Инклюзив білім қашықтан қалай беріледі?

Инклюзив білім қашықтан қалай беріледі?

Инклюзив білім қашықтан қалай беріледі?
ашық дереккөзі
Инклюзив білім беру – дамуында ауытқуы бар не­месе мүгедектік жөнінде дәрігерлер шешім қабылдаған балалардың дені сау балалармен қатар білім алуы. Елімізде карантин кезінде қа­шық­тан оқытудың үш түрлі формасы енгізілді: онлайн мен оффлайн және вебинар. Бұл кезде ерекше білім алуды қажет ететін тұлғалар үшін сабақ оқу күрделене түскені рас. Педагогтар командасы қашықтан инклюзив білім беру туралы түрлі онлайн курсқа қатысып, білік­тілігін көтерді. Білім сайттарындағы инклюзив курс­тың ма­териалдарын тегін пайдаланып, жүктеп алу қол­жетімді болды. Инклюзив білім беру саласына жауапты ма­мандар мен ата-аналар қолдауы арқасында балалар қа­шықтан оқып, білімін жалғастырды. Жағдай тұрақ­талған соң кезекші сыныптар ашылып, мектептер мен оқу орталықтары балаларды қабылдай бастады. Каран­тин кезінде инклюзив білім қалай берілді? Осы сұрақты ма­мандарға қойдық.  width= Жұлдыз МҰҚАШ, түзету кабинетінің әдіскері: БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМ АЛУЫНА МОНИТОРИНГ ЖАСАЙ АЛМАДЫҚ – Инклюзив білім беру – барлық ел­дің басын біріктірген білім тран­с­фор­мациясы. Кеш дамып жатқан бі­лім саласында мәселелер де жоқ емес. Алға қойған міндет қаншама?! Ин­клюзив қоғамы бар, бұл салада 70 жыл­дан бері заңнама бекітіп қойған ше­телмен иық теңестірмесек те, оны дамыту – маңызды міндеттің бірі. 2017 жылы Алматының Бостандық ау­данындағы №63 жалпы білім бе­ретін мектепте инклюзияны қолдау ка­бинеті ашылды. Кабинет іші ар­найы құрылғылармен жабдықталып, ди­дактика материалдары ілінді. Ба­ланың дамуын жақсартатын ойын­шық­тар да бар. Қазір мектепте 25 оқу­шы ерекше қажеттілікке мұқтаж. Жалпы сыныптарда пси­хо­ло­гиялық-медициналық-пе­да­гогикалық консультация (ПМПК) жолдамасымен ақыл-ойы мен фи­зи­калық дамуы, ой-өрісі, есту, сөйлеу қа­­білеті, тірек-қимыл ап­параты және мі­нез-құлық бұзылыс­тары бар ба­лалар оқиды. Инклюзив білім беру жaғ­дaйындa ерекше білім беру қa­жеттігі бaр oқушылaрды пcи­хo­лo­гия­лық-педaгoгикaлық қoлдaу (ППҚ) мaңыз­ды. Бұл орталық біздің мек­теп­­те де бар. Онда инклюзив білім беру координаторы, арнайы педагог, логопед, педагог-психолог, әлеу­мет­тік педагог және педагог-ассистент қыз­мет атқарады. Біріккен ППҚ қыз­метінің мақсаты – мүге­дектігі бар балаға психологиялық-педаго­ги­ка­лық қолдау көрсету. Пандемия кезінде арнайы білімді қажет ететін оқушы­лар да қашықтан білім алды. Пән мұ­ғалімдері мен ППҚ мамандары та­­­рапынан оқушылармен тығыз жұ­мыс істеп, оларға жеке тапсырмалар дайындалып, Zoom, Skype сервистері мен WhatsApp желісі арқылы онлайн сабақтар өткізді. Биыл ата-аналар­дың өтінішімен оқушыларға кезекші сынып ашуды жөн көрдік. Арнайы маман бекітіліп, әр баламен жеке жұ­­мыс жүргізді. Кейбір ата-ана жеке мұ­ға­лім мен жеке сабақты талап ет­ті. Жағдай тұрақталғаннан кейін бастауыш сынып оқу­­шылары кезекші сыныпқа қабыл­дан­ды. Қашықтан оқытуды жалғас­тыр­ған оқушылар да болды. Аутизмі бар балаларды қашықтан оқыту өте қиын болды. Жарты сағаттың 15 ми­нуты баланы экран алдында отыр­ғызуға кетеді. Ата-аналар жауап­кер­ші­лікті сезініп, тапсырмаларын тұ­рақ­ты жіберіп тұрды. Ең қиыны жыл соңында мониторинг жасай алма­дық. Тапсырманы бала өзі жасады ма, әлде ата-анасы көмектесті ме, соны білмегендіктен, оқу нәтижесін нақты ала алмадық.  width= Дархан АЖМОЛДАЕВ, «Дарын» АВА орталығының директоры: АТА-АНА БАЛАСЫН ОНЛАЙН ОҚЫТУҒА УАҚЫТЫ БОЛМАЙДЫ – АВА (Applied behavior analysis) – мінез-құлық технологиялары мен оқу әдістеріне негізделген терапия­лық бағдарлама. Мақсаты – ерекше қа­жеттігі бар баланың мінез-құлқын зерт­­тей отырып, қоршаған ортаға бейім­­деу. Бұл әдісті 1963 жылы Лос-Анд­­желестегі Калифорния уни­вер­си­тетінің докторы Ивар Ловаас пен оның әріптестері қолданды. 2015 жылы АВА мамандығын оқып алдым. 2016 жылдың қаң­тар айында орталық ашылды. Дамуында түрлі бұзылысы бар, сөй­леу мен ойлау жүйесі тежелген, ау­тизм, алалия диагнозы бар балалар­мен жұмыс істейміз. Мақсатымыз – мектепке дейінгі балаларды қолдау. Қарым-қатынасқа үйретіп, өзін-өзі басқара алатын дағдыларын дамыту. Мысалы, балалар дәретке өздігінен бара алмайды, тамақ жей алмайды. Соны үйретеміз. Бойындағы жағым­сыз қылық пен түрлі әдеттен арылту үшін жұмыс істейміз. Кейбір бала сөйлей алмайды. Пандемияға дейін орталықта 30-ға жуық бала білім ал­ды. Қазір карантин жағдайына бай­ла­нысты 15 баладан ғана қабылдап жатырмыз. Карантинде өте қатты қинал­дық. 2 ай бойы орталық жа­бық тұрды. Білім жүйесі жаппай он­лайнға көшсе де, біздің орталы­ғы­мыз­дың білім жүйесі өзгеше. Мыса­лы, экранның арғы жағындағы мұ­ға­лімге біздің балалар жауап бере ал­майды. Онымен қалай қарым-қа­тынас жасайтынын білмейді. Содан ата-аналарымен бірігіп, онлайн оқу­ға көштік. Білім алуында ерекше қа­жеттігі бар баланы ата-анасымен бірге қашықтан оқыту әдісі АҚШ-та дәлелденген. Ата-аналарды онлайн оқытып, нәтижесін зерттедік. Экран­ның арғы жағынан баласымен бірге тапсырма орындайды. Біз кем-кетігін түзейміз. Карантинде орталыққа келе алмай жатқан әр өңірдегі ата-аналарды да қамтуға тырыстық. Сөзімнің дәлелі болсын, тараздық ата-ана баласымен бірге онлайн сабаққа қатысып, бірінші деңгейді аяқтады. Қазір баласының тілі шығып, сөйлеуді үйреніп жүр. Естігенде қатты қуандық. Негізі онлайн сабақты карантиннен бұрын бастадық. Сұраныс көбейіп, ата-аналар тарапынан талпыныс болды. Өйткені жыл сайын аутизм диагнозы бар балалар көбейіп жатыр. Қазір оффлайн оқуға кезекте тұрған бала көп. Кезегі келген баламен ғана жұмыс істейміз. Сол жағы қиындау болып тұр. Себебі баласына онлайн сабақ оқытып отыруға ата-анасының уақыты жоқ. Амалсыздан, оффлайн сабақтың кезегінде тұр. Пандемия болғасын, ата-аналар баласының вирус жұқтыруынан қорқады.  width= Әлия АБДИБАИТОВА, ерекше баланың анасы: ДӘСТҮРЛІ БІЛІМ БЕРУГЕ ЖЕТЕТІНІ ЖОҚ – Ұлым Әмір Алпамыс Елорда­дағы №23 мектептің 9-сыныбын бітірді. Инклюзив сыныпта оқыды. Тьютордың жетекшілігімен сабақ орын­дап, қосымша білім алды. Ка­ран­тинде кезекші топтарда ашуға рұқсат берді. Себебі балалар «ерекше» болғандықтан, екі ауысымда кезекші топ ашуға тура келді. Ол жақта тью­тор­мен бірге онлайн сабаққа қа­тыс­ты. Әрине, «ерекше» бала үшін он­лайн сабақ қиын. Мысалы, интернет желісі мен компьютерді қолдану, тіпті телефонды дұрыс пайдалану қиын­ға соқты. Тапсырманы баланың жал­ғыз отырып орындауы мүмкін емес. Кейбір сабақтарға үйден қатыс­тық. Мысалы, дене шынықтыру пәні­нің мұғалімі YouTube каналдың сіл­темесін жіберіп, бала өздігінен жат­ты­ғуларды орындады. Бейнеса­бақ­тың тапсырмаларын бірлесіп жаса­дық. Аутизм диагнозы бар балалар үшін тьютордың көмегі ауадай қа­жет. Әсіресе тапсырма орындап, са­баққа қатысар кезде жетекшілік етіп, қа­дағалайтын маманның болғаны дұрыс. Сөздің шыны керек, дәстүрлі білім беру жүйесіне жететіні жоқ. Сыныптағы балалармен бірге оқу ыңғайлы. Біздің балаларға қоғаммен байланыс керек. Дәл қазіргі жағдайға ешкімді кінәламай, түсіністік таныт­қан абзал. Келесі жылы мектеп пар­та­сында отырып білім алғымыз ке­леді.  width= Айгүл ШАКИБАЕВА, заңгер: «ЕРЕКШЕ» БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ? – Қазақстан – ТМД бойынша «Бі­­лім туралы» заңға инклюзив білім беру институтын алғаш енгізген елдердің бірі. Ерекше қажеттігі бар балалардың қатарынан қалмай білім алуына жағдай жасау ниетін заң жүзінде дәлелдеді. Баланы оқытып отырған маман қанша мықты болса да, ол дәл ата-анадай көңіл бөле ал­май­ды. Бала 24 сағат бойы дами бе­реді. Ерекше баланың жетілу кезеңі көп уақыт алады, кейде тоқтап қалуы да мүмкін. Ондай баланың ата-анасы педагогикалық, психило­гия­лық және физикалық дамуына байланысты барлық нәрсені нақты білуге тиіс. Педагогтармен психолог­тар, дәрігерлер мен арнайы сала ма­мандарынан көмек сұрай алады. Бала дамуындағы ерекшелігіне қарамастан, диагностика қо­рытын­дысы бойынша арнаулы бi­лiм беру ұйымдарында немесе мемле­кет­тiк жалпы бiлiм беретiн оқу орын­дарында тегiн мектепалды және жал­пы орта бiлiм алуға құқылы. Қа­зақ­стан Конституциясының 30-бабы бойынша азаматтарға мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріледі. Мемлекет мүгедектігі бар азаматтардың білім алу құқығын мойындайды. Баланың немесе білім алушының ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері оның қалауы, жеке бейімі мен ерекшелігін ес­кере отырып білім беру ұйым­да­рын таңдай алады. Арнайы түзету сыныптары бар мекемелерден басқа кейін­гі жылдары инклюзив білім беру мектептері ашылды. Осындай мектептерде баламен танысу кезінде пе­дагогикалық консилиум өткізіледі. Оған мектеп педагогтары мен психо­лог, логопед, дефектолог қатысады. Бала туралы ақпарат, қандай да бір саладағы даму деңгейі көрінеді, одан кейін балаға қандай пәндерден же­тек­шінің көмегі қажет екені, қай са­баққа өз бетінше қатыса алатыны бел­гілі болады. Нәтижесінде жеке оқу жоспары әзірленеді. Психологиялық, меди­ци­на­лық және педагогикалық кеңестердің қорытындысы мен оқы­тудың жеке жоспары бойынша мүге­дектігі бар балалар үш жастан бастап мектепке дейінгі білімді ала алады. Мекеменің жеке немесе мемлекеттік екеніне қарамастан білім беру ме­кемелері әкімшілігі балаға білім беру қызметін беруден бас тартуға қақы жоқ. Бас тартқан жағдайда жоғары тұрған инстанцияларға, прокура­тураға шағымдануға немесе сотқа арыз-талап түсіруге болады. Қара­пайым қағидаларды «ерекше» тұлға тәр­биелеп отырған әрбір ата-ана білу­ге міндетті. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ерекше қажеттігі бар балалардың білім алу мәселесін көтерді. Күні кеше Парламент Мә­жі­лісінің жалпы отырысында «Инклю­зивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Ресми статистика бойынша елімізде ерекше білім беруді қажет ететін ба­ла саны – 161 мың. Бұл көрсеткіш жыл сайын 3 пайызға өсіп отыр.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА