«Үлкен сабақ болды»: Құралаймен суретке түскен актриса өкінетінін айтты

Актриса Альмира Тұрсын фотосессияға байланысты жанжалдан кейін сабақ алғанын айтты. Ол киіктің проблемасына қоғамның назарын аударғысы келгенін түсіндірді, деп хабарлайды NUR.KZ.

«Бұл тек сурет емес, үлкен сабақ болды! Осы күндері мен қатты уайымдадым. Досым, кәсіби фотограф Оспан Әлидің «Men qazaq dalasynyn qyzymyn» жобасына қолдау көрсеткім (ерікті және ақысыз) келді. Басқа ниетім болған жоқ. Жобаның мақсаты – әйел бейнесі арқылы біздің табиғатымыздың алуан түрлілігін көрсету, қоғамның өзекті мәселелерін көтеру. Киік Қазақстанның Қызыл кітабына кірмеген, бірақ қазір аулауға толық тыйым салынған аң түріне жатады.

Біз ерекше жануармен жұмыс істегелі жатқанымызды түсіндік. Сондықтан біз дайындалдық, кеңес алдық, рұқсат алдық, өз жұмысымызды ережелерге сәйкес, инспекторлардың қатаң басшылығымен орындадық. Бірақ, өзгелерді сақтандырғымыз келген қақпанға өзіміз түсіп қалдық», – деді актриса.

Актриса жануар туралы жеткілікті түрде білмегенін, сондықтан да өкінетінін айтты.

«Қорытынды жасап,  үлкен сабақ алдым, табиғатқа, жануарлар мен өсімдіктерге ұқыпты қарау туралы көп нәрсені білгім келеді. Жабайы табиғатты қорғауды,  насихаттауды үйренгім келеді», – деді Альмира Тұрсын.

Back to top button