«Жеңгем менімен сырлас емес, бақталас»
Жеңгенің қадір-қасиетіне жетпесе, халық аузында «Айдап салдым жылқымды тепсең жерге, Сіздей адам табылмас ексем жерге» деп басталатын ән тумас еді ғой. А.Мекебаев пен Н.Тілендиев «Аралдағы жеңеше-ай» атты тамаша туынды жазбас па еді, кім білсін?! Әуелеген әнге оранған жыр жолдарын тыңдап отырсаңыз, көз алдыңызға ақкөңіл, кең жүректі, үлкен-кішіге қайырымды, мінезі жібектей, нәзік жанды жеңгелердің бейнесі келе қалады. Үй ішінің береке-бірлігін арттырып қана қоймай, бір ауылға, тіптен тұтас ұлтқа үлгі-өнеге бола білген, жүрегі жылы, жүзі жарқын жеңгелер неге азайды? Қайынсіңлісіне ақылшы, сенімді сырлас, қайныларына дос бола білген кешегі жеңгелердің ақ жолын жалғап жүрген келіндер бар ма? Қазақтың бойжеткен қыздарына осы сауалды көлденең тарттық. Жауаптың көбі көңіл қуанта қойған жоқ. Мәселен, Айнұр Артықбаева есімді студенттің айтуынша, жеңгелері оны өз сіңлісіндей көріп, жақын тартудың орнына үнемі бақталасып жүреді екен. «Үш жеңгем бар. Бірақ үшеуімен де емен жарқын сөйлесіп, сыр ақтарысқан емеспін. Анда-санда үлкен ағамның үйіне барғанда, ол үйдегі жеңгемнің әңгімесі «сабағың қалай?» дегеннен әрі аспайды. Балаларды қалдыратын адам керек болғанда ғана қайынсіңлісі есіне түседі. Тек екінші жеңгем ғана «Жігітің бар ма? Тұрмысқа шығу ойыңда жоқ па?» деп оңашада сұрастырып қояды. Ал үшінші жеңгем менен екі-ақ жас үлкен болғандықтан ба, мені бақталас санайтындай көрінеді. Оны өзімнен гөрі, киген киімім, таққан әшекейлерім, жаққан опа-далабым көбірек қызықтыра ма деп ойлаймын кейде. Әлия есімді құрбымның жалғыз жеңгесіне қызыға да қызғана қараймын. «Еркем, сұлуым» деп бәйек болады, тіпті Әлияны бір рет атымен атап қойғанда, жеңгесіне өкпелеп сөйлемей қойыпты. Сол құрбым жақында ұзатылды. Күйеу жігіт екеуін жеңгесі таныстырыпты. Келгеніне екі-ақ жыл болса да, күйеуінің туысқан інісімен өз сіңлісін табыстырып, қайын сіңлісін алыс ағайын туыстарына ұзатып жатыр. Қай жерге барса да «менің сұлу қайным бар, ақылды да, пысық қайынсіңлім бар» деп жарнама жасап жүреді. Құрбым да жеңгесіне сыйлықтар алып, «жеңеше» деп асты-үстіне түсіп жүреді. Мен де жеңгелеріммен солай жақын сырласқым келеді. Бірақ олар мені жақын тартқысы келмейді», – дейді Айнұр. Ал Кәмшат есімді ару жеңгесіне шаң жуытпады. «Жақын дейтін жалғыз жеңгем бар. Қалғандары – алыс туыстарымның жұбайлары, оларды жиын-тойларда ғана көремін. Өз жеңгем өте ақкөңіл жан, ағамның да, ата-анамның да көңілін тауып, үй шаруасын домалатып отыр. Өзі әңгімешіл, мінезі ашық. Ауылға барсам, асты-үстіме түсіп, бар жағдайымды жасайды. Бұрын оған бар сырымды ақтарып, көкейімдегіні жайып салатынмын. Қазір көп айта бермеймін. Оған көбіне үйден жырақта жүруім себеп болса керек. Жар таңдау, отбасын құру тақырыбын мүлдем қозғап көрмеппіз. Мені әлі жас деп ойлайтын секілді. Бірақ жасым 24-ке келді», – дейді ол. Жігіттер қауымының да жеңгелері жайлы пікірін тыңдадық. Қайрат есімді жас маман: «Жеңгеммен қалжыңымыз жарасады. Менің екі жеңгем бар. Біреуі өзіммен жасты, екіншісі менен төрт жас үлкен. Жеңгелерім қалжыңдап: «Қашан келін әкеліп, қолымызды ұзартасың?» деп тиісіп отырады. Бірақ, бұрынғының жеңгелері секілді қызбен таныстырып көрмепті. Қазір ондай пысық жеңгелер аз сияқты. Бір жағынан таныстырған қызды жақтыра ма, жақтырмай ма деп ойлайтын болар. Әйтпесе, жеңгелерім қайнымызға жақсы қыз жолықса екен деп тілеуімді тілеп отыратын тілекшілерім. Бұйырған кетпес дейді ғой, менің де бағыма туған бір ару бар шығар», – деп ағынан жарылды.«Бүгінгі жастар төзімсіз әрі міншіл»
Статистика мәліметтеріне көз жіберсек, Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттердің саны 4 миллион 616 мың екен. Олардың 2 миллион 337 мыңы – ер балалар болса, 2 миллион 279 мыңы – қыздар. Соңғы деректер бойынша Қазақстанда 18 бен 35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған 700 мың қыз бен 300 мың сүрбойдақ бар. Кәрі қыздар мен сүр бойдақтар санының көбею себебін көпті көрген кісілерден сұрасаң, барлығы дерлік жастар арасын дәнекерлеп жүретін, оң-солын танып үлгермеген қыз-жігіттерге жақсы жар таңдауға көмектесетін жеңгелердің азайғанын алға тартады. Жеңге деген қадірлі атқа ие болып жүрген қазақтың бүгінгі келіндері бұған не дейді? Біз сөзге тартқан келіншектердің көпшілігі қайынсіңлісін жігітпен, қайнысын қызбен таныстырудан қорқатындарын айтты. Соның бірі – Сыр өңірінің Қаламқас есімді келіні. «Мен үлкен әулеттің келінімін. Туған екі қайным, үш қайынсіңлім бар. Туысқан қайныларым мен қайын сіңілілерім де көп. Шынын айтсам, ешқайсысына ат қойып, еркелетіп көрмеппін. Қазір заман басқа ғой. Қазақта ат тергеу деген салт барын олар біле бермейді. Ал жастардың жар таңдауына мүлдем араласпаған дұрыс деп есептеймін. Қайынсіңлілерімнен кездесіп жүрген жігіттері жайлы сұрастырып отырамын. Адамды қанша жақсы танысам да, мына жігіт жақсы, анау жаман деп кесіп-пішіп ештеңе айтқан емеспін. Өзім себепкер болып біреумен таныстыру тіпті ойымда жоқ. Ертеңгі күні таныстырып, табыстырып қойып, сосын олар отбасы болып кете алмаса, ата-енем мен күйеуім менің бетіме баспай ма?! Одан да тыныш жүрген артық деп ойлаймын», – дейді Қаламқас. Алматы облысындағы үлкен бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Айгүл есімді келіншектің де пікірі осыған саяды. «Жасы 27-ге келген бойдақ қайнымды бір-екі рет ұжымымдағы жақсы қыздармен таныстырдым. Бірақ күйеуім шаруаң болмасын деп ұрсып тастаған соң, қазір ондай іске араласпаймын. Оның үстіне, бұл қылығымды енем де жақтыра қойған жоқ. Қазіргі жастарға ештеңе ұнамайды ғой. Болашақ жарға қояр талаптары ұзын-сонар. Қыздар сымбатты әрі қалталы жігіт іздейді. Жігіттер қауымы қыздың дене бітімінен бастап, шыққан тегі, оқыған-тоқығаны, қолынан келетін ісіне қарайды. Негізінен әркімнің өз теңін өзі тапқаны дұрыс. Бұрынғыдай достары, жеңгелері таныстырған адаммен бір-екі рет кездесіп, шаңырақ көтеретін жастар қазір жоқ. Бір емес, бірнешеуімен кездесіп, талғап-таңдайды. Сөйлесіп жүрген адамының болмашы бір кемшілігін байқаса, теріс айналып жүре беретіндер көп. Өз қайынсіңлілеріме қарап отырып бүгінгі жастардың төзімсіз әрі міншіл болып бара жатқанын аңғарамын. Сондықтан оларға күйеу іздемек түгілі, болашақ күйеубалаларымды аяймын», – дейді Айгүл.Жеңгетайлық жолы осы деп...
Қорқыт атамыз әйелдің төрт түрі (салақ әйел, ынсапсыз әйел, үйдің құты болатын әйел, адам тілін алмайтын кесір әйел) болатынын айтып кеткен. Демек, жеңгелер де өскен ортасына, өмірден көрген-түйгеніне байланысты сан алуан болып келетіні шындық. Бүгінгі күні жастарды жарастыру, оларға тәлім-тәрбие берудің орнына теріс жолға итермелейтін, жас қыздардың тәнін саудалауға, жеңіл жүріске итермелеп, сол арқылы нәпақа табатын «жеңгетайлардың» көбейгені көз көріп, құлақ естіп отырған шындық. Материалдық игілік бірінші орынға шыққандықтан ақшаны ардан жоғары қоятындар бар. Әкесіндей адамның қойнына он екіде бір гүлі ашылмаған қызды салып беретін жеңгелер туралы не айтуға болады?! Мәселен, шілде айында Алматы қалалық ІІД қызметкерлері жезөкшелер ордасына айналған қонақүйдің әкімшілігін әшкереледі. «Айнабұлақ» шағын ауданында орналасқан қонақүйлердің бірінде тән саудасымен екі әйел мен екі еркек айналысып келген. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 32 және 45 жастағы екі әйел мен 1985 және 1986 жылы туған екі ер азамат, сондай-ақ, 10 жеңіл жүрісті бикеш тұтқындалды. Күдіктілерден 177 мың теңге тәркіленді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл – тән саудасынан түскен табыс. Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және «жеңгетайлық» бойынша (ҚР ҚК 309-бабы) – 22 дерек, жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша (ҚР ҚК 308-бабы) – 14 дерек, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша (ҚР ҚК 134-бабы) – 4 дерек тіркелген. Оңтүстік Қазақстан облысында да қыздарды жеңіл жүріске итермелейтін «жеңгетайлар» көбейіп барады. Биылғы жылдың маусым айында өңірде жүргізілген «Стоп-траффик» рейдтік шарасы барысында жергілікті полицейлер 6 «жеңгетайлық» жайтын анықтап, 15 жеңіл жүрісті әйелді есепке алды. Арсыз ісі әшкере болғандардың бірі – Шымкенттегі сауналардың бірінде тұтынушыларға интим қызмет көрсету үшін жеңіл жүрісті қыздардан 2 мың теңге көлемінде сыйақы алған сауна әкімшісі. Оның үстінен қылмысты кодекстің 309-бабымен (жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және «жеңгетайлық» іс қозғалды. Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті өкілдерінің мәліметінше, полицейлер жыл басынан бері осы салаға қатысты 36 қылмысты тіркеген. Олардың ішінде адам саудасы бойынша — 4 жайт, кәмелетке толмағандардың саудасы – 2 жайт, 3 адам ұрлығы, 3 заңсыз бас бостандығынан айыру жайты, 4 жезөкшелік ісіне тарту, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды жезөкшелік ісіне тарту бойынша 1 жайт тіркелген. Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру бойынша 20 жайт анықтады. Бұл сорақылықтың негізгі себептерінің бірі – қыз бала тәрбиесінің ақсауы. «Қызға қырық үйден тыйым» салған қазақтың темірдей қатал тәрбие мектебінің керегесі сөгіліп, шаңырағы шайқалғаны қынжылтады. Ардан безген қыздар үшін жауапкершіліктің бір ұшы жеңгелерге келіп тірелетіні сөзсіз. Өйткені бойжеткен әке-шешеге айта алмаған сырды жеңгеге жеткізеді. Ата-ананың қызға тіке айтуға бата алмаған ескертуін де жеңге түсіндіреді. Қыз бала тәрбиесінің басы-қасында жүріп, сүйген жігіті мен екі арадағы әдепті қарым-қатынастың өрбуіне де себепкер болатын – жеңгелер. Сондықтан асыл жеңешелеріміздің қадірі кемімесе екен.Анар ЛЕПЕСОВА