«Үздік педагог»: ауыл мұғалімі 800 мың теңге сыйақы алды

«Үздік педагог»: ауыл мұғалімі 800 мың теңге сыйақы алды

«Үздік педагог»: ауыл мұғалімі 800 мың теңге сыйақы алды
ашық дереккөзі
Ақмола облысында «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы 800 мың теңгенің сыйақысына ие болды. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, педагог кәсібінің мәртебесін арттыру және кәсіби қызметте жоғары жетістіктері бар шығармашыл педагогтерге сыйақы беру мақсатында Ақмола облысының бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері арасында «Үздік педагог» сырттай байқауының облыстық кезеңі өткізілді. Шығармашылық сайысқа бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарының 21 педагогы қатысты. Байқауға қатысу үшін педагогтер келесі конкурстық материалдарды ұсынды: «Менің жүрегімдегі мектеп» бейнеролик, бейнесабақ, эссе, портфолио. Байқау қорытындысы бойынша бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері арасында «Үздік педагог» атағы және 875 100 теңге ақшалай сыйақы Жақсы ауылындағы №1 жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Қасқаеваға берілді. «Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Алдымен аудандық деңгейде гран-при жеңіп алдым. Менің жұмысым облысқа жіберілді. Әрине, жеңіс мен үшін тосынсый болды! Өйткені, мен аудандық мектепті таныстырдым және байқауға облыстың барлық мектептері, соның ішінде қалалық мектептер қатысатынын түсіндім. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!» – деді жеңімпаз. Жақсы ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектепте Ләззат Қасқаева 2002 жылдан бері 19 жылдай еңбек етіп келеді. Дәл сол кезде ол жұбайымен бірге Солтүстік өңірге Алматыдан көшіп келген. Қазір мектепте ол қазақ тілінен сабақ беріп қана қоймай, тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші болып жұмыс істейді. Сонымен бірге, байқауда 20 қатысушы Ақмола облысы білім басқармасы басшысының грамоталарымен марапатталды.