Жаңалықтар

Үміт – жастарда

ашық дереккөзі

Үміт – жастарда

Қазіргі жаһандану дәуірі адам­зат құндылықтары мен тал­ғам-түсінікке қатты ықпалдасу әсерін тигізіп жатқан кезде жас­тар тәрбиесіне ерекше назар ау­да­рып, заманның даму үрдісінде көш­тен қалып қоймай, өзінің ту­ған елінің абыройын асыратын ұр­пақтардың жолын ашу өте маңызды. Бүгінгі жас ұрпақты, ең басты құн­дылығымыз – ел Тәуелсіздігі жыл­дары дүниеге келген жастар тол­қы­нының өзі әлденеше ұрпаққа қара­ғанда әлдеқайда білімді, белгілі бір кәсіп иесі, білікті маман, бірнеше тіл біледі. Соған қарамастан олардың өзін­дегі барды бағалай білуі, ненің кие­лі, ненің қасиетті екеніне терең­деп ден қоюына талапшыл тәрбие ұстанымы қажеттігі байқалады. Егемендіктің елең-алаңында жас мем­лекеттің келешегі мен жарқын бо­лашағын ойлаған Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» бағ­дарламасымен алғыр жастары­мыз­ды әлемдегі ең үздік жоғары оқу орын­дарына жіберіп, оқытып, тәр­биелеуі мемлекеттің мерейін өсіруде ай­рық­ша тарихи бастамашыл қадам болды. Бұл сол баянды бағдарлама­ның арқасында заманның озық білі­мімен сусындап, еліміздің дамуына өзін­дік үлес қосып, сеніммен еңбек етіп, қызметте жүрген жастардың ел бас­қару ісінде абыройлы, елдің ар­қатұтар азаматтары қатарында еке­нін мақтанышпен айтуға болады. Қазір әлемде интеллектуалдық және рухани әлеуеті жоғары аза­мат­тар кез келген мемлекет пен ұлттың тұрақты дамуының кепілі. Біздің елдің әртүрлі саласында жас­тардың өздеріне өз тұстастары мен қатарластарын үлгі ету дәстүріне құрметпен қараған жөн. Рухани жаңғыру мәселесінде «100 жаңа есім» аталымы бойынша таңдау жолы жер­гілікті жерде, өңірлерде жаңа маз­мұн­дық сипатқа ие болды. Қалың ор­ман халқымыздың әрдайым зор қол­дауы мен сеніміне ие болған «Nur Otan» партиясының жастардың от жа­лынын қоғам мен мемлекеттің мәр­тебелі қызметіне көптеп тартуы және қала мен ауылдарда қабілетті жас ұл-қыздарымыздың шыңдалып, өсіп, мықты да өрелі азаматтар бо­лып қалыптасуына ерекше қам­қор­лық­пен, жүйелі жұмыстарымен алға шы­ғаруы адалын айтсақ, жаңа­шыл­дық пен ел қамын ойлаудың жарқын қадамы болды. Бұл көңіл өсіріп, нә­ти­жесінде қоғамдық оң пікірдің ар­қауы болған Парламент Мәжілі­сінің сайлауында анық байқалды. Жер­гі­лікті мәслихат депутаттары ара­сында да 20 пайыз жастардың болуы жұрт жақтаған, қоғам сүйсінетін қай­раткерлер деңгейіне көтерілудің жаңа тиімді мүмкіндіктері деп біле­міз. Саясат соқпағының мәдениет соқ­пағына ұласқан сәттері де жастар өмірін байыта түспек. Біз жалпы жас­тар тәрбиесін айтқанда, қоғамда, тұр­мыста болып жатқан оқиғалар мен әртүрлі көріністердің болу се­беп­тері мен сабақтарын да уағында ек­шеп, саралап айтып отырғанымыз жөн. Жастардың жас шамасына қа­рай табиғи өзгерістерінен туын­дай­тын мәселе аз болмайды. Жер дү­ние­де қазіргі кездегі жанталас ақша үшін жүріп жатыр. Материалдық игіліктің алға шыққаны пендешілік пайым емес, қажеттілік, жақсы өмір сүрудің жолы тек осы деп біржақты ұғынуға тоқтау салу да қиын шығар. Алайда жас өскінге сол байи алатын мақса­ты­на адал еңбек, терең білім, көк­жиегі кең ізденістер жеткізетінін талмай айтып, ұғындыру жұмысын бәрінен де жоғары мәдениетпен ат­қаруға тиіспіз. Қоғамның иесі өн­дірістің тұтқасын ұстайтын, өз қара­жатымен жұмыс орындарын ашатын, қоғам игілігін ақылымен мол жа­сайтын, ұлттық мүддені жоғары қоя­тын, мемлекетшіл ұстанымы берік, дені сау, экономикамыздың қуатын арттыра алатын, әлеуметтік-мәдени мәселесін шеше білетін қа­зақ­стандық азаматтар бола береді. Ұрпақ тәрбиесінде мемлекеттің жауапкершілігі қандай болса, отба­сының жауапкершілігі де сондай болуы қажет. Әр отбасы мемлекетіне кө­мектесуі – ең қадірлі міндет. Қазақ балаға бесікте жатқаннан-ақ құлағына жақсы сөздерді құйып, бәрін ақ тілеумен өткізіп отырған ғой. Жаһандану сіз бен біздің қар­сылығымызға қарамай басталып, ық­палдасқан дүниесімен таңыр­қа­тып жатыр. Бірдеңе үйренуге болар, ақылдыларымыздың өздеріне тобыр мәдениетінің жан алқымнан алмаса да, жатпай-тұрмай жат құбыластарды үсті-үстіне тықпалап, талғам атаулы­ға өзгерістер енгізуін қайдағы бір еркіндік, жеке бастың еркешора шаруасындай көргісі келеді. Бұл ала­бажақ, арзан жылтыраққа ойланбай еліктеудің салқыны да, зардабы да жайсыз сезілуде. Өнер мәйегі өмірдің жасампаздық жолымен өркендесе, адамгершілік қасиеттеріміз өркен жаяды. Таза, табиғи дүние ғана мөл­дір күйінде адамға қызмет етеді. Бәрі де отбасынан басталады. Жас ұрпақ ненің киелі, иә, ненің қа­сиет­ті екенін білуі тиіс. Бұл ұлттық салт-дәстүрімізді берік иммунитет ре­тінде қарастырып, ұлттық болмы­сымызды биік те тұғырлы қалпында көр­сетуіміз үшін аса қажетті іс. Ең қара­­пайым тәрбие дағдысы – қоғам­дық орын­дарда тазалық сақтап, мә­де­ниет­ті болуға үйрету де өміршең. Биыл елімізде 150 мыңға жуық түлек орта мектептен үлкен өмірге қадам басады. Олар ертең-қоғамның бір-бір тұлғасы болады. Қайратты жас­тар әлеуетіне деген сенім алға бас­тайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа Жол­дауында атап өткеніндей, біздің қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгерту керек. Жас буын­ға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн. Байтақ елімізде, іргелі мемлекеті­міз­де адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан ұлан-ғайыр тірліктердің барлығы да жас ұрпақтың келешегін діттейді. Бұл – өркениетті қоғамның зор бақыты.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі