Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директорымен онлайн кездесу өткізді
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директорымен онлайн кездесу өткізді
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен видео конференция режимінде кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы, атап айтқанда, коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен арадағы ықпалдастықтың деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Тедрос Адханом Гебрейесустің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының ашылуында COVID-19 індетіне қарсы вакциналау жөніндегі жаһандық күш-жігерді күшейтуге шақырған сөзін қолдады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бас директорының айтуынша, қыркүйек айына қарай жер шарындағы халықтың 10 пайызына екпе егіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 30 пайызға жетуі керек.
Президент елімізге нақты көрсеткен қолдауы, яғни пандемияның алғашқы айларында қорғаныш құралдары мен медициналық жабдықтарды жеткізіп бергені үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ризашылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесуске Қазақстанда коронавируспен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.