Жаңалықтар

Адасқандар әуелі дәстүрді мансұқтап, ғұламаларды жоққа шығарады

ашық дереккөзі

Адасқандар әуелі дәстүрді мансұқтап, ғұламаларды жоққа шығарады

Діни жат ағымның жетегіндегі адам ұлттық сипатынан айырылады. Бұл мемлекет тұтастығына қауіп төндіреді, демографиялық ахуалды қиындатады. БҰҰ жариялаған есеп бойынша Сирияға әлемнің әр түкпірінен 171 400 адам келген, оның 51 910-ы өлтірілген. Ал соғысқан, хабар-ошарсыз кеткендер – 119 490 адам. Сарапшылар Қазақстаннан Сирияға жалпы саны 800 адам аттанғанын айтады. Жихадшылардың соңында жылап қалған ата-анасы, бауырлары қайғыдан қан жұтып, шарқ ұрды. Тіпті баласын іздеген кейуана мен күйеуінің соңынан соғыс аймағына аттанған әйелдер де болды. Қазақстан – Сирияның соғыс аймағынан өз азаматтарын алып шыққан жалғыз мемлекет. Отандастарымыз қақтығыс аймағынан үш кезеңнен тұратын «Жусан» операциясы бойынша елге жеткізілді. Атап айтқанда, 2019 жылдың қаңтар айында «Жусан-1» операциясы нәтижесінде Қазақстанның 47 азаматы Сириядан оралды. 17 және 9 мамыр күндері «Жусан-2» операциясымен 231 азамат елге қайтарылды. Оның 159-ы – балалар. Ал 28-31 мамыр күндері жүргізілген «Жусан-3» операциясының шеңберінде 67 әйел мен 171 бала Отанымен қауышты. Елге оралған ересектердің біразы терроризмге қатысы бар деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жалпы Сириядан қайтарылғандардың бәрін ұзақ психологиялық, идеологиялық оқытудан өткізу мәселесі күтіп тұрды. Қазір Қазақстанда Сирия мен Ирактағы қақтығыс ошақтарынан оралған азаматтарды оңалтумен айналысатын ондаған орталық бар. Ол мекемелер Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Көкшетау, Атырау, Жезқазған, Қаскелең қалаларында ашылған. Құқық қорғау қызметкерлері, теологтар, психологтар мен педагогтар қақтығыс аймағынан келгендерді қоғамға қайта бейімдейді. Жат ағымның жетегінде кеткендердің барлығының көзқарасын өзгерту мүмкін емес шығар. Алайда бір адамның жан дүниесін жаңартып, санасын жат ағымның салдарынан айықтыру – тұтас қоғамның жеңісі. Бүгінде Дін істері комитеті заңды түрде жұмыс істейтін діни бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайтты. Діни ғибадатханалар мен діндарлар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Имамдардан құралған арнайы топ жат ағым өкілдерімен жеке-жеке әңгімелеседі. Мамандар интернет арқылы ағартушылықпен айналысады. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаевпен аз-кем әңгімелескен едік.