Жаңалықтар

Министр «Қалаулым» мен «QosLike» бағдарламаларын жабу туралы айтты

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Қалаулым» мен «QosLike» бағдарламалары туралы пікір айтты.

Бұл бағдарламаларға қатысты сұрақ министрге халыққа есеп беру кездесуінде қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

«Бұл енді айта-айта жауыр болған мәселе ғой. Десе де біздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кез келген бағдарламаны ұнамаса жауып тастауға құзыреті жоқ. Заң бар. Сіз айтып отырған бағдарламалардың барлығы жекеменшік БАҚ-тарда жүргізіліп жатыр. Бірақ қоғам наразылық танытқаннан кейін біз олармен сөйлесіп, нақты ұсыныстарымызды бердік», – деді Аида Балаева

Министрдің айтуынша мұндай бағдарламаларға қоғамның бір бөлігі наразылық білдірсе, екінші бөлігі үзбей тамашалап жатады.

«Бүгінде «Астарлы ақиқат», «Қалаулым» деген бағдарламалар рейтингтің көш басында тұр екен. Яғни оларға сұраныс бар. Халық көргеннен кейін БАҚ иесі ешқашан ол бағдарламаны жаппайды. Сондықтан біздің негізгі мақсат – министрлік пен БАҚ жұмылуымыз керек. Халықтың мәдениеті мен талғамын көтеру керек. Сол мәселелер жолға қойылса, халық ақ пен қараны айыра білсе, сондай бағдарламалардың рейтингі төмендейді», – дейді министр.

Back to top button