Минералды судың көзі табылды
Минералды судың көзі табылды
Елбасының тiкелей бастамасымен қолға алынған үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ел экономикасының дамуында шешушi рөл атқарады. Соңғы кезде іске қосылып, жұмысын жандандырып жатқан кәсіпорындардың көбі осы мемлекеттік бағдарлама аясында қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, шикiзаттық емес сектордың тамырына қан жүгіртіп, инновациялық процестерге бет бұру арқылы экономика жаңа белеске көтерілу үстінде. Өнім бар да, бәсеке бар. Бәсекелестік көбейген кезде, оған қабілеттілер ғана көштен қол үзбейді.
Индустриялық-инновациялық саясаттың басты мақсаты – бәсекеге қабiлеттi тиiмдi ұлттық өнеркәсiптi және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру. Бұл бағытта кәсiпкерлерге барынша жағдай жасалуда. Мемлекеттен тиісті көмек алып, одан нәтиже шығарып жатқан 11 индустриалды аймақтың қай-қайсысы да атап өтуге тұрарлық жетістіктермен қуантып келеді. Соның ішінде Шардара ауданында құрылған индустриалды аймақта атқарылып жатқан оңды істер көптің көңілінен шығуда.
Бүгінде аумағы 35 гектарды құрайтын индустриалды аймақта инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысы толығымен аяқталған. Мемлекет бюджетiнен 467,5 млн теңге бөлiнiп, су, электр энергиясы, кәрiз, көлiк коммуникациясымен қамтамасыз етiлді. Бiр шақырымнан астам жерге қуаттылығы 35 киловаттық электр желiсi тартылып, қосалқы станция сатып алынды. Су құбырлары жүргiзiлiп, 1,3 шақырым жолға асфальт төселген.
Шардара ауданы әкiмiнiң орынбасары Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, бүгiнгi таңда индустриалды аймаққа орналасуға 6 индустриалды-инвестициялық жоба тапсырылса, оның екеуi жақын күндерi жұмысын бастамақшы. Iске асырылатын жобалардың жалпы құны 975 млн теңге. Мәселен, «Ақжол 2008 ЛТД» ЖШС-i ауданда гофрланған картон және қорап жасаумен айналысады. «Бұл өте сәттi жобалардың бiрi. Өйткенi кез келген өнiмдi жөнелтерде картон қорап қажет. Әсiресе, жиһаз жасайтын, түрлi техникалар шығаратын кәсiпорындар мен ауыл шаруашылығы өнiмiн сатумен айналысатындарға бұл тауар өте қажет. Облыс бойынша мұндай өндiрiс орны жоқ. Гофрланған картонға сұраныс жоғары. Қазiрдiң өзiнде тапсырыс көптеп түсiп жатыр», – дейдi серiктестiк директоры Н.Әшiмханов.
Құны 100 млн теңгелiк жобаға «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 74 млн теңге несие берiлген. Қалған қаражатты кәсiпкер өз қалтасынан шығарған. Бүгiнде Қытайдан өндiрiстiк жабдықтар әкелiнiп, монтаждау жұмыстары жүргiзiлуде. Екі ел әріптестері арасында бір жылдық келісімшарт күшіне енген. Ал қытайлықтар кәсіпорын жұмысы жолға қойылғанша жаңа құрылғымен жұмыс істеудің жай-жапсарын үйретпек.
Өндiрiс ошағы iске қосылса, тәулiгiне 5 тоннаға дейiн картон өнiмдерiн шығаруды жоспарлап қойған. Қазан айының басында іске қосылған кәсіпорында 25 адам жұмыспен қамтылмақ.
Сол сияқты егін алқабында мол өнім алуға зиянын тигізетін кәдімгі қамыс та кәдеге жарайтын күн алыс емес. «Seikhun» ЖШС ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу жолымен паркет, еден тақтайшасы, тiреуiштер секiлдi композиттiк құрылыс материалдарын шығарады. Қамыстан жасалғандықтан өнiм өте сапалы әрi суда шiрiмейдi. «Өнiмдi өткiзудiң амалдарын қарастырудамыз. Облыс әкiмi Бейбіт Атамқұлов осы мәселенi шешудi тапсырған болатын. Отандық өнiмдi қолдау мақсатында қазына қаржысына салынатын құрылыс нысандарына осы кәсiпорынның өнiмдерiн сатып алу туралы ұсыныс бiлдiрiп жатырмыз», – дедi Қайрат Жолдыбайұлы.
Аталмыш индустриалды аймақтағы жобалардың қай-қайсысы да ерекше назар аудартады. Мәселен, жеке кәсіпкер Ә.Бектасов құрғақ сүт өндiретін зауыт ашуға ниетті. Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, бүгiнде елiмiзде сүт өнiмдерi тапшы. Қазақстанда жылына 5 миллион тоннаға жуық сүт сауылса, оның 22 мың тоннасы экспортталады. Осы 5 миллион тонна сүтпен барлық қазақстандықтарды қамту көзделген. Алайда өнеркәсiптiк өңдеуге оның 30 пайызы ғана жетедi. Ал елiмiзде жылына 15 мың тонна құрғақ сүтке сұраныс болса, оның 3 тоннасы ғана елімізде өндiрiледi екен.
«Төрт түлiк малын сайлаған халқымыз отандық өнiмдi өзгелерге танытпақ түгiлi, өзiмiздi қамтамасыз ете алмай келедi. Әрине, табиғи сүт бар. Бiрақ оны жинап, кәсiпорынға жеткiзу жағы қарастырылмаған. Мәселен, Еуропа елдерiнде сүт қабылдау пункттерiнiң ең ұзағы 50 шақырым. Ал бiзде сүттi өткiзу үшiн кемiнде 300 шақырымды артқа тастауға тура келедi. Бұл қарапайым шаруаға тиiмсiз. Бiрiншiден, жол шығынын есепке алыңыз. Одан кейiн алыс жолда сүт бұзылады. Ал бiздiң кәсiпорын тұрақты жұмыс iстесе, шардаралықтардың қолындағы сиырынан сауылған сүт қайта өнделiп, бүкiл республикаға жеткізе аламыз», – дейдi Ә.Бектасов. Сүттi зауытқа жеткiзу жағы да ойластырылған. Қ.Тұрысбеков ауылының тұрғындары күнiне сүттi арнайы ыдысқа құйып, сауда дүкендерiне таратады. Егер зауыт жұмысын қуатты түрде бастап кетсе, әрбір адамның күніне 2 мың литр сүт өткізуіне мүмкіндік туады екен.
Алдағы уақытта Шардарадан минералды су да шығатын болады. Жеке кәсiпкер Құрманғазы Акбаров ұсынған бұл жобаның құны 200 млн теңге, өндiрiстiк қуаты – 10 тонна. Кәсіпкерге бұл идея қайдан келді? Жұрт аудан орталығынан шеткері жатқан шағылды аймақтың дәмі тіл үйіретін суын көптен бері емдік су ретінде тұтынады. Егер бұл жерді қаза түссе, 40 метр тереңдіктен су шығады. Судың сапасын сараптамадан өткізіп жатқан Қазақ тағамтану академиясы мамандары оң бағасын берсе, кәсіпкер жұмысқа белсене кіріспекші. Минералды ас суымен қоса, түрлi шырынды сусындар шығаруды да жоспарға енгізген кәсіпкердің мақсаты көп.
Оңтүстік Қазақстан облысының шалғайда жатқан ауданында қолға алынып жатқан игі бастамалар көп. Кез келген жобаның сәтті жүзеге асуына жол ашқан индустриалды аймақ шағын және орта кәсіпкерлікке деген қолдауды аяған емес. Әсіресе, аграрлы салаға, оның iшiнде мал шаруашылығына қолайлы өңірде қол қусырып отырған ешкім жоқ. Шағын және орта кәсіпкерлік иелері кәсіп ашу арқылы ауыл халқын да тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде. Адам өмірінің мәніне айналған еңбек қашан да бәрін жеңбек. Жер бетінде жақсылық атты ұғым барда шынайы бақыт, еңбек бақыты да қоғамның бір құндылығы ретінде сақталатыны анық.