28 мамыр: ел тарихында қалған маңызды оқиғалар

28 мамыр: ел тарихында қалған маңызды оқиғалар

28 мамыр: ел тарихында қалған маңызды оқиғалар
ашық дереккөзі
1869 жылы 28 мамырда Қазақстанда «Ақ-төбе» әскери бекінісі құрылды. 1891 жылы оған уезд қаласының статусы берілді. Кеңестік уақытта қала Актюбинск деп аталған, ал 1999 жылдың наурызында оған бастапқы тарихи атауы берілді. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» Қаулысы шықты. 1998 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен LG Electronics бірлестігінің басшысы Джон Ку салтанатты жағдайда «LG Electronics Almaty Kazakhstan» зауытын ашты. 2005 жылы Алматыда Жеңістің 60 жылдығына орай «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстагқа шабуыл» деректі фильмінің таныстырылымы болды. Режиссері - Әділ Медетбаев. 40 минуттық фильм Халықаралық мәдени құндылықтарды сақтайтын және қолдау көрсететін қордың көмегімен «Amanat studio» студиясында түсірілген. 2009 жылы Румынияның Ясы уезіндегі Струнга коммунасының Братулешть ауылында 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған қазақстандық жауынгер Шернияз Аяғановқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Қатардағы жауынгер Шернияз Аяғанов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген, соғысқа Семей облысының Аягөз әскери комиссариатынан шақырылған. Мотоатқыштар батальонының 56-шы бригадасының 23-ші танк корпусының құрамында болды. Бұл шара Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясы мен Румынияның батырларды еске алу ұлттық агенттігінің және «Ромпетрол» серіктестік тобының бірлескен көмегімен ұйымдастырылды. 2012 жылы Бастөбе тауының етегінде «Қазақ халқына мың алғыс» атты Алғыс білдіру монументінің тасы қойылды. Бұл монумент кезінде Қазақстанға депортацияланған барлық этностардың атынан қазақ халқына деген алғысын сипаттайды. 2017 жылы ҚХР-да шығатын «Іле» газетінде Жарқын Нұрәбілдәұлының мақаласы жарияланды. Мақалада ұшақ сатып алып, оны соғыс жылдарында қазақтарға көмектесуге жіберген белгілі қазақ байы Басбайдың құрметіне ашылған мұражай кешені туралы айтылған. 2018 жылы Зеренді ауданындағы (Уәли хан кесенесінің солтүстік-батыс бөлігінен 10 км қашықтықта орналасқан) егістік алқабынан араб жазулары бар екі ескерткіш гранит тастары табылды. Қазбалар XVIII ғасырдың басы мен ХІХ ғасырдың аяғына тиесілі болуы ықтимал. Сондай-ақ, құлпытастардың бірі - қажыныкі, екіншісі - Абылай хан нөкерлерінің бірінің құлпытасы болуы мүмкін деген жорамал бар. 2018 жылы вьетнамдық Хошимин қаласында өткен таэквондодан Азия чемпионатында Дүйсебай Смайыл 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық спортшының бұл жеңісі 2006 жылдан бері Қазақстан қоржынына түскен Азия чемпионаттарындағы бірінші алтын болды. 2019 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы аумағына орын тепкен көне Қышқала шаһарында зерттеушілер жаңа деректерге қол жеткізді. Бұл қала Алпамыс батырдың жары - Гүлбаршын өмір сүрген Баршынкент болуы әбден мүмкін. Археологтардың айтуынша, аталмыш қалашықты зерттеу Сыр бойындағы орта ғасырлық қалаларды зерттеу мен тарихын анықтауда өз септігін тигізетін болады. Қышқаланың шын атауы әлі күнге дейін белгісіз. Ел арасында оны Баршынкент дейтін болжамдар айтылады. 2020 жылы Алғаш рет Қазақстанда «Болжам. Қорғаныс. Алдын алу (Predict, Protect, Prevent)» тақырыбында ҚР Қорғаныс министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығымен бірлесе ұйымдастырылған бітімгершілік технологиялардағы серіктестік бойынша БҰҰ-ның бесінші симпозиумы өтті. Іс-шара БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін одан әрі жетілдіру аясында өзекті мәселелерді қарастыру үшін тиімді алаң болды. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында анағұрлым қауіпсіз және тиімді қызметке ықпал ететін технологиялық тетіктер мен тың жаңалықтар бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді.