Жаңалықтар

Дін мен ділдің алтын өзегі

ашық дереккөзі

Дін мен ділдің алтын өзегі

Ұлылардың ордасы атанған Түр­кістан – еліміздің рухани ошағы. Елбасы Н.Назарбаев 2000 жылы Түр­кістанның 1500 жылдығына ар­налған мерейтойда: «Түркістанды об­лыс орта­лығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айнал­дыру­­дың басы», – деген болатын. Ара­да 18 жыл уақыт өткенде Елба­сы­ның арманы жүзеге асып, қала об­лыс орталығына айналды. Түркістан – тағылым мен тағзым ор­да­сы. Тағылымға бай тарихы, тағзым етер киелі орындары туризмге сұранып-ақ тұр. Қыз­дың жиған жүгін­дей әдемі үйлесім тап­қан қаланың бүгін­гі келбетіне қарап көңіл сүйсінеді. Құлбек ЕРГӨБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор: Түркістан – рухани Байқоңыры­мыз – Әр ұлт, әр халықтың рухани бас қаласы бар. Ал Түркістан – түрік халықтарының ара­­сын байланыстырушы рухани астана. Бү­гінде оны сеніммен айта аламыз. Ал бұрын оның уақыты келмеген еді. Оның себебі біз Ясауи­дің сопылық поэзиясын түсінбе­ген­дік­тен қабылдаған жоқпыз. 1959 жылы Бей­сенбай Кенжебаев «Қ.А.Ясауиді әдебиет та­ри­хына енгізейік» дегенде Қажым Жұмалиев «Бұл тұнып тұрған сопылық поэзия, оның айналасындағы ағымдардың бәрі сондай, ол бізге жат» деп екі қолын төбесіне қойып қарсы шыға келген. Әуезов те содан аса алмай «Соңғы кезде өзбек халқы әдебиет тарихына енгізіп жүр еді, олар да әдебиет тарихынан шы­ғаруға ыңғайланып келе жатыр» деді. Сол кез­де Б.Кенжебаев жеңілсе де, өз пікірінен қайтқан жоқ. Бірақ соңынан қайтадан шабуыл­дап, бәрібір Ясауиды әдебиет тари­хы­на енгізді. Оны ғана емес, Түрік қағанатынан бері қарай әдебиет тарихын жүйелеп алып келді. Тәуелсіздік алғаннан бері әлі де бая­ғы коммунистік рухпен тәрбиелен­ген біз Ясауидің сопылық поэзиясын, бүкіл түрік халқына тараған ілімін қабылдай алмадық. Ғұ­ламаның мавзолейі біздің жерімізде жат­қанына қарамастан ілімін санамызға сіңіре алмадық. Ясауидың орта ғасырдағы түрік ха­лық­тарын біріктіруші тұлға екенін түсін­беген жалғыз қазақ халқы ғана емес. Түрік әлеміндегі мұсылмандық дәстүрді орнық­тыр­ған ғұлама ұстаз жатқан жер Түркістанды түрік халықтарының рухани астанасы ретін­де қабылдауға қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түрік, түркімендер де дайын болмады. Татар­лар мен башқұрттар да еміс-еміс қана түсінді. Елбасы 1991 жылдан бастап Түркі­стан­ды Ясауи рухымен сабақтастырып, Түр­кістан түрік халықтарының рухани орта­лық рөлін атқаратынын әрдайым айтып ке­леді. Қалаға келген әр сапарында Түркі­стан­ға не арнайы мәртебе береміз, не облыс ор­талығына айналдырамыз, ол үшін Түр­кіс­тан ауылдық сипаттан қалалық инф­ра­құрылымға көшу керек, соған жеткізулерің керек дейтін. Өзім түптің түбінде орта ғасырдың өзін­де күллі түрік халқына рух бол­ған Ясауидың сопылық іліміне қол созатын бол­сақ, оны түсінсек және ұлттық идеоло­гия­ның құрамдас бөлігі ретінде қабылдайтын бол­сақ, Түркістанды түрік халықтарына ор­тақ рухани астанаға айналдыратынымызға менің сонау 1990 жылдардан бастап көзім жет­кен. Түрік халықтарының интеграциясы тура­лы мәселе туындап келе жатқанын ескер­сек, осы жолда жетекшілік рөл атқарғымыз келсе, біз сөз жоқ Ясауи ілімін бетке алуымыз керек. Өйткені Ясауи ілімі түрік халықтарын ұйыс­тыратынына көзіміз жетті және ғұла­маның сопылық ілімі түрік халықтарының ынтымақ, бірлігіне апаратындықтан оның жатқан жері Түркістан түрік халықтарының рухани астанасына айналуы тиіс екенін бізге мойындатты. Сондықтан қазіргі жағдайда тү­рік елдері экономикалық, рухани интег­ра­цияны осы Түркістан арқылы жүргізсе жара­сады. Бұл бүгінгі міндет қана. Ал келешек мін­­детіміз – түрік халықтарының археолог­тары Ресей жерінде жатқан Алтын Орданың қалаларын, Бату сарайды, Сарайшықты бірі­гіп қазып, тарихымызды анықтауға, бұрын­ғыдан да рухани жақындастыра түсуге ықпал ету. Түрік халықтарының рухани астанасы болу деген сөз түрік халықтарының қара­пайым азаматтарын түріктік ынтымақ-бір­лік­ке, бір тамырға бастау, тарихтың тереңіне жол ашу. Түрік елдері географиялық, ше­каралық тұрғыдан бір-бірінен алшақ жатса да бір кездегі түрік қағанатына бірігіп, ынтымақтасып, өзара білімімізді бір табаға құйып, ортақ дәрежеде түрік қағанатының рухани мұрагері екенімізді дәлелдеу жолында үлкен басқыш деп ойлаймын. Елбасының тарихи Жарлығы, жақында өткен түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Саммитіндегі ортақ коммюнике түрік рес­публикаларын, Ресей Федерациясындағы түрік этностарын түгелімен түріктік тамырға бастайтын алаң екенін көрсетті. Түркістан рухани Байқоңырымыз болуы үшін нақты жұмыстар атқарылуы тиіс. Елбасы 2007 жылы Нахичеванда өткен түрік тілдес мемлекет басшылары сам­митінде «Біз Түркістанда түрік халықтарына ортақ Түрік академиясын ашамыз. Оның қа­сында музейі, көптілді кітапханасы бола­ды» деген болатын. Түркістаннан ашылуы тиіс Түрік академиясы ақырында елордадан ашыл­ды. Бұл орталық Түркістаннан ашыл­ғанда қаланың түрік халықтары арасындағы беделі арта түсер еді...