Аида Балаева: еліміздің 6 өңірінде қандастарға көмек көрсететін фронт-кеңселер ашылады

Еліміздің 6 өңірінде қандастарға көмек көрсететін фронт-кеңселер ашылады. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғам үшін ерекше маңызы бар тағы бір бағыт – қандастар мәселесі. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан шетелдегі диаспорасын Отанына шақырған әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарында. Бұл мақсатта, министрлік жанынан «Отандастар» қоры құрылып, нақты жобалар жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде әлемнің 12 еліндегі қазақ қауымдастығының сұрауымен қазақ тілін оқытатын 31 онлайн сынып жұмыс жасайды. Мәдени-гуманитарлық байланысты күшейту мақсатында 5 мемлекетте «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік орталықтары ашылды», – деді министр.
Оның атап өтуінше, елге оралған қандастарды жаңа ортаға бейімдеу жұмысы да бір жүйеге келтірілді. Қандас мәртебесі мен азаматтық алу рәсімін жеңілдететін «бір терезе» принципі жобасы бүгінде толық пысықталды. Аталған процедура Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жақын арада қолжетімді болады.
«Еліміздің 10 өңірінде «Отандастар» қорының фронт-офистері жұмыс істеуде. Тағы 6 өңірде фронт-офистер ашылады. Орталықта жаңадан елге келген қандастарға дұрыс құжат рәсімдеуден бастап оларды мемлекеттік қолдаудың барлық сұрақтары бойынша құқықтық, ақпараттық көмек беріледі. Былтыр 5 мыңнан астам өтінішке нақты көмек көрсетілді. Жалпы, осынау сауабы мол абыройлы міндеттің үдесінен шығу үшін министрлік институционалдық тұрғыдан да, құқықтық бағытта да қызмет етуге қашанда даяр. Десе де, бұл жұмыста ең бастысы – дүние жүзіне тарыдай шашылған қандастарымызды елге көшіру ғана емес, олардың әлемнің қай түкпірінде жүрсе де ұлттық мүдделерін қорғау, қамқор болу», – деді Аида Балаева.
Back to top button