Жаңалықтар

Сенатта ашаршылық туралы құжаттардың үш томдық жинағының тұсаукесері өтті

ашық дереккөзі

Сенатта ашаршылық туралы құжаттардың үш томдық жинағының тұсаукесері өтті

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбек таныстырылды, - деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. Үш томдық жинаққа зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен құжаттар енген. Олардың біразы бұған дейін еш жерде жарияланбаған және Қазақстан ғылымында бұрын-соңды айтылмаған. Ал, кітаптағы кейбір анықтама, бұйрық, қарар сияқты құжаттар көпке дейін аса құпия мәлімет ретінде сақталып келген. Сондықтан ашаршылық жылдарының аса маңызды хронологиясын дайындап шыққан ғалымдар мен тарихшыларымыздың еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Таныстыру рәсіміне осы тақырыпты кеңінен зерттеп жүрген белгілі ғалымдар мен тарихшылар, редакциялық алқаның мүшелері, кітапты құрастырушылар, Парламент депутаттары, саясаттанушылар, өлкетанушылар және жоғары оқу орындарының докторанттары қатысты.