Түркістан аймағында жыландар мен тасбақалар қырылып жатыр

Түркістан аймағында жыландар мен тасбақалар қырылып жатыр

Түркістан аймағында жыландар мен тасбақалар қырылып жатыр
ашық дереккөзі
Табиғатта адам араласқан жерде бірдеңе болмай тұрмайды ғой, өсімдіктер әлемі не жан-жануарлар зиян шекпей тұрмайды. Себебі қалыптасқан жағдайға бейімдескен олардың шырқы бұзылып − орман-тоғай қурап, жәндік қырылады. Сондай жағдайдың біріне Түркістан облысының Сарыағаш, Шардара аудандары арасында қазылған тереңдігі екі метрдей траншеялар себеп болған көрінеді. Аталған оқиға жөнінде inform.kz сайтында жарияланған Қазақстанның биоалуандылықты сақтау қауымдастығы (ҚБАСҚ) баспасөз қызметінің мәліметі мынадай: «2021 жылдың 20 мамырында «SOS Джейран» жобасы бойынша ҚБАСҚ экспедициясына қатысқан сарапшылар тобы мониторинг барысында Сарыағаш пен Шардара аудандарының аралығында жаңа траншеяларды байқаған. Траншеяның түбінде жүздеген бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділер жатқан. Олардың арасында әсіресе ортаазиялық тасбақалар көп болатын. Тереңдігі екі метр болатын шұңқырлар жануарлардың қырылуына себеп болуы мүмкін. Осы күні біз Түркістан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановпен хабарласып, ол 21 мамыр күні Сарыағаш аудандық әкімдігінің әкімшілігін оқиға орнына баруға ықпал етті». ҚБАСҚ мәліметінше, өткен жылы да ферма шаруашылығының маңында жаңа қазылған шұңқырларға 365 бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділер түсіп кетіп, өлімші халге түскен болатын. Ол кезде ыстықтан және шөлден зардап шеккен оларды ордан шығарып жібергенмен 16 пайызы өліп қалған. Ең жаманы, олардың арасында табиғатта сирек кездесетін түрлер болған. Ал биылғы ұзындығы бір шақырымға созылған траншеяға бауырымен жорғалаушының бірнеше түрі мен екі қозы, екі лақ түсіп кеткен. Бірақ олар адамдардың көмегімен ордан шығарылды. Негізі бұндай орлар егіс алаңдарын ажырату үшін қолданылатын көрінеді. Бірақ ол сол маңайда өретін жылан, тасбақа секілді мақұлықтарға зиянын тигізбей тұрмайды.