«Елбасыға мұндай «сыйлықтар» мүлдем ұнамайды» – Н.Назарбаевқа ескерткіш орнату жайлы айтты

«Елбасыға мұндай «сыйлықтар» мүлдем ұнамайды» – Н.Назарбаевқа ескерткіш орнату жайлы айтты

«Елбасыға мұндай «сыйлықтар»  мүлдем ұнамайды» – Н.Назарбаевқа ескерткіш орнату жайлы айтты
ашық дереккөзі
Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі жұмыс кестесі мен Тұңғыш Президенттің ескерткіш салуға қатысты ұсыныстарға не деп жауап бергенін айтты. Айдос Үкібай Tengrinews.kz тілшінің сұрағына Елбасының жұмыс кестесі пандемияға қарамастан әлі де тығыз екенін айтты.
"Отырыстар мен кеңестерге қатысудан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев кездесулер, келіссөздер өткізеді, өз атына келіп түскен хат-хабарлар мен қызметтік құжаттарды мұқият зерделейді. Коронавирус инфекциясының пандемиясы жұмыс форматына белгілі бір түзетулер енгізді, бірақ жауапкершілік азайған жоқ. Пандемиядан туындаған қазіргі салыстырмалы түрде күрделі жағдайларда Елбасы өз құзыреттері шеңберінде әлеуметтік-экономикалық дамудың және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық мәселелеріне көбірек көңіл бөледі", - деді А.Үкібай.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік көшбасшылар, шетелдік саясаткерлер және инвесторлармен үнемі байланыста. Олардың арасында ТМД елдерінің басшылары, ТМЫК және ШЫҰ, Еуропалық Одақ, ОПЕК мүшелері, ЕҚДБ, JP Morgan Chase International өкілдері және т.б. бар.
"Телефонмен сөйлесу және жеке кездесулер барысында сұхбаттасушылар Әлемдегі экономикалық және саяси жағдайға қатысты пікір алмасады. Елбасынан күн тәртібіндегі жекелеген мәселелер бойынша кеңес сұрайды, қандай да бір проблеманы шешу жөніндегі оның пайымына қызығушылық танытады. Мысалы, бүгін Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті қоңырау шалды. Елбасы мен Альберт Гор әлемдік державалар арасындағы сенім дағдарысы мен санкциялық текетіреске байланысты ахуалды талқылады", - деп толықтырды А.Үкібай.
Бұған дейін халықаралық конференцияда ТҮРКСОЙ басшысының орынбасары Біләл Чакыджи Түркістанда Елбасына ескерткіш орнатуды ұсынған болатын. Кейін желіде қоладан жасалған дайын мүсіннің фотосуреті тараған. Айдос Үкібай Тұңғыш Президенттің мұндай ұсынысты қалай қабылдағанын айтты.
"Елбасы бұл идеяны, сондай-ақ, осы уақытқа дейін болған көптеген басқа ұсынысты қолдамады. Оған ескерткіштер орнату, сәулет нысандарының атауын өзгерту секілді мұндай "сыйлықтар" мүлдем ұнамайды, әсіресе егер бұл "сыйлықтарды" жергілікті шенеуніктер ұйымдастырса. Нұрсұлтан Әбішұлы бұлай назар аударуға мұқтаж емес екенін бірнеше рет айтқан болатын. Кейде кейбір адам осылай әдейі ақпараттық шу шығаратындай көрінеді. Тарихта жаңа жобаларға өз есімін беруге келіскен жалғыз жағдай - бұл университет және зияткерлік мектептер. Тағы қайталап айтамын, Астана күні, Тұңғыш Президент күні және басқа да күндер - бұл ең алдымен адамдар, еліміздің азаматтары үшін мерекелер. Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл. Біз үшін ең басты сыйлық ескерткіштер немесе есімдер емес, бірлікті, тұрақтылықты сақтауға, халқымыздың әл-ауқаты мен өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шараларды сапалы жүзеге асыру болуы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, оның еңбегінің ең үздік ескерткіші - жарқын болашаққа ұмтылған прогрессивті ойлайтын жастар; бұл қазіргі заманғы астанасы бар гүлденген Қазақстан; бұл өз Отанын шын жүректен сүйетін азаматтар", - деді А.Үкібай.