Жаңалықтар

Батырбек АЙТЖАНОВ: Вакцинадан астар іздеудің қажеті жоқ

ашық дереккөзі

Батырбек АЙТЖАНОВ: Вакцинадан астар іздеудің қажеті жоқ

Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина салына бастағалы төрт айға жуық уақыт өтті. Алайда осы кезге дейін осынша адам егілуі керек деген межеге әлі жете ал­май келеміз. Әлеуметтік желілерде де вакцина туралы негізсіз ақпарат пен жел сөз жиі кез­деседі. Бізге нағыз мамандардың кеңесі керек екені анық. Осы орайда вак­цина өндіру са­ла­сының маманы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғы­лымдары акаде­мия­сының академигі Батырбек Айтжановпен әңгімелескен едік. – Вакцина жаппай салына бастағалы оған қатысты алып-қашпа әңгіме тыйыл­май тұр. Жұрттың күдігін қою­лап, үрейін үдете түсетін жалған, негіз­сіз ақпарат көп. Ал сондай ақпарат тас­­­­қынына тосқауыл боларлықтай ма­ман­­дардың, ғалымдардың пікірі әлі де жет­кіліксіз, неге? – Иә, қоғамда әлі де болса вакцина ту­ралы түсінік бұлыңғыр. Халық вакцина ту­ра­лы небір жағымсыз ой-пікірге сеніп алған. Ма­ман айтты ма, жоқ екпеден мүлде хабары жоқ адам айтты ма, мән бермейді. Біреулер оны дәрі екен, ауруға шипа екен деп ойласа енді біреулер керісінше зиян екен, ДНҚ-ны өз­гертіп жібереді дегенге сенеді. Тіпті чиптеп жатыр, осы арқылы қырып жатыр дегенге де ила­нып жатыр. Қандай ел, қандай үкімет өз хал­қына қастық ойлайды? Бұл – біріншіден. Ал екіншіден, вакцинадан ДНҚ өзгермейді. Екпе жасушаға барса да, оның ядросына бара ал­майды. Адамның ДНҚ-сы, генетикалық ма­териалы ядроның ішінде болады. Оның бәрі бос сөз. Қазір вакцинаның не екенін біл­мей­тін, бұл саладан хабары жоқ адамдар да ақыл айтып кетті. Бір-бірінен естігенін ай­та­ды, сөйтіп халықты жалған ақпаратпен адас­тырып жатыр. Желіде тараған кез келген жел сөзге емес, нақты мамандардың сөзіне сен­ген дұрыс. – Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» деген. Қандай да бір ін­детке қарсы екпе салу қашаннан бар тәр­тіп қой? – Оныңыз рас. Жалпы вакцина деген не? Вак­цина – организмде иммунитет қалып­тас­тыру үшін салынатын биопрепарат. Мұны біз­дің ата-бабаларымыз Луи Пастерлерге дейін-ақ білген әрі қолданған. Мысалы ше­шек­пен ауырған адамға бұрын науқастанған ада­мның жарасын себетін болған. Ауырып жат­қан балалардың киімдерін сау балаларға ки­гізген. Себебі сауыққан адамның жара­сын­да, киімдерінде аурудың қоздырғы­шы бо­ла­ды. Бірақ ол қоздырғыштар әлсіреген, кей­біреуі өліп қалған. Олар организмге барады да, иммундық жүйе түзеді, бірақ ауруды қоз­­­дыру­ға шамасы жетпейді, өйткені ол инак­тива­ция­ланған. Негізі вакцинаны туғаннан бастап, пер­зент­ханадан шықпай жатып-ақ гепатитке, пол­лимелидке, дифтерия – бәріне қарсы еге бас­тайды. Сондықтан бұдан ешқандай саясат із­деудің қажеті жоқ. Әрі бірінші көріп тұрған таң­сық дүние де емес. Мысалы Израиль – ғылым-білімі өте да­мы­ған ел. Нобель лауреаттарының көбі – ев­рейлер. Оларды ештеңеден бейхабар халық деп айта алмайсыз. Халқының 60 пайызы вак­цина алып, қазір індетті жеңдік деп ж­а­риялап жатыр. Ал бізде екпенің 1 компо­нен­тін алған адам саны 2 миллионнан енді асты, ал 2-компонентін салдырғандар саны – 1-ақ мил­лион, ол халықтың 10 пайызына да жет­пейді. Қазір біз қыркүйекке дейін 10 миллион адам вакцина алуы керек деп жатырмыз, бірақ мұндай дәрежедегі жұқпалы дертті жеңу үшін бұл аздық етуі де мүмкін, мейлін­ше халықтың 70-80 пайызы вакцина алғаны жөн. Негізі вакциналардың бағасы да қымбат. Бізге оның барлығы тегін ұсынылып жатыр. Ақ­ша төлеп сатып алса да, халқы кезекке тұ­рып жатқан елдер бар. Соны түсінбей жа­тыр­мыз. – Әлеуметтік желіде тарап жатқан әр­түрлі жалған ақпараттан бөлек, елі­міз­де жаппай салына бастаған вакцина­лар­дың сапасына сенімсіздік танытып, америкалық вакциналардың келуін күте­мін деп жүрген адамдар да бар екен. Бұған не айтасыз? – Америкалық вакциналар бізге әлі келе қой­ған жоқ, келсе де өте қымбатқа түседі. Олардың сақталуы, тасымалдануы да оңай емес. Оны сақтау үшін арнаулы қондырғылар ке­рек, басқа да химиялық заттар керек. Та­сымалдауға әуекомпаниялардың әлеуеті де жете бермейді. Сол себепті менің айтарым – өзімізде бар «Спутник V», Hayat Vax және QazVac вакциналарын салдыру керек. – Менің де сұрағым келіп отырғаны осы. Сапаға қарамай, мүмкіншілігіміз же­тетін вакцинаны алып отырған жоқ­пыз ба? – Жоқ, олай емес. Негізі қай вакцина бол­ма­сын Денсаулық сақтау ұйымының та­лап­тарына сәйкес толық зерттеу фазаларынан өт­кен жоқ. Ол қашан өтеді екен деп қарап оты­ратын бізде уақыт та жоқ. Бүкіл әлем бойын­ша солай. Жағдай соны талап етіп тұр. Вак­циналардың көрсеткіштерін егжей-тег­жейлі анықтау – өте ұзақ процесс. Антидене нақ­ты қашан түзіледі, ол қанша уақыт сақ­талады, қай уақытта жойылады – ешкім нақ­ты айта алмайды. Тек шамалап, жобалап қойылып жатыр. Мысалы «Спутник V» 97 пайыз дейді, Moderna 94 пайыз дейді, мұның бәрі шартты түрде. Вакциналардың толық им­му­ногендігін анықтау үшін өте көп уақыт қа­жет. Ал Hayat Vax 10 миллион адамға қол­да­нылғаннан кейін оның нәтижесі 79 пайыз­ды көрсеткен. Бұл – өте жақсы нәтиже. Ол дегеніңіз – 100 адамнан 80 адамға көмектесті деген сөз. – Осы орайда Hayat Vax вакцинасы ту­ра­лы бір сұрақ туындайды. Әлем ел­дерінде қолданылатын вакциналар ту­ралы мәлімет беретін ақпараттық пор­тал­да бұл вакцина тек Қазақстанда ғана қолданылатыны көрсетіліпті. Бұл қалай бол­ғаны? Араб елдері мен Қытайда қол­данылмауы мүмкін емес қой? Жалпы атал­ған екпе туралы ақпарат салыс­тыр­малы түрде аз екенін де байқадық. – Hayat Vax вакцинасы Біріккен Араб Әмір­­ліктерінде шығарылады, ол жақта са­пасы жоғары құрылғылар бар. Ал вак­ци­на­ның өзін Қытай мамандары әзірлеген. Жалпы вак­цинаны тексерудің клиникаға дейінгі фа­засы, сосын клиникалық деңгейдегі 3 фа­за­сы болатын болса, бұл вакцина Біріккен Араб Әмірлігінде, Бахрейнде, Египет, Ма­рок­ко, Палестинада сынақтың 3 фазасынан да өт­кен. Оған 68 мың адам қатысқан. Вак­ци­на­ның ешқандай жағымсыз әсері байқал­ма­ған. Сол себепті Біріккен Араб Әмірліктері осы вакцинаны өз елдерінде өндіріп жатыр. Ол тек Қазақстанда ғана қолданылып жатыр де­ген негізсіз ақпарат, қазіргі кезде Hayat Vax-тың 50 миллион дозасы әлемнің 34 еліне жіберілген. Бұл вакцина басқаларға қарағанда салыстырмалы түрде кеш тіркелді. Сол се­беп­ті де вакцина көп елге әлі жете қойған жоқ әрі ол туралы ақпарат та, мәлімет те аз. Сосын біз­де мынадай бір түсінік қалыптасқан: Қы­тайда немесе мұсылман елдерінде шы­ғарыл­ған не нәрсе болмасын сапасыз болады деп ой­лаймыз. Сенімсіздікпен қараймыз. Бұл – дұ­рыс емес. Шын мәнінде Қытай қазір ғы­лым-білімі дамыған елдердің бірі. Ал Араб елі солардың лицензиясымен, технологиясымен вакцина шығарып жатыр. Мысалы бізде Қарағандыдан шығып жатқан «Спутник V» вак­цинаның негізгі өндірушісі – Ресей. Қара­ғандыда тек құйылады, бұл да сол сияқты. – «Спутник V» вакцинасының 5 до­за­сы бір құтыға құйылады екен. Ал Hayat Vax-тың 1 дозасы 1 құтыда. Неге? – Спутниктің 5 дозасы 1 флаконға құйы­лады, бұл флакон тапшылығынан да болуы мүм­кін. Флакон ашылғаннан кейін жарты са­ғат ішінде салынуы керек. Егер осы уақыт ішін­де қолданылмаса, вакцинаның кейбір фраг­менті сақталмауы мүмкін. Жоғарыда айтылған Hayat Vax вакцинасы – инактивацияланған вакцина. Яғни өлі. Ре­сей вакцинасынан айырмашылығы да осын­да. Оны жасау үшін коронавирустың қоз­дыр­ғышы алынып, әртүрлі жолмен инаки­ти­ва­ция­ланады, яғни белсенділігі жойылады. Сон­дықтан организмге түскенде, көбейе алмайды. Иммунитетті көтеретін қосымша зат – адъювант қолданылады. Сондықтан қор­­­­қудың еш қажеті жоқ. Біздің отандық вакцина да – инак­ти­ва­цияланған вакцина. Вакцина жасайтын ма­те­риал Қазақстандағы штам, яғни біздің елде ауырған адамнан алынған. – Вакцина өндірісі саласын бас­қар­ған, 50 жыл тәжірибесі бар маман ре­тін­де отандық вакцинаның артық­шы­лық­тары туралы айтып өтсеңіз. – Вакцина шығарып жатқан елдермен Қа­зақстанның иық тіресіп, қатар тұруы – үл­кен мақтаныш, зор қуаныш. Бізде де білім мен ғылым бар екенін дәлелдедік. Өйткені вак­цина жасау – өте күрделі нәрсе. 1958 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Отардағы институтта әзірленді, ол біраз­ға дейін жабық институт болған, ешкім кір­меген, үлкен-үлкен зертханалық жұмыс­тар жүр­гізіл­ген. Өте білікті ғалымдар жұмыс іс­теген. Со­нымен қатар ол институтта пато­ген­ділігі өте жо­ғары арнаулы қондырғылар бар, мүм­кін­шілігі жоғары. Негізінен біздің өзі­міздің жа­саған вакцинамыз Hayat Vax-қа ұқсас. Дегенмен біз­дің вакцинаның бір ар­тықшылығы – жер­гілікті штамнан жасал­ға­нында. Жергілікті штам­нан болғандықтан, оның иммуногендік нә­тижесі өте жоғары болады деп ойлаймын. Та­ғы бір жетістігі – үй­дегі тоңазытқышта да сақ­тала береді, сақ­тау мерзімі де ұзақ. Содан кейін, 1 фла­конда 1-ақ доза болады. – Жақында «Самұрық-Қазына» қоры 1 миллион доза Hayat Vax вакцинасын сатып алды. Өз вакцинамыздың өзге­лер­ден кемшін тұсы болмаса, неге сырттан алып жатырмыз, ұлттық компания отан­дық вакцинаның өндірісін қолдаудың орнына қыруар қаржыны неге өзге елдің екпесіне жұмсады деген сұрақ та ма­залайды. – Негізі ресейлік вакцинаға қарағанда өзі­міз өндірген вакцинаның қосалқы әсері са­лыстырмалы түрде аз, жасы үлкен адам­дар­ға өте қолайлы. Қазір тек айына 50 мың до­за­сын шығаруға қауқарымыз бар. Бірақ уақыт өте үдете түсеміз деп ойлаймын. Айына 50 мың дозамен халықты қамтып біте алмаймыз, сон­дықтан сырттан вакцина алуға мәжбүр бо­лып отырмыз. – Өзіңіз қандай вакцинаны салдыр­дыңыз? – Мен негізі өзіміздің отандық вакцинаны сал­дыртамын деп ойлаған едім, бірақ жоқ болған соң амалсыз «Спутник V»-ді алдым. Еш­­­қандай жағымсыз әсерін байқамадым, қызуым да көтерілген жоқ. Еккенде ауыр­сынуыңыз мүмкін, бірақ кез келген вак­ци­на­ны салғанда солай болады. «Спутник V» – біршама күрделі вак­цина. Екі компоненттен тұрады. Екінші ком­по­нентінен кейін иммунитет көтеріледі. Сақ­талуы да біршама күрделі, бірақ аме­ри­калық вакциналарға қарағанда жеңіл. Қазір вак­цина компоненттерін бірінші мен екін­шісін салғызу арасын ұзартып жатыр, бірақ оның ешқандай кері әсері жоқ. Теориялық тұр­ғыдан алып қарағанда «Спутник V»-дің нә­тижесі жоғары. Иммунитет, вирусқа қарсы ан­тидене 1-2 жылға дейін сақталуы мүмкін. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ділда УӘЛИБЕК