Astana LRT: Лауазымдылардың алды 10 жылға сотталды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Astana LRT ісінде айыпты деп танылған лауазымды тұлғаларға үкім шықты.

Бұл жөнінде қалалық соттың ресми сайтында жарияланды. Елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.Қалалық мәслихаттың экс-депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісов қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді, ол мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығы жойылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Astana Innovations АҚ бұрынғы басқарма төрағасы болған Талғат Әшім жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Ол енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

ЖШС өкілі Ұлықбек Ачилов 8 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.

Мердігердің өкілі Дәурен Әбдіхамитов заңсыз жолмен алынған басқа тұлғалардың меншігіндегі мүлікті тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мердігер өкілі Дулат Мусенов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мердігердің өкілі Тимур Қасабаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушылар мен азаматтық жауапкерлерден шығын сомасы 5 833 300 827 теңге өндіріп алынады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпараты бойынша, қылмыстық схеманы сол кездегі әкімнің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» басшысы Талғат Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялар көмегімен ұйымдастырған. Екеуіне де халықаралық іздеу жарияланған.

Back to top button