Тәуелсіздік кезеңінде қазақ киносы қалай дамыды?

Тәуелсіздік кезеңінде қазақ киносы қалай дамыды?

Тәуелсіздік кезеңінде қазақ киносы қалай дамыды?
ашық дереккөзі
Өнердің адам жанын тәрбиелеуші қа­сие­ті бола тұра идеология құралына ай­­­налғанына көп заман өтті. Әрине, өнердің аты − өнер, ол қалайда жеке адамдардың та­лан­­тына тәуелді, олардың ой-арманына, мақ­са­тына, бағытына байланысты дамып отыра­ды. Дегенмен өнерді жасаушылардың әлеу­мет­тік сұранысқа қызмет етуі, өз қабілетін сая­си көзқарастарды насихаттауға жұмсауы – болып тұратын жағдай. Бұл құбы­лыс өнердің ішін­де, әсіресе, кинода жиі байқалады. Не десек те, бүгінгі кино − ұлттың қабілетін, мемлекет­тік мүддені танытатын ерекше өнер. Қазақ жерінде түсірілген кино туралы айтар болсақ, 1925 жылы Қызылор­да­да өткен Қазақстан Кеңестерiнiң 5-съезiн Мәс­кеу киношежiрешiлерiнiң пленкаға тү­сiруi − елімізде кино түсiрудің алғашқы қа­да­мы еді. Ал 1934 жылы Алматы кинохроника сту­диясы ашылып, 1937 жылы Алматы ки­нох­­­роника студиясы орыс кине­ма­тог­ра­фис­терімен бірге «Амангелді» атты алғашқы ды­быстық көркем фильмі түсіріліп 1938 жы­лы экранға шыққанымен, ол негізінен ре­­­сейлік кинематографтардың еңбегі са­налады. 1944 жылдан бастан Алматы көркем және хроникалық фильмдер студиясы атын алған еліміздегі алғашқы кинокомпания 1945-1952 жылдар аралығында «Абай әндері», «Жамбыл», «Алтын керней» секілді фильмдер тү­сіріп, қазақ киноөнері кеңістігіне түрен сал­ды. Ал бұл әлемдік кино жасау үдерісіне көп кешікпей қосылған қазақ кине­ма­тог­ра­фиясы үшін жетістік деуге болады. Кеңестік кезеңде барлық жанрда фильм жасаған қазақ кино өндірісі­нің «Ана туралы аңыз», «Атаманның ақыры», «Транс­сібір экспресі», «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа» т.б. шедеврлері бол­ды. Қазақтың әйгілі кинорежиссері Шә­кен Аймановтың ұлттық киномызда салған жолы қазақ кинорежиссурасына дем беріп, оның одан әрі дамуына зор әсер етті. Сондай-ақ, тәуелсіздікке дейінгі қазақ киносында Сұл­тан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Мә­жит Бегалин т.б. қазақ кинорежиссерлерінің аты танымал еді. Бұлар жасаған киноларда ұлт­тық қасиет басым болды да, ол қазақ кө­рермендеріне тез сіңіп, жақсы қабылданды. Де­мек, қазақ киносының алғашқы ширек ға­сырында ұлттық киноға негіз қаланды. Өнердің қай түрі де уақыт өте келе дамып, жаңа бағыттардың пайда болуы­мен өзгеріске ұшырап тұратыны заң­дылық. Мұндай үдерістен қазақ киносы да сырт қалған жоқ. Сөйтіп ХХ ғасырдың соңғы жиыр­ма жылында қазақ киносына оқыған, білімді режиссерлер келе бастады. Оларды шартты түрде «қазақ киносының жаңа тол­қыны» деп атады. Бұл толқынның Рашид Нұғ­манов, Серік Апырымов, Абай Қарпықов, Әмір Қарақұлов, Ардақ Әмірқұлов, Талғат Те­менов, Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Шы­нарбаев, Дәрежан Өмірбаев, Болат Қа­лымбетов, Дамир Манабаев, Қалыбек Салықов се­кілді өкілдері ұлттық киноны өздерінің ізденістерімен түрлендіріп, түрлі бағыттағы фильмдерді көрермен назарына ұсынды. Олардың жасаған кинотуындылары сол кезде одақ көлеміндегі прокаттарға шығып, өзге елдерге қазақ киносының мықтылығын таныта бастады. Шетелдік кинофестиваль­дерде жүлделі орындарға ие болды. Мәселен Р. Нұғмановтың «Ине» фильмі, сондай-ақ, «Қазақфильм» туындысы (Египеттің «Эль Аламия», «Совэкспортфильм» ком­панияларымен бірігіп түсірілген. Режис­сері Б.Мансуров) «Бейбарыс сұлтан» фильм­дері сол тұста барлық одақтық республика­лар­дың киноэкрандарында көрсетілді. Бұл да белгілі бір кезеңдегі қазақ киносының дамуынан хабар беретін көрсеткіш. Сол сияқты, А.Әмірқұловтың «Отырардың күй­реуі» (1991), С.Апырымовтың «Қиян» (1989), «Ақсуат» (1997), Т.Теменовтің «Адамдар ара­сын­дағы бөлтірік» (1988), «Махаббат бекеті» (1993), С.Нарымбетовтің «Созақтан шыққан Гамлет» (1990), С.Тәуекелдің «Батыр Баян» (1993), Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» (1993) т.б. қазақ фильмдері ел арасында кең түр­де танымал болды. Сөйтіп, ХХ ғасырдың соңы­на қарай қазақ киносы түрлі жанрды қамтыған, кәсібилік тұрғысында дамыған өнерге айналған-ды. Қазақ киносының өткен ғасырдың 50-жыл­дарында негізі қаланып, ал­ғашқы ұлттық фильмдер жасалса, одан кейін ХХ ғасырдың 80-90-жылдарында оқыған, бі­лімді мамандардың келуімен («жаңа тол­қын») қазақ киносы жаңа деңгейге көтеріл­гені белгілі. Ал үшінші кезең − тәуелсіздік кезеңі. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында заман өзгеріп, еліміз тәуелсіздігін ал­ған­нан кейін саяси-экономикалық үде­ріс­тердің жаңаруы нәтижесінде қазақ ки­но­сын­да да өзгерістер болды. Өтпелі кезеңде ел эко­номикасындағы қиындықтар көп қар­жыны талап ететін киноиндустрия да қаржы же­тіспеушілігінен біраз тұралап қалғаны жа­сырын емес (бірақ бұл сол тұста әлемнің көп­теген еліне тән жағдай еді). Дегенмен эко­номикамыз жанданып, мемлекетіміздің жағ­дайы түзелген шақта ұлттық кино қай­тадан дамуға бет алды. Кино саласына мил­лиондаған қаржы салынып, аз уақыттың ішін­де көптеген деректі және тарихи жанр­дағы кинолар сәтті түсіріліп, рухани қазы­на­мызға айналды. Сонымен бірге коммерция­лық бағыттағы кинолар да көптеп түсіріле бастады. Комедия жанрында көркем фильм­дер мен телесериалдар көбейді. Қазіргі ақпараттық технологиялар жо­ғары қарқынмен дамыған заманда қа­зақ көрермені әлемдегі барлық елдің ки­но­сын еркін көре алады. Демек, бүгінгі қазақ ки­ногерлеріне арқаны кеңге салуға болмай­ды. Себебі күллі әлем киносы оның бәсекелесі. Бір-ақ сәтте көрермендеріңді өзге елдің ки­нотуындылары өзіне еліктіріп әкетуі мүмкін. Бұл орайда қазіргі қазақ киносының жай-күйі туралы кино саласы мамандарының пі­кірін білу маңызды. Сондықтан біз оларға «Тәуел­сіздік кезеңінде қазақ киносы қалай дамыды?» деген сұрақты қоя отырып, бүгінгі ки­номыздың жай-күйін сараптауға тырыс­тық.  width= Қалила ОМАРОВ, кинорежиссер: ДЕРЕКТІ КИНОМЫЗ ӨЗ МИССИЯСЫН АТҚАРМАЙ ЖҮР
− Тәуелсіздіктің 30 жылдығы кезінде ки­но­ның көптеген са­ласында өрлеу бол­ды деп айта ала­мын. Әрине, бір бағыттағы кинолар жақ­сы да­мып кетсе, енді бір жанрдағы ки­но­лар әб­ден жетіліп кете қоймаған жағдайлары бар. Ал өзім тер төгіп жүрген деректі фильм сала­сындағы жетістіктер аз емес, кемшіліктер де жетеді. Кеңестік дәуірде қалыптасқан режис­сер ретінде айтарым − ол дәуірде бар­­лық салада мемлекеттік идеология үстем­дік еткендіктен ол шақта деректі киноны да идеологияға пайдаланды. Ал Қазақстан тәуел­­сіздігінің 30 жылдық дәуірінде мемле­кетіміз деректі киноны ұлттық идеологияны қалыптастыруға толық пайдаланған жоқ. Сөйтіп деректі кино қазақ мүддесі тұрғы­сы­нан өз мүмкіндігін көрсете алмады. Оған түр­лі факторлар себеп болды. Деректі фильм­дердің бір міндеті қоғамдағы болып жатқан жағдайларды саралап, соның себебін тауып, салдарын көрсету ғой. Сондықтан оған шын­дықты айтқаны үшін қысым жасауға бол­майды. Мәселен өткен ғасырдың 90-жыл­дарын­да Алматы қаласында адамдардың жеу­ге тамақ таппай аштан өлгендері жайында де­ректі фильм түсірген бір қызды шаһардың сол тұстағы әкімі Храпуновтың еліміздің абы­ройын төккен, қоғамға жала жапқан ки­но деп айыптай сөйлегенін көргем. Ал әлгі кино сол тұстағы қазақ халқының басынан өтіп жатқан жағдайды ашып көрсеткен, ұлт­тық мүдде тұрғысынан жасалған туынды еді. Бізде деректі фильмдер Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» киносту­диясында түсірілетіні белгілі. Өзім де сол жерде Алашорда туралы, Мұхаммед Хайдар Дулати, Майлықожа, Ахмет Жұбанов туралы т.б. фильмдерімді түсірдім. «Қазақфильмнен» шығатын деректі кинолардың 70-80 пайызы мерейтойлық фильмдер болды. Ал ондай кинода ешқандай мәселе көтерілмейтіні белгілі. Деректі кино қоғамда болып жатқан барлық жағдайды мамандардың қатысуымен зерттеп, талдауы керек. Еліміздегі өз-өзіне қол салудың көбеюі, балалар өлімінің жиілеуі, білімсіздіктің бел алуы деген секілді бүгінгі қоғамның дерттерін зерттеп, соның түп-та­мырын ашып тастайтын фильмдер өте қажет. Телевизиядағы сенсация іздеп кететін жур­налистік зерттеулерді деректі киномен ша­тастыруға болмайды. Сондай-ақ, бүгінгі дәуір туралы түсірілген деректі фильмдерде би­ліктің жұмысын қалайда жарқыратып көр­сету принципін ұстанатын киногерлер мен өз объектісіне қара күйені шектен тыс көп жағып жіберетін оппозициялық тұрғыдағы ки­ногерлердің екеуі де тым біржақты прин­цип ұстанатындықтан ондай әділетсіздікке жол беретін туындылар көрермен тарапынан қа­былданбай қалып жатады. Бүгінгі қазақ қоғамы қандай құн­ды­лықтарын қорғай алмай жатыр, ру­хани жағынан қандай жеңіліске ұшырады, ұл­тымызға төнген не төнетін қандай қауіп бар деген секілді мәселелерді батыл көтер­ме­ген соң деректі киномыз өз миссиясын ат­қара алмай, сұраныстан сырт қалып барады. Шындықты айтпайтын туындының кімге керегі бар? 90-жылдарда Мағжан Жұмабаев туралы деректі фильм түсірдім. Сонда Мағжанның үш рет сотталуына не себеп болды, оны қаралаған кімдер деген сұраққа жауап іздеп, ақын қараланған тұстағы куәлардың сөздері мен құжаттарды зерттеп, Мағжан мәселесінде С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев т.б. тұлғаларға қатыс­ты шындықты ашып бердім. Ал бүгінде бір тұлғалар туралы түсірілген киноларда ол туралы титрлық мәтінмен өйтті-бүйтті, қуда­лан­ды, қиындық көрді деп төгілткенмен со­ған кінәсі бар деген бір адамның да атын айт­пайды не құжаттық дәлел көрсетпейді. Сонда оның несі деректі кино? Мәселен, Есенберлин туралы фильмде оның көрген қиындықтарын, Лениндік сыйлық алар кезде оған қазақтардың кедергі болғанын айтады. Нақты бір тұлғалардың атын айта ма екен деп киноның соңына дейін күтіп отырасың, бірақ сол күй айтылмай, кино бітеді. Сонда бағанағы сөздің салмағы қайда? Деректі кино жауапсыздықты көтермейді. Мен Мағжанды түсіріп жатқанда Серік Жанболат та Мұқа­ғали туралы фильм түсіріп жатты. Соның ал­ғаш­қы вариантын көргенімізде кілең жаңа­ғыдай әңгіме, оған өйткен-бүйткен деген сияқты. Бірақ соны жасағанның кім екені белгісіз. Әрине, 90-жылдарда қазақтың деректі фильмдерінде біраз өрлеу болды. Мәселен Сергей Әзімовтің Арал теңізінің экологиялық апат тудырған қасіреті жайында «Жоқтау: өлі теңіз шежіресі» (1990) деген филь­мі елімізден тыс жерлерге де танылып, Бол­гария, Франция елдерінде өткен халық­аралық фестивальдерде жүлдегер болса, Семейдегі әскери полигондағы ядролық жарылысқа қарсы құрылған «Невада-Семей» қозғалысы жайында В.Рерих пен О.Рымжа­новтың «Полигон» (1990) фильміне Қазақ­стан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сол сияқты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы А.Байғожиннің «Жарияланбаған демонстрация шежіресі» деген фильмі де біраз шындықтың бетін ашты. Өзім де Алаш қайраткерлері туралы фильмдерімде ұлтқа керекті деректерді ашып көрсетуге тырыс­тым. Алайда одан бергі дәуірде ащы шындық­ты айтып, әділдігімен халықтың назарын ау­дар­ған деректі фильмдер онша көзге түс­пейді. Бірақ ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас, қазір деректі фильм түсіріп жүрген­дердің арасынан маған Дарқан Әбдіктің жұмысы ұнайды. Оның тақырыбын толық меңгеріп, байыпты зерттеу жүргізуіне риза боласың. Арасында көркем образдарды да пай­даланады. Сондықтан бүгінгі кино өнері­не келіп жатқан талантты жастар ұлттық мүдд­еге қызмет ететін деректі фильмдер түсі­ріп, халыққа нағыз ақиқатты ашып көр­се­тіп жатса елдің де көзі ашылып, интел­лек­туалдық дәрежеміз арта берер еді. Өйткені ол – ұлттың рухани санасына әсер ететін жол.
 width= Дана ӘМІРБЕКОВА, кинотанушы: КИНОМЫЗ ТҮП-ТАМЫРЫ­НАН АЖЫРАП БАРА ЖАТҚАНДАЙ
− Үлкен геосая­си өзгеріс болған 1991 жыл­дан 2003 жыл­ға дейін біздің қазақ ки­носы тек ав­торлық өнер кино тұрғысынан ғана дамыды. Ондай фильмдер көптеген ки­­нофестивальде жүлдегер атанып, қазақ ки­носының аты әлемге танылды. Бұл орайда Д.Өмірбаев, С.Апыры­мов, А.Әмірқұлов, Р.Нұғ­ма­нов сияқты ре­жиссерлердің есімдері ерек­ше аталады. Әрине, бұл кезеңде олардың автор- лық − арт-хаус фильмдерге бет бұруы өнер киносынан тәлім алғандықтан, со­нымен бірге кино түсіруге қаражаттың жоқ бол­ғанынан деуге болады. Мәселен ком­мер­ция­лық фильмдер көрерменге арналады, сон­дықтан шытырман оқиғалы, боевик не­месе экшн фильмдерді түсіруге миллион­да­ған доллар қаражат кетеді. Ал авторлық фильм­дер көбінесе камералық локациялары өте аз, сценарий желісі жеңіл, кәсіби актер­лар­ды, декорация, арнайы костюмдерді қа­жет ете бермейтін туындылар. Сондықтан өт­пелі кезеңде осындай киноларға мән бе­рілді. Дегенмен 2005 жылы мемлекеттің қол­дауымен «Көшпенділер» фильмінің тү­сірілуі қазақ киносына серпін берді дей ала­мыз. Әрине бұл фильм өте көп сыналды, бірақ ол қазақ киносының техникалық тұр­ғыдан дамуына үлкен әсер етті. Әлі күнге дейін «Көшпенділерге» пайдаланылған декорациялар, костюмдер киноларымызда пайдаланылып келеді. Сол киноны жасауға қатысқан мамандар экшн фильмнің мон­та­жы қалай жасалатынын, техникалық тұрғыда құры­лымының, блокбастерлердің тілінің өзге­шелігін үйреніп, оны бүгінгі тарихи ки­ноларда жақсы пайдаланып жатыр. «Көш­пенділерді» түсіруге 80-90 пайыз мамандарды шетелден шақырсақ, «Жаужүрек мың бала» фильмінен бастап 90 пайыз маман өзімізден та­былатын болды. Одан кейін «Томирис» се­кілді фильм мен «Қазақ хандығы» тарихи се­риа­лын т.б. түсіргенде оларды өз маман­дары­мыз істеді. Қазіргі қазақ киносы авторлық фильм, та­рихи фильм (мемлекеттің тапсы­ры­­­­сымен) және мейнстрим (коммерциялық бағыттағы) фильмдер бағытында дамып жатыр. Өкініштісі − мейнстрим бағытындағы фильмдерге кәсіби мамандар сирек қатысады. Сондықтан коммерциялық фильмдерді тү­сірумен көңілді тапқыштар клубынан шық­қан, әншілікпен айналысқан, киноға қатысы жоқ адамдар айналысып жүр. Сондықтан кә­сіби мамандар түсірмеген мейнстрим ки­нолардың сапасы төмендігі өз-өзінен белгілі. Б.Алагөзова, Н.Қоянбаев, Н.Адамбаевтар мықты продюссерлер, бірақ олар аталған жанрдағы кино тілін меңгермеген соң олар жасаған туындылардың сапасыздығы бай­қа­лып тұрады. Өткен жылдың статистикасына қарасақ, коммерциялық бағыттағы киноның 68 пайызы комедия жанрында түсірілген. Қалғаны драма, мелодрама, триллер, хоррор жанрында түсірілген. Мысалы қорқыныш- ты − хорор жанрында «Қарагөз» деген бір ғана фильм түсірілген және ол өте сапасыз шық­қан. Оны көрсеткен зал толы адамдар қор­қынышты фильм емес, комедия көргендей кү­ліп отырды. Мұның бәрі тәжірибенің жоқ­тығынан, біліктіліктің төмендігінен. Комедияны түсіруді көңілді тапқыштар клубынан келген продюссерлер жақ­сы меңгерді, бірақ олар комедия жасағанда көрерменді тек сөз арқылы ғана күлдіру деп түсініп, көп айтылған қалжыңдар мен мәнісі «бел­ден төмен» әзілдерді орынды-орынсыз пай­даланып жатады. Сондықтан оларда ас­тарлы ой, нәзік юмор, өткір сатира, көркем об­раздар арқылы күлдіру жоқтың қасы. Осы арада, кейбір жанрдағы кино­лар­дың сапасы неге төмен деген мәсе­ле­де мынаны айтқым келеді − біздің кәсіби ки­ногерлердің жанрлық киноға деген көз­қарасы нашар. Олардың пікірінше, авторлық, өнер киносын түсіру ғана дұрыс. Тіпті, Т.Жүр­генов атындағы өнер академиясына енді оқуға түскен болашақ режиссерлердің өзі курс­тық жұмыстарын авторлық кино түсірумен бастайды. Бұл, меніңше қателік. Кеңес­тік кезеңде кез келген режиссер ең бірінші өзін нағыз кәсіби маман ретінде дәлелдеу үшін ең алдымен өз жұмысын ком­мерциялық кинодан бастау үрдісі болған. Мәселен, Андрей Тарковский. Ол әлемге танымал авторлық киноның режиссері. Бірақ одан бұрын «Иваново детство» деген көрер­менге арналған фильмді түсірген. Міне содан кейін барып оған қандай кино түсірем десе де кеңшілік жасалған. Сол бізде де кәсіби білім алған режиссерлерға ең алдымен кө­рер­менге арналған фильм түсіруді міндеттесе деймін. Содан кейін қалаған киносына бара берсін. Сонда көрерменге арналған коммер­циялық бағыттағы фильмді түсіруге кез келген адам келе бермес еді. Бұл туралы бір сұхбатында Н.Қоянбаев «Кәсіби режиссерлер түсірмейтіндіктен коммерциялық киноға біздер келдік, сондықтан олар біз түсірген киноларға тілі, режиссурасы т.б. сапасыз деп айтпасын» деген екен. Дәлелді пікір! Қазақ киносында Ш.Айманов, С.Қо­жықов, М.Бегалин тәрізді ірі тұл­ғалар болды. Бүгінде олардың деңгейінде халықтық фильм түсіру мүмкін емес. Себебі олар ұлты­ның бар болмысын бойына сіңірген Дала академиктері еді. Әрине, олар арнайы кино саласында білім алған кәсіби мамандар емес-ті, бірақ олар бай фольклорлық мұрамыздан сусындағандар. Ал кез келген ұлттың түп-не­гізі фольклорда. Сондықтан ешқашан қа­зақтық дүниетанымнан алшақтамаған ре­жиссерлеріміздің туындыларынан қазақтың исі аңқып тұру заңды. Ал бүгінгі заманауи киногерлер Еуропаның үздік әдебиетінен сусындағандықтан бәрі Кафканың, Сартрдың, Гессенің, Тольстойдың, Достоевскийдің, Го­гольдың кім екенін жақсы біледі және со­лардың дүниетанымына сай келетін кино жасағысы келеді. Сондай-ақ, кинодағы түрлі ағымдар мен соны жасаушылардың шығар­машылығына еліктейді. Бірақ бірде біреуі қазақ киносының корифейлеріне елік­темейді. Киномыз түп-тамырынан ажырап бара жатқандай... Бүгінде кинорежиссураға келетін көптеген жас мамандар қазақтың бол­мысын бойына сіңірмеген, асфальтте өскен­дер. Мәселен қазірде Әлихан Ержанов, Эмир Байғазин әлемді шулатып, қазақ киносының атын шығарып жатыр, бірақ олардың жаса­ғандарынан қазақи ештеңе таппайсыз. Оларда Библияға, батыс әдебиетіне сілтеме­лер жасалады. Ал қазақ фольклорын, әде­биетін еске де алмайды, себебі − білмейді... Сапалы кинотуынды мен сапасыз, ақша табу көзіне айналған халтураның ара­жігін ажырату үшін талғам қалыптас­тыруы­мыз керек. 90-жылдардан бастап әлем­ге барлық есік ашылып, бізде Голливуд­тың сапасыз фильмдері қаптады және сонымен біздің бүгінгі көрермендеріміздің талғамы қа­лыптасты. Содан болар, бүгінгі көп көрер­менге Алагөзованың, Қоянбаевтың, Адамбаев­тың түсірген фильмдері өнердің шыңы сияқ­ты көрінуі әбден мүмкін. Өйткені көрер­менде жақсы мен жаманды салыстыра ала­тын­дай талғам жоқ. Талғам қалыптасса, көрер­мендер бізге мынадай сапасыз кино керек емес деп, нашар дүниелерден бас тарта бастайды. Сонда жақсы киноға деген сұраныс артып, талантты киногерлердің еңбегі ба­ғаланады. Бүгінде «Неге көрермен талғамы төмен?» деген сұрақ алдымыздан жиі шығады. Бұрында киноға арналған арнаулы басылымдар болатын. Қазір бізде тек киноға бағытталған − киноны өнер ретінде талдап түсіндіретін газет не журнал жоқ. Яғни ки­нотанушылардың жұмысына мән берілмейді. БАҚ-тарда тек киноны терең талдап, сарап­тама жасап, оның көркемдік қуатын танытып отыратын мамандар болса, көрермендердің де талғамы өсер еді. Қазір де ондай мамандар бар, бірақ оларға жұмыс беретін жер жоқ... Бүгінде киноны ол салаға мүлде қатысы жоқ адамдар түсіреді, сосын ол саланы туралы терең біле бермейтін журналистер жа­зады. Ендеше мұндай жағдайда кино кө­рер­мендерінің талғамы қалай қалыптасады? Осыны мемлекет ойласа деймін. Бұл туралы өткенде Аида Балаева ханыммен кездесу болғанда пікірімді айттым. БАҚ-тардан ки­но­танушыларға орын тауып беруін сұрадым. Ол кісі, әрине, қолға аламыз деп уәде берді. Күнде бір тақырыпты сараптап оты­ра­тын журналистер қауымы сирек те болса кино тақырыбына қалам тербеп тұра­ды. Бірақ олар киноны кинотанушылар дең­гейінде біле бермейтіні анық қой. Кейде театралды фильмдерді көкке көтере мақтап жатқанын көреміз. Кәсіби киносыншы олай жазбайды. Ал журналистердің пікірін оқыған көрермендер олардың сөзіне сеніп қалуы әбден мүмкін. Бізде бүгінде киноға арналған екі кәсіби бағдарлама бар, оның бірі − Abai TV-дағы авторлық киноны талдайтын «Соң­ғы муза», екіншісі − Ел арна телеарнасын­да жүретін «Ашық көрсетілім» бағдарламасы. Мі­не осындай бағдарламалар көптеп ашылса, өзі­міздің сапалы киномызды насихаттап, көрермен талғамын қалыптастырар едік.
P.S. Қазіргі кезде қазақ киносы туралы талас-тартыс көп. Ал бұл жайдан жай болып жатқан нәрсе емес. Кино ұлттың, мемлекеттің бет бейнесі. Кез келген елді білмейтіндер оны кино­сы­на қарап бағалайтыны белгілі. Сон­дық­тан заманауи қазақ киносынан да қазақ деген халықтың, Қазақстан деген мемлекеттің болмысы танылып, ол нағыз өнер туындысы деген талапқа жауап беріп тұрса − нұр үстіне нұр. Ал керісінше, киномыз өзінің түп негі­зінен алыстап, космополиттіктің дәнін себе беретін болса онда өнер өзге түгіл өзіміздің де қажетімізге жарамауы мүмкін. Бүгінгі әңгіменің мәні осы.

Ахмет ӨМІРЗАҚ