстандық алдыңғы қатарғы жоғары оқу орындарының бірінің филиалдарын ашу мүмкіндігі зерттелуде. Министр М.Тілеуберді Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасы Талант Мамытовпен кездесіп, парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Тараптар екі ел арасындағы көпжоспарлы өзара іс-қимылды арттыруға ортақ мүдделілік танытты. Сапар аясында қазақстандық делегация «Ата-Бейит» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.