Табыс көзіне айналған түйетауық
Табыс көзіне айналған түйетауық
Кәсібін ширатқан жанның бiрi – төрт баланың анасы Бибiрабия Сапарбекова. Бұрын кеңшардың бiр бөлiмшесiнiң кiшi есепшiсi болып қызмет еткен Бибiрабия біраз уақыт жұмыссыз қалады. Төрт перзентін бағу қамымен кез келген жұмысқа бел буа кіріседі. «Бадам» өндiрiстiк кооперативiнiң қырманына қарауыл бола жүрiп, таныстарының 5-6 жылқысын сауып, қымызын да сатады. Сонымен тәуекел деп Бөржар ауылдық округiне қарасты Жамбыл ауылының тұсындағы Бадам өзенiнiң арғы бетiнен жер алып, шағын үй салды. Осында келiп, таңмен таласа тұрғанның талай iсi бiтетiнiне көзi жеттi. Көктемде базардан түйетауықтың 2 қоразы мен 10 мекиенiн сатып алып, осылайша отбасымен құс өсiрудi кәсiп етiп алды. Бұл бiр отбасының дөңгелетiп әкетуiне болатын шаруа екен. Мұның бiр тиiмдiлiгi маялап шөп, тонналап жем жинамайсың. Қар басып қалмаса, түйетауық қыста да далаға жайыла бередi.
Түйетауық етiнiң адам денсаулығына пайдасы зор. Әсiресе, диета сақтайтындарға таптырмайтын тағам. Етi жұмсақ, дәмдi, тез сiңедi, холестеринi де аз.Төрт түлiк малға қарағанда түйетауық өсiру жеңiл. Бибiрабия үй құсын жаз бойы бағып, желтоқсан айында бiртiндеп сатады. Алғашқыда базарға алып барып саудаласа, бүгінде өздерi үйден әкетедi. Жылына 700-800-дей балапанды өсiрiп, қоразының әрқайсысын 5000-7000, мекиенiн 4000 теңгеден сатқанда, әжептәуір ақшаның басы құралады. Оған азын-аулақ тана-торпақ, тай алып қояды. Кейiн олар бұзаулап, малының басы бiртiндеп көбейедi. Қазiр мүйiздi iрi қарамен бiрге сауылатын сүт те молайып, ұйытылған айраннан сары май, құрт өндiруде.
«Осы түйетауықты өсiрудiң арқасында ешкiмнен қаржы сұрамай, ұзындығы 25, енi 4 метрлiк қора да салдық, есiк алдына iрi мал да бiттi. Болашақта бұқа сатып алып, мал бордақылау да жоспарымызда бар», – дейдi отанасы Бибiрабия Сапарбекова.
Есiк алдына қияр, қызанақ, аскөк, желкек, картоп, қызыл және болгар бұрышын, баклажан, асқабақ егiп алады. Күнделiктi тамаққа қосатын жұмыртқа өз қорасында. Бау-бақшаны өздерi өсiрiп, жаз бойы таза өнiм тұтынады. Ерiнбей еткен еңбектiң нәтижесiнде осылайша шағын шаруашылығын ешкiмнен қарыз, несие алмай-ақ дөңгелетiп отыр. Еңбекке бейiм болсаң, қатарыңнан кейiн болмайсың. Көзiн тапқанға түйетауық та табыс көзi екен.