ЭКСПО-2017: Канада да қатысуға ниетті
ЭКСПО-2017: Канада да қатысуға ниетті
Астана қаласында «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара мәдени-экономикалық ықпалдастық платформасы аясындағы қарым-қатынасының және олардың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуының перспективасы» атты баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға G-Global Халықаралық хатшылығының жетекшісі Мұрат Қарымсақов, Қытайдың «New EuroAsia Group» холдингінің бас директоры Сунь Ли және «Коалиция «жасыл» экономика және G-Global-дың дамуы үшін» заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының басшысы Салтанат Рахымбекова қатысты. Баспасөз мәслихатында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдени-экономикалық ықпалдастығы платформасы аясында бірнеше міндет тұрғандығы сөз болды. Мәслихатқа қатысушылардың сөзіне сүйенсек, ұйымға мүше мемлекеттер өзара тиімді және достық пен сенімге негізделген келісімшарттарға сүйенеді.
Баспасөз мәслихаты шеңберінде G-Global Халықаралық хатшылығының, «New EurоAsia Group» холдингі мен «Коалиция «жасыл» экономика және G-Global-дың дамуы үшін» заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Меморандум үш тараптың серіктестік қарым-қатынасын нығайтуға, олардың ықпалдастығының өзара тиімді болуына кепіл болмақ. Құжатқа қол қою кезінде тараптар 2017 жылы елордада өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында Инновациялық және әйелдер бизнес-форумдарын, келесі жылдың 5-15 маусымына жоспарланған өзге де маңызды шараларды ұйымдастыру туралы да келісімге келді. Аталмыш шараларды ұйымдастыру әлемнің және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің инновациялық әлеуетін айқындап, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саясаты, экономикасы мен мәдениетін бір жүйеге біріктіруге жол ашылады.
«Дипломат» қонақүйінде өткен баспасөз мәслихатын қорытындылаған қатысушылар ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін инновациялық «жасыл» қорды қалыптастыру және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің «жасыл» технологиялар аясында құрылған технопарктерінің әлеуетін пайдалану, ШЫҰ елдері қалаларының инновациялық желісі мен ШЫҰ-ның бұқаралық ақпарат құралдары одағын құру туралы ойларын ортаға салды.
Қазіргі уақытта ЭКСПО көрмесіне қатысушы елдерді нақтылау жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы орайда, таяуда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рəпіл Жошыбаев Канадаға іссапармен барып қайтқан. Сапар аясында Рәпіл Жошыбаев Канаданың ресми тұлғаларымен және іскер топтардың өкілдерімен кездесті. Алғашқы кездесулердің бірі Оттавада Канада Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Ли Сартимен өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы байланысты дамыту, визалық режімді жеңілдету, Канада компанияларының ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мәселелері талқыланды. Бұған дейін Қытайда өткен G20 саммиті кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Канада премьер-министрі Джеймс Трюдо кездескен болатын. Канадаға сапары барысында ЭКСПО көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев аталмыш кездесудің маңыздылығына тоқталып өтті. Көрме комиссары ЭКСПО-2017 көрмесінде канадалық компанияның қатысуы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік беретіндігін айтты. Ал Канада Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Ли Сарти Қазақстанның 2017 жылы ЭКСПО көрмесін жоғары деңгейде өткізетініне сенім білдірген.
Көрме комиссары Канаданың іскерлік астанасы Торонто қаласында өткен мамандандырылған дөңгелек үстелге қатысты. Сондай-ақ, Рәпіл Жошыбаев «Қазақстан және Канада. ЭКСПО-2017 аясында Еуразиядағы канадалық іскерлік қауымдастық пен «Қазақстан-Канада» Іскерлік Кеңесі ұйымдастырған ынтымақтастықтың мүмкіндіктері» атты бизнес мәслихатқа қатысып, сөз сөйледі. Аталмыш шараға Канаданың белгілі «Cameco Corporation» «Uranium one», «Phoenix Geophysics», «Minas Energy», «Gowling WLG» жəне тағы басқа компанияларының топ-менеджерлері қатысты. Мұнда ЭКСПО-ға дайындық мәселелері сөз болып, канадалық тараптың халықаралық көрмеге қатысу мүмкіндіктері сарапқа салынды. Нәтижесінде Канаданың бизнес қауымдастықтары «Болашақтың энергиясы» деп аталатын мамандандырылған көрмеге қатысуға ниет білдірді. Канадалық тараптың сөзіне сенсек, Астана қаласында өтетін көрме Канада компанияларына әлемге аталған саладағы жетекші тəжірибелерін, жаңа технологиялары мен орнықты даму мүмкіндіктерін көрсетуге, «жасыл экономика» мен қоршаған ортаны қорғау салаларында озық жетістіктерін жария етуге кең жол ашады. Негізінен Канадада шамамен 80 пайыз электр баламалы көздер есебінен өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша Канада «G-7» мемлекеттері арасында бірінші орынға шығып отыр. Сондықтан, елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің негізгі тақырыбы канадалықтарға өте жақын. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме комиссары Рәпіл Жошыбаевтың сапарындағы келіссөздердің қорытындысы бойынша көптеген канадалық компаниялар Астана қаласында өтетін көрмеге қатысуға дайын екендіктерін жеткізді. Айта кетейік, Канада елі экологиялық таза энергия саласын дамытуға бөлінетін инвестиция көлемін 5 есеге дейін арттыруды көздеп отыр. Канада 2050 жылға дейін энергияның жаңғыртылмалы көздерін пайдалануға толық көшуді жоспарлап қойған.
Бүгінде «Cameco Corporation» компаниясы «ҚазАтомӨнеркəсіп» компаниясы Іскерлік кеңесі ЭКСПО алаңында уран индустриясы саласында жаңа технологияларды дамытуға арналған мамандандырылған павильон құру жұмыстарымен айналысуда.
Сонымен қатар, халықаралық көрме аясында «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесінің кезекті мәжілісін өткізу туралы келісімге келді. Сапар барысында Рәпіл Жошыбаев Канаданың ірі туристік компаниялары үшін ұйымдастырылған ЭКСПО-2017 роуд-шоуына қатысты. Мұнда туризм саласында тәжірибе алмасу мүмкіндігі, Канаданың туроператорларын ынтымақтастыққа шақыру мəселелері талқыға салынып, ЭКСПО көрмесіне туристер тарту мәселесі де сөз болды. Туристік компаниялардың басшылары ЭКСПО көрмесінің алаңында жұмыс істейтін əлемге белгілі шығармашылық ұжымдар арасында Канаданың Дю Солей циркі болатынына қуанышты екендерін жеткізді.
Канаданың халықаралық көрмелер өткізу бойынша тәжірибесі мол. Монреальда өткен ЭКСПО-1967 əмбебап көрмесі мен Ванкуверде ұйымдастырылған ЭКСПО-1986 мамандандырылған көрмесі осының дәлелі.
Әсел ӘНУАРБЕК