__Маңызды__Редакция таңдауыТәуелсіздік – 30

Мұны ұмыту, еске алмау мүмкін емес…

ХХ ғасырда қазақ халқының басынан алапат нәу­бет­тер өтті. Оның ішінде, 1918 жылы баста­лып, 1921-22 жылдарға жалғасқан аштық пен 1932-1933 жыл­дардағы қолдан жасалған ашаршылықтан, 1937-1938 жыл­дар­дағы сталиндік репрессиядан қазақ халқы сұмдық зар­дап шекті…

Әрине кеңестік дәуірде қырғынға ұшыраған қазақ ұлтының қа­сіреті туралы айтуға мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабыл­данған заңдардың бірі − 1993 жыл­ғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңе­сiнің заңы жазықсыз қырылған миллиондаған қазақ туралы шын­дыққа мемлекеттік деңгейде мән берудің басы болды. Ал Қа­зақ­станның тұңғыш Президенті − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлы­ғымен 1997 жылдан бастап мамырдың 31-і Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді.

Біз бүгін ұлт тарихындағы осы­нау қа­сіретті кезеңдердің ақи­қатына ой жүгірту үшін Алматы қа­ласы ірге­сін­дегі Жаңалық ауы­лын­дағы Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дары музейінің аға ғылыми қыз­меткері Ғарифолла Әнесті әңгі­ме­ге тарттық.

Enes

− Ғарифолла Қабдолқайырұлы, 1926 жылғы санақ бойынша қа­зақ­тар Кеңес Ода­ғындағы түркі тілдес ұлт­тардың ішін­дегі ең ірісі, яғни, жан саны 6 мил­лион 200 мыңнан ас­қан екен. Ал арадан 13 жыл өткен­де солардан екі миллиондай ғана адам қалған көрінеді…

− Иә, 31 мамырды баршамыз тоса­мыз, ширек ғасырлық аталып өту тари­хы бар бұл айтулы күн қоғамдық санаға әб­ден сіңісті болды, әсіресе БАҚ өкілдері осы күні айрықша белсенділік көрсетеді. Жыл сайын осы азалы күндерде қоғам мү­шелерінің жүрегін селт еткізер, са­на­лы­ны ұйқысынан шошытатын, түсіне енер небір қорқынышты дерек-дәйектер мен тарихи фактілер жарияланады. Әсіресе алапат Ашаршылықтың цифр-сан­дары тіпті сұмдық: бұрынғы зерт­теу­шілердің қорытынды тұжырымдарында бір үзім нан-талшыққа зар болғандардың, қара топырақ жеп қынадай қырылған­дар­дың саны 1,5 млн қазақ төңірегінде то­қайласса, бүгінде 2,5 тіптен 3,5-4
мил­лион бейбақтың бір сәтте құрбан бол­ғаны айтылуда. Бұлай болу себебі: бұ­рын ұлттық апатты жылдарда халқы­мыз­дың үштен бірі, кей-кейде тең жар­тысына жуығы аштан өлді, үркіншілікке ұшырады делінсе, бүгінгі таңда барша зерттеушілер босқындарды қосқанда (шет ел ауып, сол жақта тұрақтаған­дар­дың немесе қайта оралғандардың) пайыз­дық мөлшерін 70 пайызға жете­ғабыл деп мөлшерлеп отыр. Бұл ұлы дала төсі, әсіресе қазақтың Сарыарқасы қаңы­рап бос қалғандығынан хабардар етеді, болашақ сынақ алаңдарына – полигонға, космодромға, тың игеруге – ұлан-ғайыр жер босатылғанын, сол кез билігінің одан әрі ойына келгенін емін-еркін жүзе­ге асыруына ерекше мүмкіндік туғанын білдіреді. Төрт мың жыл ат жалында, түйе қомында көшіп-қонған дәстүрлі малшы қауымның аяқасты күштеп оты­рықшылық тірлікке ауыстырылуы, ай­дың-күннің аманында барынан айы­рылуы мен жаңаны игере алмауы, тек ма­териалдық емес, рухани, мәдени реп­рессияға ұшырауы – бұл ХХ ғасырдағы айтуға сөз жетпейтін әлемдік өркениет­те­гі сұмдық апат, халқымыздың басына төнген ақырзаман болатын. Оны ұмыту, еске алмау мүмкін бе?!.

− Қалай десек те, қызыл үкіметтің кесірінен қазақтар үлкен шығынға ұшы­рады. Бұл нәубетке тарихи әді­лет­тілік тұрғысынан қаншалықты әділ баға берілді?

− Біз биылғы 31 мамырды ерекше бір жағ­дайда қарсы алып отырғанымызды естен шығармауымыз керек. Бір жағынан еліміз бен ел ағаларымыз жер-жаһанды дүр­ліктірген пандемиямен алысып жат­са, екінші жағынан жалпыұлттық дең­гей­де сана сілкінісі, рухани жаңғыру жаңа деңгейде қолға алынды. Ел бас­шы­сының арнайы Жарлығы (№456, 20.11.2020 ж.) жарияланды, Мемлекеттік және басқа да комиссиялар құрылды, ау­­­­қымды іс-шаралар қолға алынды. Ес жиып, етек жапқан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ұлттық апаттың үлкен зар­даптарын, қаны сорғалаған ащы шын­дықтарды ашық айтуымызға, кінә-күнәларымызды мойындап, жуып-шаюымызға тура келіп отыр. Мың өліп, мың тірілген қазақтың шекаралар сөгі­ліп, айшылық жерден ауызды ашып-жұм­ғанша хабар алып, әлемді алақанға ор­натқандай ақпараттық жаңа заманда ұлы көштен қалып қоймау үшін де осын­дай күрделі, күрмеуі қиын шешім қабыл­данды.
Иә, «ештен кеш жақсы». Қазақ­стан­да мұндай шешуші шешімді бұдан 30 жыл бұрын да қабылдауға бо­ла­тын еді. Сіз еске салып отырған 1993 жылғы заңды кезінде қабылдағанымызға шүкір дедік. Коммунистік езгіден құ­ты­лып, социализмнің шапанынан шыққан ел­де қанша бостан болдық дегенімізбен бір кездердегі елдегі 46 млн бас мал-бай­лық­тан бірер жылда тып-типыл болып, 4-ақ млн қалғанын, оларды кім тартып ал­ғанын, кімнен тартып алынғанын ашық айта алмадық. Жиған-тергенінен айы­рылған Алаш баласының кебін киіп оқ­қа қарсы шапқаны, жанайқаймен жап­пай жан тапсырғаны, «бандит» атанғаны айтыл­мады. Тіптен тәулігіне 24 сағат, 365 күн ауыз жаппастан мадақталған ІІ Дү­ние­жүзілік соғыстағы жеңісіміз үшін қарусыз қанша қазақтың қан қасапқа түскені, танк пен пулеметке жалаң қы­лыш­пен сес көрсеткен қанша боздақтың ажал құшқаны, фашистік лагерлерде азап шеккені, су ішерлігі барларының қай­тып келіп түрмеде шіріп өлгені ай­тыл­мады. Міне, осы ұлттық трагедияның бар бет-бейнесін ашу, шаһидтердің атын атап, түсін түстеу, Құран бағыштау – біз­дің борышымыз.
Зұлымдығы жауыз Гитлерден ар­тып кетпесе, бір кемі жоқ Сталин өлген соң да, яки бұдан 60 жыл бұрын да біз­ге тарих көзіне тура қарап, бейшара тір­лігімізді мойындап, жазықсыз жапа шек­кен міскіндердің әруағын ардақ­тауы­мызға болар еді. Өкініштісі сол, «жы­лы­мық» жылдарында ашыла бастаған қа­занның қақпағын қайта жауып қойдық. Тап тартысын қоздатып, коммунизм құр­мақ болғандарды «ақтадық» та, ал олар­дың ой-пікірімен келіспегендерді ұмыт­тырып, «архив қойнауына» жібер­дік.
Осы орайда үнемі бір шындық ай­тылмай, көзтаса болып келеді. Мәскеудің зорлық-пәрменін, ЧК–ОГПУ–НКВД–КГБ сияқты қандықол арнайы қыз­меттерінің салған лаңын әрине еш­кім жоққа шығара алмайды, әйтсе де осы жазықсыз төгілген миллиондардың қан құнында ғана емес, Алаш арыстарының, басқа да дарынды тұлғалардың «ақтал­май», аты-жөндері ашыққа шықпай, тарих тұңғиығына одан әрі тұншық­тырыла түсуіне қазақ зиялыларының да қосқан «үлесі» аз емес. Білгіштер айтады, ешқашан шындық толымды, төрт құбы­ласы түгелденген тарих болмақ емес, уа­қыт-кезеңімен замана жарасы да жа­зылады дейді. Мемлекет мүддесі, халық бір­лігі үшін бұған объективті себеп­термен түсіністікпен қарау қажет дейді. Иә, тарих – төреші, тарих – емші. Тек адам ғұмырының қысқалығын, тарихи жад­тың да өшуі мен өсуі бар екенін ұмыт­пасақ болғаны.

− ХХ ғасырдағы қынадай қырыл­ған қазақ қасіретінен ұлт, мемлекет ретінде қандай сабақ алуымыз ке­рек?

− Жиырмасыншы ғасыр нәубет-зұл­мат­тарын зерттеушілер арасында тағы бір шешімін таппаған пікір таласы бар. Олар­дың басым көпшілігі ұзаққа созыл­ған қуғын-сүргін мен Ашаршылық та­қы­ры­бын ажыратып, бөлек-бөлек қарас­тыру­ды ұсынады. Біз оларды шерлі та­рихымыздың құрау-құрау беттері ре­тінде біртұтас тарихи құбылыс деп ба­ғалау жағында болсақ та, шынын айту ке­рек, Ашаршылық апаты Қуғын-сүргін та­қырыбының көлеңкесінде қалып келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Тарихи тұлғалардың аты аталып, шындық шы­мылдығы түрілетін репрессия кім-кімнің де қызығушылығын тудырады. Қазіргі аталмыш комиссия жұмыстары да қу­ғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды «ақ­тау», солардың сот материалдарын «құ­пия­­сыздандыру» бағытында жүріп жа­тыр. Біздің айтпағымыз, «уақыт – төреші» дегеніміздей, қуғын-сүргін құрбандары бүгін ақталсын, болмаса құпиясы ертеңгі күні жарыққа шықсын, әйтеуір бір сәті туған тұста шындық айтылады. Ең бастысы, біздің әлі күнге «жабық» ар­хив­терімізде оларға қатысты сот материал­дары баршылық, яғни құрбандардың аты-жөні, деректері хаттаулы тұр. Ол «істермен» танысқан құқық мамандары, зерттеушілер өз бағаларын бере жатпақ. Осыған дейін «құпия» саналып келген, көзтасада болған істер толық ашылған кез­де ғана біз елімізде жүргізілген ста­линдік қуғын-сүргін заманының барлық қоя­сын ақтарып, атылған, жер аударыл­ған және сотталған адамдардың толық санын білетін боламыз.
Ал бұдан ғасыр бұрын болып өт­кен Ашаршылық дауылы, 1932-33 жылдардағы ұлттық апат туралы бұлай дей алмас едік. Әрине, құжатсыз, де­рексіз тарих жетім, «құпия» архивтер­дің қойнына әлі талай сан-цифрларды бүркеп жатыр. Сөз жоқ, олар да ай­ты­лады, ашылады. Бірақ сол бір аласапыран замандарда арманда кеткендердің аты-жөндерін бас-басымен атау, есім-сой­ларын елеп-ескеру қиындық тудырып отыр. Бір уыс бидай мен таба нанға сатылған бала-шаға, «детдом» түлектері, артында ұрпағы қалмағандар қаншама?!. «Әр қазақ – менің жалғызым» десек, ұлты­мыздың 70 пайызы осы апатқа
шар­пылды десек, 3,5-4 млн құны сұрау­сыз Алаш баласының есім-сойын қалай анықтамақпыз? Біздіңше, бүгінгі таңда мәселенің мәселесі осында.
Жұртымыз аштықты да көрді, тоқтықты да көрді. Заман ауыс­ты, құлық-ниет өзгерді. Бастан кешкен ашаршылықты, ұлттық апатты еске алмайтын болдық. Қаншама жылдардан бері айтылып келе жатқан Ұлттық Аза күні бізде тұтылмайды. Мемлекеттік туымыз түсіріліп, әруақтарға Құран оқылмайды. Болашағын ойламайтын адам жоқ, десек те өткенге үңілуге, ата-баба шежіресін түгендеуге салғыртпыз. Мұсылман-христиан соғысы, орыс-украин қақтығысы, тәжік-өзбек дауы бәрі-бәрі бізді еріксіз алаңдатады. Бірақ та анау бір нәубетті жылдарда зәузаты­мыз­да қанша ошақтың оты өшті, әуле­тімізде қанша шаңырақ қирап, санымыз қаншаға азайды? Өркеніміз қиылып, қан­шама ет жақын туған-туыстан айырыл­дық?..
Осындай самсаған сан сұраққа жауап берер күн туды ағайын! Жа­­қында арнайы «Жоқтау.кз» порталы іс­ке қосылмақ. Мүмкін болса осы ақ­па­рат­тық платформада жоғалтқа­ны­мызды бір түгендеп көрелікші, ағайын. Әркім өткеніне үңіліп, ата-баба шежіресінен жібі үзіліп, тасы шашырап кеткен тас­биық­тай туған-туыстарын атап, түстеп, санамалап берсе, біз мүмкін өткен ғасырда қанша адамдық ресурсы­мызды жоғалтқанымызды бағалар едік. Шейіт кеткен құрбандардың есімін жаңғыртып, әруағын есіркер едік. Озған ел тарихын тасқа жазады, тозған ел жаспен жуады деп жатамыз. Тозбағанды­ғы­мыздың бел­гісіндей болып, озғанды­ғы­мызды көр­сетелік те, қанеки.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ес­ке алу күні жақындаған сайын қалта телефонымда тыным жоқ. Радио, теледидар тілшілері, өзіміздің газеттегі әріп­тестеріміз жарыса хабарласып жа­тыр. Бәріне ерекше бір елең етер жаңа­лық керек, адам шошырлық цифр-сан­дар, дене тітіркендірер факт-деректер керек. Ұлтымыздың санасы сілкініп, рухани жаңғыруымыз үшін, әрине, бұл сөзсіз қажет-ақ. Елдіктің белгісі ғой бұл… Еңсені басқан ауыр ойлар қиырды шар­лап, үлкендерден естіген әңгіме-есте­ліктерге бірте-бірте батып барамын. Өзімнің кәмпескеге ұшыраған, туған еліне жете алмай сүйектері жат елде (Ставропол өлкесі, Жоғары және Төменгі Басқұншақ қалаларында) қалған ата­ларымды, сандыққа көмген асыл мұра, діни кітаптары құмға айналған Қалпе атамды, соғыста неміс пен советке бірдей тұтқын болып, елмен араласа алмай, өмірі құсада өткен жамағайы­ным­ды, жүре­гіне шемен байланған жер­лес бауыр­­ларымды еске алып отырмын…

Back to top button